«Ұзақ күткен кездесу». 80 жылдан кейін Отанына оралған сарбаздар

9 Мамыр 2023, 12:43 1474

Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде жүздеген мың сарбаз хабар-ошарсыз кетті. Олардың қатарында біздің ата-бабаларымыз да бар. Бүгінгі таңда соғыстан қайтып оралмай, із-түссіз кеткен сарбазды тауып олардың сүйегін елге қайтаратын Atamnyn Amanaty  қоғамдық бірлестігі жұмыс істейді. 

Бірлестік 2019 жылы өз жұмысын бастағалы 14 әскери сарбаздың сүйегін Ресейден туған жерге оралған. Бүгінде хабарсыз кеткен атасын іздеп 6000-нан астам адам өтініш хат жолдаған. Соның 2200-ден астамының жерленген жері анықталып, сарбаздар туралы деректер табылған. Осындай үлкен жауапты істі 8 іздестіруші маман ғана қолға алып отыр.

Зұлмат соғыста болашақ ұрпағы үшін күрескен жауынгерлер Отанына 80 жыл өткен соң қайта оралды. Әкесі еміс-еміс есінде қалған Мәдениет Қаменқызы да осы орталық арқылы әкесінің сүйегін елге қайтарған. Әкесі соғысқа аттанғанда Мәдениет әжей небәрі 3 жаста болған екен. Арада 80 жыл өтсе де әкесі туралы ыстық естеліктерді ұмытпаған.

Қамен Жұманұлы 1942 жылы Ресейдің Державинский қаласындағы шайқаста қаза тапқан. Соғысқа кеткенде жасы 35-36 шамасында болған. Жұмановтар әулетінен 7 ағайынды болып соғысқа аттанған. Дегенмен бірде біреуі отанына оралмай, хабар-ошарсыз кеткен.

Мәдениет Қаменқызы – 83 жаста. Бүгінде 10 баланың анасы. Әкесінің туып өскен жері Қорғалжын ауданы. Кішкентай кезінен бастап әжесінің қолында өскен. Ал анасы соғыс кезінде шаруашылықта еңбек еткен.

2021 жылдың мамыр айында Қамен Жұманұлының сүйегі туған жері Қорғалжында жерленді. Онымен бірге табылған Төлеубай Жұмабекұлы мен тағы бір белгісіз сарбаздың сүйегі қатар жерленген.

Қамен Жұманұлының ауылдасы Төлеубай Жұмабекұлы да 1942 жылы соғысқа аттанып, қайта оралмаған.

Төлеубай Жұмабекұлы 1909 жылы Қорғалжын ауданында дүниеге келген. 114-ші жеке атқыштар бригадасының қызыл әскер қатарында соғысқа аттанған.  Сарбаздың туыстары ұсынған мәліметке сүйенсек, 1942 жылы Қорғалжын ауылынан 10 адам соғысқа аттанған. Дегенмен олар зұлмат соғыстан қайтып келмеген.

Сарбаздың туысы Бағдат Рысмағанбетова Төлеубай Жұманұлы туралы ақпаратты, оның табылғанын ең алдымен телеарнадағы жаңалықтардан көргенін айтады. Сарбаздың тегі таныс болғандықтан үйдегі құжаттарды ақтарып әжесі туралы сақталған қағаздардың бірінен сарбаздың есімін көзі шалады. Осылайша, ойламаған жерден өзінің арғы аталарының бірін тапқан.

Атам туралы ақпаратты 2021 жылы көктем кезінде телеарнадағы бағдарламадан ең алғаш сюжет көрген едік. Бірақ ол кезде аса мән бере қоймадық. Араға бір жұма салып, менің есіме әжемнің аты-жөні жазылған құлпытасы есіме кенеттен түсті. Онда Шайза Жұмабекқызы деп жазылған. Көңіл аударуға себепкер осы жайт болды. Әжеміз інім соғыстан оралған жоқ деп үнемі айтып отыратын, - дейді туысы Бағдат Рысмағанбетова.

Сарбаз Төлеубай Жұманұлы Калининск облысы Ржев ауданы Белькова ауылына соғысқа аттанған. 1942 жылы тамыз айында қайтыс болған. Бүгінде батырға лайық Ресейдің әскери-патриоттық бірлестігінен №1154 шешімімен «Шагнувши в бесмертие» медалі берілген екен. Жұмабеков Төлеубай соғысқа дейін отбасын құрмаған. Артында ұрпағы қалмаған.

Жұмабек Төлеубай Бағдат Рысмағанбетованың әкесінің нағашы ағасы болып келеді.

Атамыздың сүйегі табылған кезде қатты қуандық. Барлығына беріле бермейтін мүмкіндік. Ресейдің «Пионер» іздестріу тобы мен еліміздің Қорғаныс министрлігінің қолдауымен салтанатты түрде Астана қаласында сүйегі тапсырылды. Ол күндер де тарихтың беттерінде қалады деп сенемін, - деп өз әсерімен де бөлісті.

Бүгінде Ресейдің Ржевский өңірінде табылған үш сарбаздың сүйегі бірге жерленген. Әулеттері өзара келісіп, бірге табылған сарбаздарды бірге жерлеген абзал деп шешкен. Бүгінде сарбаздардың басына әулет мүшелері ғана емес, барша аудан тұрғындары жиналып, Құран бағыштайды.

Қазақта «бірге тумақ болса да, бірге өлмек жоқ» дейтін сөз бар. Ал біздің аталарымыз майданға бірге аттанып, жаумен шайқаста бір жерде қаза тапқан, 80 жылдай уақытта сүйектерін бөлмей, бірге жерледі. Бұндай оқиға адамзат тарихында көп кездесе бермейді. Ғасырдай ұзақ уақытта сүйектерінің елге жерленуі - туған жер топырағының киесі болса керек... Аталарымызға ескерткіш орнаттық, Құран бағыштап арнайы ас берілді. Аталарымыздың жарқын бейнесі, өшпес ерлігі біздердің, барлық ұрпа қтарының есімізде мәңгі сақталады, ұмытылмайды. Аталар рухына мың тағзым!, - деп Бағдат Рысмағанбетова өз сөзін түйіндеді.

 

Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан

Миражан Махан
Бөлісу: