Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Ақтау маңындағы әуе кеме апатына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Оның сөзінше, халық арасында шындыққа сай келмейтін көзқарас қалыптастырмау үшін алыпқашпа әңгімелерді таратпау керек.
Бұл ретте сабыр сақтап, арнайы комиссия жұмысының нәтижелерін күткен жөн. Ел үкіметі мәселені шешуге бар күшін салып, қажетті шаралар қарастырылып, бірнеше мемлекеттің мамандары қатысқан сараптама жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деді Сенат төрағасы.
Мәулен Әшімбаев тиісті органдар өз зерттеулерін аяқтап, қорытындыларын жариялаған соң ғана нақты ақпарат беретінін де айта кетті.
Сол уақытқа дейін тексерілмеген мәліметтерді таратпау қажет. «Мынадай болыпты, мынадай жасалыпты» деген сияқты негізсіз мәлімдемелерден аулақ болу маңызды. Қаза болғандардың отбасылары мен жақындары үшін мұндай жағдайдың қаншалықты ауыр екенін түсіну қажет. Сондықтан оларға қолдау көрсетіп, адами ұстамдылық таныту – әрқайсымыздың борышымыз. Тексерілмеген ақпарат тарату тек спекуляция ғана емес, этикаға да қайшы. Өкінішке қарай, кейбір адамдар бұл жағдайды өз пайдасына пайдаланып, ұпай жинауға немесе қаралым тартуға тырысады. Мұндай әрекеттер жауапсыздық пен адамгершілікке қайшы екенін ұмытпаған жөн, - дейді ол.