Үйретілген иттер бес мыңнан астам иісті ажырата алады – кинолог

23 Маусым, 11:00 2046

23 маусым – полиция қызметкерлерінің күні. Елімізде 22 кинологиялық орталық болса, соның бірі – Астана қаласы полиция департаментінің кинологиялық қызмет орталығы. Атаулы мерекеде итті жанына серік еткен кинолог маманның қызметімен жақынырақ танысуды жөн көрдік. El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі қиындығы мен қызығы қатар жүретін бұл мамандық иесін сөзге тартып, итті қалай үйрететінін, қылмыстың бетін ашуға қалай дайындайтынын біліп қайтты.

Астана қаласы полиция департаментінің кинологиялық қызмет орталығы бастығының орынбасары, полиция майоры Рауан Дәулетов бұл қызметке 2009 жылы келгенін айтты.

©El.kz/Арман Мухатов

Оқу бітіре салысымен әскерге кеттім. Отан алдындағы борышымды өтегесін кинологиялық қызмет орталығына инспектор кинолог болып жұмысқа орналастым. Сол уақыттан бері бүгінге дейін жұмыс істеп келемін. Бұл жерге келген себебім бала кезімде арман болды. Погон тағып, форма киіп, әскери адам боламын деп қызықтым. Әр баланың осындай арманы болатыны сөзсіз. Сол арманның жетегімен осы орталыққа келіп жұмысқа орналастым, – дейді полиция майоры.

Полиция департаментіне келген кезде собор, патрульдік полиция сияқты бірнеше қызмет болғанын атап өтті. Сол уақытта жас маман ойланбастан, осы кинологиялық қызметті таңдайды.

Студент кезімде бір жоғары білімді Қырғызстанда алдым. Шекарадан әрі-бері өтіп жүрдік. Сондағы кинологтарды көретінмін. Әрі шекарада Рауан дейтін кинолог досым істеді. Ол кеденнің кинологы болатын, осының бәрін көріп жүріп студент кезімде қызығушылық пайда болды. Орталыққа келген кезімде маған кинолог болуға ұсыныс түсті, – дейді Рауан Дәулетов.

Кинолог бола отырып, із кесуші иттермен жұмыс істеп, кинология саласының қыр-сырын меңгерген олиция майоры бұл қызметтің қандай қиындықтары барын айтып берді.

©El.kz/Арман Мухатов

Қай саланы алып қарасақ та, бәрі адаммен жұмыс істейді. Бұл жердің қиындығы адамды ғана жұмысқа бейімдеп қоймай, итті де сол қызметтің тәртібіне үйрету керек болады. Өзіңнің жұмысыңнан басқа саған итті қосып береді. Итті бағындыру, үйрету, оның жұмысын көрсете білу оңай емес. Қылмыспен иттің көмегі арқылы да күресуге болады. Әр иттің өзінің мінез-құлқы бар. Соның бәрін қадағалап, зерттей білу керек. Итпен жұмыс істеу үшін шыдамдылық қажет, – дейді кинолог Рауан.

Бұл саланы өзі таңдап, жақсы көріп келген адамға бұл жұмыстар еш қиындық туғызбайтынын және кинолог болғысы келетін жас мамандар көп екенін айтады.

Бірақ біз оларды алмас бұрын бірінші кезекте әрқайсымен сұхбат жүргізіп, ойын білеміз. Оларға қоятын ең басты талабым ер адам болса, әскерге барған әскери билеті бар болуы керек. Содан кейін офицер боламын десе, заңды білуі және ең басты талап бұл итке жақындығы болу қажет. Әскерде шекара бекетінде кинолог болғандарға мүмкіндік көп, – дейді Рауан Дәулетов.

Бұдан өзге кинолог маман итпен жұмыс істеп қана қоймай, оны жуу, астын тазалау, тамағын беру, ауырса емдеу сияқты қиындықтары барын тілге тиек етті. Бұл орталықтағы кинологтар тек ер адамдар ғана емес, итпен жұмыс істейтін нәзік жандылар да бар екен.

©El.kz/Арман Мухатов

Әйел адамдар әскерде болмайтындықтан оларға ерлерге қойылатын талап болмайды. Тек қана итпен жұмыс істеуге деген ықыласы мен талпынысы болса болды. Біздің орталықта 41 адам жұмыс істейді. Соның ішінде, 10-ы әйел азаматшалар», – дейді кинолог.

Бүгінде кинология орталығында 50-ден астам үйретілген ит бар. Олармен түрлі бағыт бойынша жұмыс істейді.

©El.kz/Арман Мухатов

Із кесуші иттерді есірткі, жарылғыш затты, адамның ізін суытпай іздеу, одорологиялық зерттеу сияқты бағыттарға қолданады. Бір итті үйрету үшін алты айдан бір жылға дейін уақыт кетеді. Ол иттің қабілетіне байланысты. Күшік кезінен (1 айлық) сыналады. Сол кезден күшіктің шабуылшы немесе есірткі іздейтін қабілеті бары байқалады. Итке қарайтын жеке күтушілер бар. Кинологтар таңертең жұмысқа келіп, иттерін алып кетеді. Ал басқа уақытта бос болған кезде өздері тамағын беріп, иттерін тарап, жуындырады, – дейді.

Итті үйретудің сан қилы әдісі болатынын айтады. Көбінесе ойын арқылы үйрету тәсілін қолданамыз деп отыр. Қазіргі таңда із-түссіз жоғалу көп болып жатқан көрінеді. Орталық қызметкерлері адам өлтіру, ұрлау, тонау, қарақшылық сияқты жағдайларға мүмкіндігінше итті қолданады.

©El.kz/Арман Мухатов

Итте ойлау деген қабілет жоқ. Ойлау ол адамға ғана берілген. Иттерде тек шартты рефлекс немесе шартсыз рефлекс деген болады. Иттер бес мыңнан астам иісті саралай алады. Біздің орталықта «одорология» деген ерекше бағыт бар. Бұл бағыт иістерді зерттейді. Әр адамның өзінің иісі және саусақ іздері бар. Соны иттер ғана сезіп, ажырата алады. Бұл бағытта иттерді қолданамыз, – деді Рауан Дәулетов.

«Сұңқар» атты итті шығарып, сынап көрдік. Орталықтағы иттер сегіз жасқа дейін қызмет атқарады. Ал сұңқардың жасы қазір төртте екен. Түр-сипатына мән берсек, көзі өте өткір, алғыр, қырағы, тез қимылдайтыны көрініп тұр.

©El.kz/Арман Мухатов

Бұл – белгиялық белгиялық овчарка. Қазіргі таңда Еуропада, басқа да елдерде қызметте осы ит тұқымын қолданады. Бұрын неміс овчаркасы көп еді. Ол да жаман емес. Бірақ бүгінгі таңда заманға сай ит осы белгиялық овчарка. Өте жылдам, жеңіл жүретін, шапшаң және шыдамдылықтары мықты ит деп айтуға болады. Бұл ит есірткі затын іздейді, – дейді маман.

Орталықтағы 50 иттің ішінен ерекше көзге түскені алабай ит болды. Кинологтың айтуынша, екі қазақы алабай ит бар. Бұл төбеттер қарауыл және қорғаушы қызметі үшін пайдалынылады. Ақ алабай Павлодар қаласыннан осында әкелінген екен.

©El.kz/Арман Мухатов

Орталыққа күніне қала бойынша 15-20 шақыртуға дейін әр түрлі бағытта қоңырау түседі. Одорология кабинетінде криминалист, тергеуші үш иттің қатысуымен иіс арқылы адамның қылмыс болған жерде болған-болмағаны анықталады. Қылмыс болған жердегі иісті осында әкеліп қоямыз. Бұл жұмыстың барлығы бейнежазбаға түсіріледі. Сот кезінде дәлел ретінде қолданылады, – дейді полиция майоры Рауан Дәулетов.

©El.kz/Арман Мухатов

Осылайша қылмыс болған жерден адамның қолтаңбасынан бөлек, оның иісі де алынады. Мамандар қылмыс болған жерден алынған иісті одорология бөлімінде үш иттің көмегімен зерттейді.

©El.kz/Арман Мухатов

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: