ҚР ИИДМ мәліметінше, қазір құрылыс жұмыстарының соңғы кезеңі жүріп жатыр, жолдың барлық аумағы бойынша қозғалыс қауіпсіздігі қамтамасыз етілген, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Үшарал – Достық бағытындағы республикалық маңызы бар автожолдың 184 шақырымын жаңғырту көзделген. Жоба құны – 61,2 млрд теңге.
Бұл ретте алғашқы 87 шақырым бойынша жол қозғалысы 2020-2022 жылдары ашылған болатын. Бүгінде жұмыстар екі учаскеде жүргізіліп жатыр.
Мәселен, қазір 90-120 шақырым аралығындағы учаскеде 31 шақырымның 30-ында жабынның төменгі қабатын төсеуге байланысты жұмыстар аяқталып, барлық құбыр орнатылды. Қазір жолшы мамандар жолға мастикалық-қиыршық тасты асфальтбетонды төсеп жатыр. Аталған жұмыстар16 шақырымның 14,2-сінде іске асырылды. Сондай-ақ қардан қорғайтын қоршаулар, баспалдақтар мен тосқауыл қоршаулары орнату қолға алынды. Бұдан бөлек Ырғайты өзені арқылы өтетін көпірге арқалықтар қойылып жатыр. Бүгінге дейін 50 арқалықтың 46 данасы орнатылды, - делінген мәліметте.
Ал екінші учаскеның 54,2 шақырымның 49,8 шақырымында жабынның төменгі қабатын орнатуға байланысты жұмыстар аяқталды. Барлық су өткізу құбырлары да салынды. Қазір 10,73 шақырымның 6,25-іне жабынның жоғарғы қабаты төселді. Сонымен қатар Тоқты көпірінің аралық тіректерін арматура салу арқылы нығайту, Шындалы көпірінің үстіңгі тақтасын құю, бұған қоса су өткізу құбырларын күшейту бойынша жұмыстар іске асырылып келеді. Темірбетон материалдары 100%-ға дайын тұр.
Мердігер 90-180 шақырым аралығындағы учаскені биыл желтоқсанда пайдалануға берілетінін айтып сендірді.