«Үздік педагог-2022» байқауында 64 мұғалім жеңімпаз атанды

18 Қараша 2022, 16:23 3409

Жеңімпаз атанған әр ұстазға 3 млн теңгенің сертификаты берілді

Елордада «Үздік педагог-2022» республикалық байқауында жеңімпаз атанған 64 мұғалім марапатталды, деп хабарлайды El.kz

Салтанатты марапаттау рәсімінде ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мектептер мен колледждердің үздік мұғалімдеріне ақшалай сертификаттар мен төсбелгілерді табыс етті. 

«Бүгін жыл сайын өтетін «Үздік педагог-2022» байқауының қорытындысын шығардық. Бұл педагогтеріміз үшін өте маңызды оқиға. Себебі, бұл оларды әріптестерінің де мойындауы саналады. Биыл байқаудың бірқатар ерекшелігі болды. Біріншіден, бұрын конкурсқа қатысушы туралы шешімді мектеп директоры қабылдайтын. Яғни, мектеп кандидатты ұсынып, одан кейін білім беру бөлімдері деңгейінде іріктеу өтетін. Ендігі уақытта әр педагог өз кандидатурасын ұсына алады. Екіншіден, әріптестеріміз өтінімдерінің қандай кезеңде тұрғанын, қанша балл алғанын қадағалау мүмкіндігін алып отыр», - деді Асхат Аймағамбетов.

Оның дерегінше, биыл байқауға 5,5 мың педагог өтінім берген.

«Әріптестеріміздің барлығы республикалық кезеңге өткенімен олардың ішінен ең үздік 120 педагог іріктеп алынды. Олар елордаға келіп, өздерінің ашық сабақтарын көрсетті. Соның қорытындысында жетекші әдіскерлеріміз ең үздіктерге дауыс берді. Олар – 64 педагог», - деді министр.

EL.KZ
Бөлісу: