Ұшақтың апаттық есігін ашқан ер адамды қандай жаза күтіп тұр

25 Желтоқсан 2023, 15:20 942

Әуе кемесінің апаттық есігін ашқан ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Polisia.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

23 желтоқсанда Fly Arystan әуе компаниясы өкілдерінің өтініші бойынша Алматы қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Шымкент – Алматы бағытындағы рейс жолаушысын анықтап, ұстады. Құқық бұзушы акт бойынша рейстен түсірілді.

Тексеру барысында ұшақ бортындағы қауіпсіздік ережелеріне бағынбаған Алматы қаласының 29 жастағы мас тұрғыны анықталды. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, ол «орташа дәрежелі» мас күйде болған. Құқық бұзушыға қатысты полиция қызметкерлері ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы 1-бөлігі, 566-бабы 1-бөлігі, 434-бабы 1-бөлігі бойынша бірден үш әкімшілік хаттама толтырып, 8 АЕК көлемінде айыппұл салды, - делінген мәліметте.

Ұсақ бұзақылық бойынша іс шешім қабылдау үшін Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданатын болады. Аталған бап бойынша құқық бұзушы 15 тәулікке дейінгі әкімшілік қамауға алу түрінде жазалануы мүмкін.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: