«Үздік сынып жетекші» байқауының жеңімпазы: Ұстаздық – қиындығы мен қызығы қатар сала

11 Қазан, 14:47 1389

Білім саласында ұстаздың рөлі өте маңызды. Ұстаз тек білім беруші ғана емес, оқушылардың жеке тұлға ретінде қалыптасуына, болашақтағы жетістіктеріне әсер ететін негізгі тұлға. Жалпы оқушының өміріндегі ұстаздың рөлін әртүрлі сипатқа ие. Сондықтан елімізде ұстазға деген құрмет қашан да жоғары.  

Биыл елімізде ұстаздар күні қарсаңында «Үздык сынып жетекші» республикалық байқауы өтті. Байқауға Қазақстанның ең үздік деген 5 мыңға жуық сынып жетекшілері қатысты. Нәтижесінде «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанған – Тимур Шаймаханов. Ол Астана қаласындағы № 35 мектеп-гимназиясының география пәні мұғалімі әрі сынып жетекші.  El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі республикадағы үздік сынып жетекші атанған маманмен тілдесіп, ұстаздық қызметтің қыр-сырын сұрады.

El.kz: Жақында «Үздік сынып жетекші» республикалық байқауының жеңімпазы атандыңыз. Марапатыңыз құтты болсын! Үздік сынып жетекші атанғанда қандай сезімде болдыңыз? 

Тимур Шаймаханов: Бұл сезімдерді сөзбен жеткізу қиын. Ең бастысы –еңбегіңнің әділ бағаланғанына деген қуанышым деп айтар едім.

El.kz: Жалпы байқау шарттары сіз үшін қаншалықты қиын болды? Өзіңізді қай қырыңыздан ерекше көрсете алдым деп ойлайсыз?

Тимур Шаймаханов: Байқауға 5000-нан астам мектеп және колледждердің сынып жетекшілері қатысты. Республикалық кезеңге шамамен 100 мұғалім іріктеліп өтті. Байқау бірнеше деңгейден тұрды. Алдымен мектептік деңгейде портфолио жинап, қалалық кезеңге өттім. Қалалық кезеңде бірінші орын алу мен үшін үлкен жетістік болды, себебі астанада жоғары рейтингі бар мектептер көп. Республикалық кезеңде өзін-өзі таныстыру, педагогикалық жағдайларды талдау және «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы бойынша жоба сияқты үш бөлімнен тұрды. Менің жобам цифрлық және медиасауаттылық, киберқауіпсіздік, кибербуллинг, жалған ақпарат және өшпенділік тіліне байланысты болды. Жоба идеясы маған осы жазда Қырғызстандағы цифрлық және медиасауаттылық лагерьіне қатысқан кезде келді.

El.kz: Жалпы білім саласындағы жолыңыз қашан басталды?

Тимур Шаймаханов: Бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істедім. Алғашқы мамандығым – педагог, екінші мамандығым – заңгер. Мемлекеттік қызметте жүргенде үнемі мұғалімдік туралы ойланатынмын. Бір күні мамандығымды өзгертуге шешім қабылдадым, содан бері бұл таңдауыма еш өкінген емеспін. Бүгінде мұғалім болып жүргеніме бес жыл болды, және өзімді қоғамға пайда тигізіп, әлемді жақсартуға үлес қосып жүргенімді сезінемін.

El.kz: Сіз сынып жетекшісі ретінде қандай басты қағидаттарға сүйенесіз? Оқушылардың тәртібі мен ынтасын қалай қалыптастырасыз?

Тимур Шаймаханов: Ең алдымен, оқушыларды тыңдап, олардың қажеттіліктерін ескеру қажет. Әр оқушы – жеке тұлға және әрқайсысына жеке көзқарас керек. Кейде оқушының досы болып, ол сізбен өз өміріндегі жақсы да, жаман да жаңалықтарымен бөліседі. Бұл сенім – өте құнды.

Менің жұмысымда бастысы – заңдар, мектеп ережелері мен кодекстер, бірақ ең маңыздысы – білім мен құндылықтар. Білім беру арқылы біз балаларға құндылықтарды да үйретеміз. Мотивация білімнен бастау алады. Қиын немесе қақтығыстық жағдайларда, өзім шеше алмасам, әріптестерімнен кеңес сұраймын.

El.kz: Мектепте оқушылардың басынан түрле өтпелі кезеңдер болып жатады. Қиындықтарға тап болған оқушыларға қалай көмектесесіз? Жеке қолдау көрсету әдістеріңіз бар ма?

Тимур Шаймаханов: Мен әрдайым оқушыларға ашықпын, олар мұғалімнің қамқорлығын сезінуі тиіс. Мысалы, бір оқушым спорт секциясына барғысы келмейтінін, ата-анасы оны мәжбүрлейтінін айтты. Мен оның басқа салада таланты бар екенін байқап, осы мәселені шешуге тырыстым. Мұндай жағдайлар үшін әмбебап шешім жоқ, әрқайсысына жеке көзқарас қажет, және ең бастысы — ешкімге зиян келтірмеу.

El.kz: Ата-аналармен жұмыс істеудегі тәжірибеңіз қандай? Олардың балалардың оқу процесіне қатысуын қалай қамтамасыз етесіз?

Тимур Шаймаханов: Қазіргі уақытта ата-аналар мектеп өміріне белсенді түрде қатыспайды, бірақ мен оларды мектеп іс-шараларына тартуға тырысамын. Ата-аналардың қатысуы маңызды, өйткені олар мектеп қауымдастығының бір бөлігіне айналып, бұл балалардың білім алуына оң әсер етеді.

El.kz: Сіз жетекшілік еткен сыныптағы ерекше жетістіктер қандай? Мысалы сыныптың жетістіктері немесе жобалары?

Тимур Шаймаханов: Ең маңызды жетістік – олардың ойлау қабілетінің жастарына сай келмейтін жоғары деңгейі. Мен оларды биік өмірлік мақсаттарға ұмтылатын, үлкен рухани құндылықтары бар тұлға ретінде тәрбиелеуге тырысамын. Жетістіктерді байқаулар арқылы бағаламаймын, мен үшін ең маңыздысы – олардың қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігі мен өмірге көзқарастары.

El.kz: Өзіңіздің кәсіби дамуыңыз үшін қандай қадамдар жасайсыз? Жаңа әдістерді үйрену немесе тәжірибеңізді арттыру үшін қандай шаралар қолданасыз?

Тимур Шаймаханов: Мен сабақ зерттеуі және іс-қимыл зерттеуі сияқты әдістерді қолданамын, бұл маған кәсіби тұрғыдан өсуге көмектеседі. Жақында мен Нидерландта өткен WALS-2023 және Кипрдегі ECER-2024 халықаралық конференцияларына қатысып, үлкен тәжірибе жинадым. Сонымен қатар, біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, академиялық әдебиеттерді оқып отырамын. Сонымен қатар, «SHARE – білім беру саласындағы тәжірибелерді зерттейтін мектеп хабы» жобасының мектеп координаторымын. Кейде білім беру саласында еріктілікпен де айналысамын.

El.kz: Сіз үшін сынып жетекші болудың ең қиын және ең қызықты сәттері қандай?

Тимур Шаймаханов: Ұстаздық қызмет қиындығы мен қызығына толы сала. Сондықтан маманның алдынан түрлі қиындықтар мен қызықты оқиғалары кездесіп отыратыны жасырын емес. Дегенмен де мені үшін ең қиын сәттердің бірі – ата-аналар мәселенің мәнін түсінбей, бірден шағымдана бастағанда. Ата-аналар балаларының жанында әрдайым бола алмайды, сондықтан олар дербестік пен жауапкершілікті үйренуі қажет. Бірақ ата-аналардан алғыс алып жататын кездеріміз де аз емес. Бұның өзі бір бақыт. Оқушылармен жақын дос болып, сырласудың өзі бір ғанибет. Ұстаздық өмірдің қызығы мен шыжығы да осы.

El.kz: Сынып жетекші болу мен жалпы білім берудегі өз тәжірибеңізден алған ең маңызды сабақ қандай?

Тимур Баймаханов: Қазіргі заманда пәндік білім берумен қатар өмірге қажетті құзыреттіліктерді дамыту да маңызды. Өз кәсібіңе деген махаббатты жоғалтпау және күйіп кетпеу үшін екі нәрсе қажет екенін түсіндім: балаларға және өз пәніңе деген сүйіспеншілік – қалғанының бәрі өз орнына келеді.

Миражан Махан
Бөлісу: