Талдықорғанда Шерзат Болаттың ісі бойынша сот процесі бүгін де жалғасты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл жолы да қанды түні сотталушылармен бірге болған Эльмира Нұрбекова жауап берді. Қазіргі таңда ол іс бойынша қорғалуға құқығы бар куәгер ретінде өтуде. Ол сол түні сотталушылармен бірге көлікпен «Қамажай» дүкенінің алдына келгенін растады.
Сот барысында адвокат Мейірман Шекеев Эльмира Нұрбекованың тергеу кезінде қазақ тілінде жауап бергенін, ал сотта орыс тілінде жауап беріп отырғанына назар аударды. Адвокат куәгерден: "Сіз 5 қазан күні берген жауабыңызда Абзалдың қай жеріне пышақ сұғылғанын нақты айттыңыз. Бұл ақпарат сізге қалай белгілі болды? Сараптама қорытындысы қарашаның 11-де ғана шықты. Сіз бұл деректі қайдан білдіңіз?" – деп сұрады.
Нұрбекова өз жауабында ұсталған кезде екі күн бойы ұйқысыз болғанын, тамақ ішпегенін, ал жауап алу кезінде орыс тілінде сөйлегенін айтты.
Бізді ұстаған кезде екі күн бойы ұйқысыз өткіздік. Тамақ іше алмадық. Ішкі істер бөлімінде 100-ге тарта адам бізден жауап алды. Олардың не сұрағанын түсінбедім. Қазақша аудармасына да назар аудармадым. Үйге қайту үшін алдыма қойған қағазға қол қоя бердім, – деді ол.
Нұрбекованың қорғаушы өкілі де тергеу кезінде оның "жүрек тұсына пышақ сұғылғанын көрдім" деген жауабы еш жерде тіркелмегенін атап өтті. Сот процесінде Эльмира Нұрбекованың беттестіру кезінде берген бейнежауабы көрсетілді. Бейнежазбада оның қазақ және орыс тілдерінде аралас жауап бергені көрінеді.
Айта кету керек, өткен аптада да сот отырысында Эльмира Нұрбекова тергеуде берген жауабынан ауытқып, жауаптарында шатасқан болатын.