Ұстаздық өтілі 215 жылды құрайтын Әубәкіровтер әулеті

17 Маусым 2019, 14:21 6209

Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі өнегелі отбасыларды таныстырып келе жатқан El.kz порталының «Мерейлі отбасы» жобасында – Әубәкіровтер әулеті.

Ақмола облысының атынан сынға түсіп жатқан Әубәкіровтердің жалпы ұстаздық өтілі 215 жылды құрайды екен. Бұл отбасының отағасы Ақан Қайыржанұлы мен отанасы Қуаныш Шотанқызы 5 балаға өнегелі тәрбие  беріп, 9 немеренің ұлағатты ата-әжесі атанып отырған бақытты жандар! 

1938 жылдың 25 қарашасында Ақмола облысы, Ақкөл ауданы, Амангелді ауылында дүниеге келген отағасы Ақан Қайыржанұлы 45 жыл ұстаздық еңбегінің 30 жылын жергілікті білім үйінің директоры қызметінде өткерген.

– 1961 жылы Қарағанды педагогикалық институтының физика-математика факультетін бітіріп, Ақкөл ауданы, Кеңес селосында педагогикалық қызметімді бастадым. Екі жыл сонда жұмыс жасаған соң, туған ауылым Амангелдіге келіп,  жергілікті білім ордасына директорлық қызметке тағайындалған едім, – дейді қарт ұстаз.

А.Әубәкіров ауылдық мектептің басшылығына келгенде жасы бар болғаны 25-те еді. Облыстық мұғалімдер съезінің делегаты болып, талай жиындарға қатысқан ардагер педагог 1964 жылы Қазақ КСР «Халық ағарту ісінің қызметкері» атағын алады. Ал 1970 жылы В.И.Лениннің «100 жылдық мерейтойы» медалімен марапатталған. Ақан Қайыржанұлы 1978 жылы республикалық мұғалімдер съезінің делегаты болған. 1983 жылы КСРО оқу министрінің «Құрмет» грамотасымен, 1985 жылы Бүкілодақтық Лениндік коммунистік жастар одағының Орталық комитеті Құрмет грамотасымен марапатталған. 1986 жылы республикалық кәсіподақ ұйымы конференциясына делегат ретінде қатысып, «Еңбек ардагері» медалін иеленді.

Мектеп директорлығын абыроймен атқарған педагогтың еңбекке деген ынтасы, жоғары жауапкершілігі, біліктілігі, борышкерлік сезімі ауыл тұрғындары мен әріптестерінің арасында беделін одан сайын арттыра түскен еді. Бұл қызметте Ақан Қайыржанұлы 30 жыл талмай еңбек етті. Оның басшылығымен мектеп үлгерімі артып, оқушылар жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, әртүрлі аудандық, облыстық, республикалық білім мен спорттық байқауларда үздік танылып, Амангелді ауылының мерейін үстем етті. Сонымен қатар, Тың және тыңайған жерді игеру жылдары (Целиноград облысы, Алексеев ауданы) кезінде барлық қазақ мектептері жаппай жабылып, білім ордаларының басына қара бұлт үймелегенде Ақан Қайыржанұлы өзі басқарып отырған мектептің жабылуына жол бермей, сақтап қалды. 

– Менің барлық жетістіктерім мынау апаңмен тығыз байланысты. Ол менің әрбір шешімімді қолдап, демеп отырды, – дейді Ақан Қайыржанұлы.

Жас педагог болашақ жұбайымен Кеңес орта мектебінде аға пионер жетекшісі болып жүргенде танысқан екен.

 Таныстығымыздың арты үлкен махаббатқа ұласып, 1963 жылдың 30 тамызында шаңырақ көтердік те, Ақаңның туған ауылына көшіп келдік, – дейді отанасы Қуаныш Шотанқызы.

Отанасы Қуаныш Жүнісова 1944 жылы сәуір айында Ақмола облысы, Ақкөл ауданы, Кеңес ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын Кеңес орта мектебінде аға тәлімгерліктен бастапты. Ол Қарағанды педагогикалық институтын қазақ тілі және әдебиетінің мұғалімі мамандығы бойынша аяқтаған.

– 1963 жылы ағаңмен бірге Амангелді орта мектебіне ұстаз болып келдім. Жалпы, 35 жылымды сапалы білім, саналы тәрбие беруге арнап, бүгінде зейнет демалысындамын, – дейді Қ.Шотанқызы.

Қуаныш Шотанқызы – тәжірибелі ұстаз, білікті педагог. Оның төккен тері, атқарған жұмыстары еш кетпей,  ҚР Білім және ғылым минстрлігінің «Құрмет» грамотасымен марапатталған. 1987 жылы М.Әуезовтың 90 жылдығына байланысты Алматыда өткен республикалық конференцияға Ақмола облысы делегатының құрамында болған. Сонымен қатар, Қ.Жүнісова «Еңбек ардагері», «Ана даңқы» медальдарының иегері. Ауданның «алтын дауысты әншісі» атанған.

56 жылдан бері Ақкөл ауданы, Аманкелді ауылында тұратын отбасыны бүгінде білмейтіндер кемде-кем. Айналасын жылулыққа бөлейтін жандар өздерінің өмірге деген құштарлығымен, кеңпейілділігімен, мейірбандылығымен талайлардың өмірін жақсы арнаға бұрды.

–  Бұл ауыл көпұлтты болатын. Жергілікті халықтан бөлек, орыс, татар, ингуш, неміс, шешен мен украиндер өмір сүрді. Олардың барлығы бір мектепте оқу-біліммен сусындап, қазақ тілінде еркін сөйлесетін, – дейді қарт ұстаз.

Алты жасынан бастап жомбыра тартып, ән айтып келе жатқан Ақан Қайыржанұлы ауылдағы мәдениет үйінің жұмысын қыздырып, түрлі деңгейдегі жүздеген іс-шаралар ұйымдастырған екен.

– Апаң Қуаныш та өнерлі жан. Қоңыр дауысымен халық әндерін нақышына келтіріп орындағанда, ерімейтін тыңдарман қалмайды. Біз тек мектеп қабырғасында әріптес болмай, өнер әлемінде де бірге қалықтадық. Шығармашылық дуэт құрып, түрлі байқауларға, фестивальдерге қатысып, концерттік бағдарламалар қойдық, – дейді отағасы.

Қол ұстасқан қос өнерлі жанның өмірі тек сахнада ғана емес, бір шаңырақ астында да жарасымды өтіп келеді. Олар, ең бастысы, асқар таулы әке, қайнар бұлақты ана бола білді. Балаларына дұрыс тәлім-тәрбие беріп, олардың жарқын болашағы үшін барын салып, оқытты-тоқытты. Шаттыққа толы шаңырақта дүниеге келген үш ұл, екі қыз ата-ананың атына кір келтірмей, әрдайым өз қатарластарының алды болып, бүгінде бір-бір үйдің тұтқасын ұстап, түтінін түтетіп отыр.

– Тұңғышымыз Бейбіт 1964 жылы 14 мамырда өмірге келген. Қазірде осы ауданға қарасты Талқара ауылында тұрады. Қарағанды мемлекеттік университетінің физика-математика мамандығына түскенмен, оқуын белгілі себептермен аяқтай алмады. Бүгінде шағын кәсібін дөңгелетіп отыр. Ол бала кезінен есеп-қисапқа жүйрік болатын. Келініміз Айсұлу да жоғары білімді. Красный бор негізгі мектебінде 20 жыл ұстаздық етіп, 2009 жылы директоры болып тағайындалған. Жалпы, ұстаздық еңбек өтілі 30 жылды құрайды. Ал тұңғыш немереміз Диана Бейбітқызы елордамыздағы Қазақ ұлттық өнер универистетін тәмамдаған.Төрт жыл ұстаздық етті, өзі білім алған жоғары оқу орнында хор дирижері болды. Ол республикалық, халықаралық байқауларға қатысып,лауреат атанып жүр. Мәселен, «Әлем халықтарының өнері» республикалық байқауында вокалистер арасында топ жарды, Ақан серінің 165 жылдық мерейтойына арнап, «Ақаннан әуелеген әсем ән» атты ұранмен өткізілген конкурста жеңімпаз атанды. Тағы бір немереміз Диас Бейбітұлы қазірде Президент гвардиясының «Айбын» полкында әскери борышын өтеп жүр.

Ал Әубәкіровтер отбасының екінші перзенті Назгүл Ақанқызы Целиноград педагогикалық институтын тәмамдап, екі жыл №61 Красный бор негізгі мектебінде  орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, 2001-2007 жылдар аралығында Еуразия ұлттық университетінде қазақ тілі кафедрасында оқытушы болып қызмет атқарған. 2007 жылдан бастап «Астана-Теплотранзит» АҚ  мемлекеттік тілді енгізу бөлімінің маманы болып жұмыс істейді. Назгүл Әубәкірованың ұстаздық еңбек өтілі отыз жылды құрайды. Ұлы Ақан Ілияс Қазақ агротехникалық университеттің 2 курсында білім алады.

Меруерт Ақанқызының да білімі жоғары. Ол Алматы қаласындағы физика-математиканы тереңдетіп оқытатын мектеп-интернатты бітірген соң, Қазақ ұлттық университетінің математика факультетіне түсіп, үздік аяқтайды. Қазірде Степногорск қаласындағы №9 қазақ мектебінің оқу ісінің меңгерушісі. Сонымен қатар, осы қаладағы әдістемелік бірлестік жетекшісі, 2017 жылы Ақмола облысы білім басқармасынан алғыс хатымен,  2018 жылы ҚР білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің құрмет грамотасымен марапатталған. Ұстаздық еңбек өтілі 24 жылды құрайды. Жұбайы Мейрам Қазтайұлы Целиноград инженерлік институтын тәмамдап, құқық қорғау органдарында қызмет атқарған. Екі ұлы бар. Үлкені – Медет Қазақ агротехникалық универитетін тәмамдап,  «Қазақ-Алтын» серрвисінде инженер болып жұмыс жасаса, кіші ұлы – Мансұр  мектеп қабырғасында білім алады. 

– Одан кейінгі ұлым Құрмет Қарағанды педагогикалық университетін қызыл дипломмен бітіріп, алты жыл ұстаздық етті. Содан кейін заң саласында білім алып, жиырма жылға жуық прокурор қызметін атқарды. Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» медалімен, Армия генералы С.Нұрмағамбетов медалімен, Авиация генерал-майоры Т.Бигелдинов медалімен, «Қазақстан Республикасының прокуратурасына 20 жыл» медалімен, «Прокуратура озаты» секілді медальдармен марапатталған. Келінім Динара Мұратқызы жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Немерем Алдияр 10 сыныпта оқиды. Ол қазірдің өзінде актерлік шеберлігімен көзге түсіп жүр. Жастар театрының сапында өнер көрсетіп, еліміздің бірнеше қалаларына гастрольдік сапармен барып қайтты. Ал Айданамыз Алматы қаласында өткен «Өнерлі өркениет» атты балалар мен жасөспірімдер арасындағы республикалық байқауға қатысып, өз өнерімен талайды тамсандырып, бас жүлдегер атанды. Ол келесі оқу жылында 5-сыныпқа барады. Кенже ұлымыз Науан Ақанұлы Ақмола педагогикалық  университетін бітірген. Қазірде Жайық Бектұров атындағы Ақкөл орта мектебінде бастауыш сыныптарға сабақ береді. Ұстаздық еңбек өтілі 21 жылға жетіп жығылады. Домбыра, гитара секілді музыкалық аспаптарда еркін ойнайды. Келініміз Динара Төлегенқызы Еуразия гуманитарлық университетін сырттай оқып, орыс тілі әдебиеті факультетін бітірген. Еңбек өтілі 15 жылды құрайды. Даниял және Мариям есімді балалары бар.

Әубәкіровтер отбасы аудан, облыс көлемінде өтіп келе жатқан байқауларға баяғыдан белсенді түрде қатысып келеді. Мәселен, 1984 жылы және 1991 жылы Ақмолада өткен отбасылар конкурсында «Ең жарасымды отбасы» номинациясын иеленіп, бас жүлдеге қол жеткізген. Үстіміздегі жылы өткен облыстық «Мерейлі отбасы» сынында да Әубәкіровтердің бағы жанып, жеңімпаздар қатарынан көрініп отыр.

56 жыл бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан Ақан Қайыржанұлы мен Қуаныш Шотанқызы: «Біздің отбасының құпиясы сезім мен сенімде болды. Ізгілік ұялаған үйдің керегесі мықты, шаңырағы биік болары хақ», дейді.

Біз өз кезегімізде, саналы ғүмырларын шәкірт тәрбиелеуге арнап келе жатқан жанұяда тек той болсын дейміз...


Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: