"Үйге жыртық шалбармен келген". Алматыда 1-сынып оқушысына зорлық көрсетілген

2 Қазан 2023, 09:30 1867
7 жасар бала Алматыдағы халықаралық мектепке барған. Бірақ 13 қыркүйектен бері сабаққа қатыспай жүр. Себебі, қаладағы элиталық мектепте оған зорлық көрсетілген. Бұл туралы баланың анасы әлеуметтік желіде айтты, хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
 
Ішкі істер органдары Алматыдағы элиталық мектепте 7 жасар баланы зорлау фактісі бойынша тергеу амалдарынакірісті. Баланың анасы түсірген арыздың негізінде қылмыстық іс қозғалды.
 
Анасының сөзіне қарағанда, бірінші сыныпқа барған ұлы үйге жыртық шалбармен келген. Анасы оны тігуге алғанда шалбардың артқы жағы, яғни тура тоқ ішек тұсы жыртылғанын байқаған. Одан әрі іш киімін тексерген, онысы теріс киілген. Шалбар мен іш киімнен ақ дақтың іздерін көрген. Әрі қарай баланың тоқ ішегі мен жамбасында жараның ізі барын байқаған.
Дәрігерлер бұл физикалық зорлықтың кесірінен болған жара екенін анықтаған.
 
Мен бірден полицияны шақырып, арыз түсірдім. Содан бері біз сот-медициналық сараптамадан да өттік. Киімді де сараптамаға бердік. Балам түнде дұрыс ұйықтамай жүр, қараңғыдан қатты қорқатын болды. Қазір бір психологпен жұмыс істеп жатырмыз, - дейді төрт баланың анасы.
Қазіргі кезде Бостандық аудандық полиция қызметкерлері Қылмыстық кодекстің 121-бабы 3-бөлігі (Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері) бойынша тергеу шараларын бастады. Сот-медициналық сараптама тағайындалды.
 
Сонымен қатар істің объективті мән-жайларын анықтауға бағытталған тиісті тергеу шаралары кешені жүргізілуде. Тергеу барысы Алматы полиция департаменті басшылығының бақылауында, - дейді полиция.
 
Айта кетері, осы қылмыс үшін 121-баптың 3-бөлігі бойынша он екі жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
 
Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: