Ұшақ бортсеріктерінің портретін салып танымал болған Ирландиядағы қазақ суретшісі

25 Шілде, 10:00 1461

Бүгінгі кейіпкеріміз - 27 жастағы Джохар Юнусов. Ол жас суретшілердің бірі. Өзі қазір әуе кемесін тізгіндеуді мақсат етіп, осы мамандықта оқып жатыр. Алматының тумасы бүгінде Ирландия Республикасының Корк қаласында тұрады. El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі аспан кемесін тізгіндеуді үйреніп жүрген жас маманмен тілдесіп, екі саланы ұштастырудың қызығы мен шыжығы жайлы сұрады. 

Джохар - анасының мақтанышы, қарындасының қорғаны. Өзі «әлі бойдақпын» деп қалжындайды. Кішкентайынан шығармашылыққа бір табан жақын боп өскен азамат - бүгінде қолынан өнер тамған дарынды суретші.

Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы мектеп-интернат, колледжін бітіріп, интерьер дизайнері мамандығын меңгеріп шықтым. Сон соң, Сәулет өнері мамандығын таңдап, дизайнер-архитектор атандым,-дейді ол.

Осылайша, оқуын сәтті аяқтаған кейіпкеріміз дизайн саласында еңбек жолын бастайды. Кино саласының да қыр-сырын меңгеріп, қоюшы суретші ретінде қызмет етеді. Кейіннен интерьер дизайнері, мурал салатын суретші болып жұмыс істеді. Көркем суретпен де айналысыпты.

Кішкентайымнан сурет салуға құштар едім. 5 жасымнан бастап қолыма қарындаш алып, портрет сала бастадым. Талабым мен талантымды байқаған анам, қабілетімді одан әрі дамытуды ұйғарды. Анамның арқасында қарым-қабілетімді ұштап, «суретші» атандым. Осылайша, сала бойынша оқуға түсіп, кәсіби маман ретінде қалыптастым,-деп түсіндірді ол.

«Ата-анамның шығармашылыққа мүлдем қатынасы жоқ» деген суретші, нағашы әпкесінің киім дизайнері екенін жасырмай айтты.  

 Джохар - Instagram әлеуметтік желісінде ұшақ бортсеріктерінің портретін салумен көзге түскен азамат.

«Ұшақ бортсеріктерінің суретін салу идеясы аяқ асты туындады» дейді ол. Оның айтуынша, сурет саласында жүрген жолдасымен бірге "Астана-Ақтау" бағытында ұшпақ болып рейске дайындала бастайды. Сол тұста бортсеріктердің бейнесін қағазға түсіру идеясы пайда болыпты. Осылайша, қағаз бен қажетті құрал-саймандарды алдын ала дайындап, ұшаққа отырған бетте бортсеріктің бейнесін салып бастайды. Діттеген жеріне жеткен соң, суретті иесіне табыстайды. 

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Бортсеріктің эмоциясын байқау үшін сол мезетті видеоға түсіріп алдық. Күтпеген жерден тосын-сый алған қызметшінің эмоциясы күшті болды. Ұнағаны байқалып-ақ тұрды. Қуанып, рақметін айтып мәз-мейрам болды,-деді жас ұшқыш.

Ұшқыш болу - Джохардың бала арманы. Оның айтуынша, әуе кемесін тізгіндеуге нақты 2015 жылдан бастап қызыға бастапты.  Колледж бітіре сала, Азаматтық авиация академиясына оқуға түскісі келіпті. Бірақ белгілі себептерге байланысты құжаттарын сәулет саласының маманына тапсырған көрінеді. Араға біраз жылдар салып, кәсіби суретші-дизайнер ретінде тәжірибе жинап, 27 жасында мамандық ауыстыруға нақты шешім қабылдайды.

Әлі ұшқыш емеспін. Ұшқыш мамандығында оқып жүрмін,-деп нақтылады өзі.

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Оқуға қалай түскені жайлы баяндап кеткен болашақ ұшқыш, еліміздегі беделді әуе компаниясының арнайы бағдарламасына қатысқанын айтты.  Ұшқыш болуға даярлайтын бағдарлама іріктеуінен өтіп, қатысушылар қатарына қосылу – оңай шаруа емес. Ол іріктеуге бір жарым жыл бойы ағылшын тілін жетілдіріп, физика-математикаға қатысты сұрақтарды қарастырып, мұқият дайындалған көрінеді.

Оқу бабымен Ирландия еліне кеткеніме екі айдан асты. Бұйырса, бір жарым жыл дайындықтан өтемін. Оқудан келген соң, екінші ұшқыш болып қызмет етемін,-деді Джохар.

Ол сурет салғанда шабыттандыратын «музыка» деп түсіндірді.

Қазақстандық әртістер тарапынан тапсырыс түскенін айтып өткен Джохар, көптеген әртіске сурет салып бергенін алға тартты. Алайда олардың атын атап, түсін түстеуден бас тартты.

Көбіне дизайнерлермен серіктестік құрып, олардың жобалары үшін көркем сурет салып беретінін айтты.

Арасында артистердің үйлерін көркемдеп, енді бірде блогерлер мен әншілердің отбасылық портреттерін салатынмын. Мамандық ауыстыру барысында жүрген соң, бүгінде тапсырыс қабылдамаймын. Онымен қоса, басқа елде тұрғандықтан, тапсырыс қабылдаудың өзі мүмкін емес. Елге оралған соң, бұл істі қайта қолға алуым әбден мүмкін. Бірақ хобби ретінде ғана,-деп ағынан жарылды кейіпкер.

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Шығармашылықтағы өзіне жақын стиль мен бағыт жайлы сөз қозғаған ол, кескіндемеге қарағанда, таза бояумен емес, қарындаштармен сурет салғанды ұнататынын айтты. Көбіне графика, гиперреализм техникаларын қолданады-мыс. Болашақта майлы бояу, акрил көмегімен туынды жасауды жоспарлап отыр.

Ұшқыш пен суретші мамандығының ұқсас тұстары жайлы сөз қозғаған азамат, екі саланы ұштастырып көрді.

Ұшудың өзі - навигация. Рейстердің көбінде картадағы нүктелер арқылы ұшатын маршруттар болады. Ал ұшқыштар алдыңғы экрандағы құрылғыға қарап ұшады. Ол құрылғы ағылшынша PFD деп аталады. Сол құрылғы графикалық тұрғыда маған түсінікті. Сәулет өнері саласының түлегі ретінде көп сызба сызып, жобалар жасаған соң кеңістіктік ойлау қабілетім жақсы дамыған. Кеңістіктік ойлау, кеңістіктік бағдарлау және навигация. Суретшілер визуализаторлар ғой. Олар кез келген нәрсені көз алдарына елестетіп көреді. Сол секілді ұшақты басқарып отырғанда ең пайдалы қасиет – ұшақтың қалай ұшатынын көз алдыма елестете алу. Қандай жылдамдық, қандай биіктік керек екенін бағамдап, ойымда нақты "картина" сызып отырамын,-деп түсіндіріп өтті.

Бүгінде Джохар әлі ұшқыш емес. Мамандықтың қыр-сырын оқып-зерттеу үстінде. Күн сайын үлкен көлемдегі ақпарат алып отырады. "Ұшу барысында бір мезетте бірнеше тапсырманы қатар орындау қиын" дейді ол. Мәселен, ұшақты тізгіндей отырып, бағытты есептеу, қону координаттарын нақты санау, сандарға  мән беру сияқты басқа да шаруаларды тындырып отыру қажеттігін айтты.

Оқу ағылшын тілінде болған соң, терминологияны түсініп айту қиындығын да тілге тиек етті.  

Жұмыстың қиын тұсы – осы. Ұшатын кезде үнемі ұшақты қадағалап, аңдып отыру керек. Құрылғыларды жіті бақылап, мұқият қарап отыру қажет. Төтенше жағдайларды болдыртпас үшін ұшу барысында әр детальды қарап, бақылап отырған дұрыс, - деді кейіпкеріміз.

Ол болашақта әуе компаниямыздың бағыттары көбейсе, қатынайтын елдер қатары артатынына сенім білдірді. «Алматы-Токио», «Алматы-Сингапур», «Алматы-Нью-Йорк» бағытында әуе рейстері пайда болса, қуанатынын жасырмады.

Джохар ұшқыштың бойында сыни ойлау, сандарды ойда есептеу қабілеттері болған жөн деп отыр. Себебі ұшу барысында ұшақты басқарудан бөлек, басқа да параметрлерге зер салып отыру қажет.

Ұшақта биіктіктен әдемі көріністер ашылады. Көздің жауын алатындай!,-деп тамсанды кадет ұшқыш.

Бүгінде Ирландияда тұрып жатқан кейіпкер, бұл «елдегі ең үлкен плюс - экология» деді. Ол ирландықтардың қоршаған орта тазалығына асқан жауапкершілікпен қарайтынына таңдай қағып, қоқысты қайта өңдеу мәселесіне ұқыптылық танытатынына разы болды.

Ирландияның ауасы - мұнтаздай таза. Қоқысты қайта өңдеуге де аса мән береді. Мәселен, сүттің өзін пластиктен жасалған қорапта емес, арнайы қайта өңдеуден өткен экологиялық таза материалдан жасайды. Целлофан пакет деген атымен жоқ. Барлық жерде тек қағаз немесе матадан жасалған дорбалар болады. ЖЭО жоқ, отымен жылытудың өзі электронды. Сол себепті де экологиясы жақсы. Адамдары жылы шырайлы. Қылмыс деңгейі - төмен, - деп түсіндірді.

Басқа елдің жағымды тұстарын тізбектеп өткен ол, өз еліне бәрібір ешқандай ел тең келмейтінін айтты.

Өзіміздің салт-дәстүріміз, тұрмысымызға ештеңе жетпейді. Ал тағамдарымыздың шоқтығы биік. Осыны түсіндім, -деді ол.

Джохар Юнусов бір жарым жылда оқуын толықтай тәмамдап, өз саласының білікті маманы болуды мақсат етіп отыр.  Өнерден де мақрұм қалмай, екі саланы да қатар алып жүруге ниетті.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Джохар Юнусов (@artmonster_)

Айнұр Оспанова
Бөлісу: