Үстел теннисі: Қазақстандық алғаш рет әлем чемпионатында «алтын» алды

12 Желтоқсан 2022, 10:47 1461

Тунисте жасөспірімдер арасында үстел теннисінен әлем чемпионатында қазақстандық Алан Құрманғалиев аралас сында мысырлық Хана Годамен бірге жеңімпаз атанды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аралас санатта үстел теннисінен әлем чемпионы атанған халықаралық дәрежедегі спорт шебері Алан Құрманғалиевті құттықтады.

– Қазақстанда үстел теннисінің жанкүйерлері өзіңді мақтан тұтады. Осы жетістіктеріңмен шектелмей, беделді әлемдік турнирлерде ең жоғары жүлделерге ие болу үшін спорттағы шеберлігіңді шыңдай түсуіңе тілектеспін. Бұл міндет сенің қолыңнан келеді! Талмай еңбек ет, күрес және жеңістерге жете бер! – деп жазылған Мемлекет басшысының жеделхатында.

Қазақстан үстел теннисі федерациясынан мәлім еткеніндей, қазақстандық-мысырлық жұп финалда португалиялық Тьяго Абиодана – испаниялық Мария Берзосадан басым түсті.

«Бұл – тарихи жетістік! Алан Құрманғалиев әлем чемпионы атанды. Бұл – қажырлы еңбек пен спортшының өз ісіне берілгенінің жемісі. Алан жыл бойы үзбей жаттығып, шеберлігін жетілдіре отырып, халықаралық жарыстарда 19 медальға қол жеткізді. Бүгін Қазақстан үстел теннисі тарихында алғаш рет әлем чемпионы атанды. Бұл спорт түрінен еліміз жаңа халықаралық деңгейге көтерілді. Бұл бәріміз үшін аса маңызды. Чемпионды тәрбиелеген бапкер Эльмира Алиеваға алғысымды білдіремін. Алан мен барлық жанкүйерлерді құттықтаймын. Біздің спортшымызбен мақтанамыз!», деді Қазақстан үстел теннисі федерациясының президенті Данияр Абулғазин.

Бөлісу: