Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайда ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекетті түбегейлі жаңғырту үшін реформа жасалатыны туралы айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Осыдан үш жыл бұрын наурыз айында арнайы Жолдау жарияладым, оны білесіздер. Елімізді түбегейлі жаңғырту үшін ауқымды реформа жасайтынымызды айттым. Сол кезде алғаш рет Ұлттық құрылтай туралы бастама көтердім. Үш жылдың ішінде Қазақстан жаңа тұрпатты ел болды. Саяси реформалар жан-жақты өзгерістер жасауға мүмкіндік берді, - деді Тоқаев.
Оның сөзінше, жалпыхалықтық референдум арқылы Ата заңға түзетулер енгізілді.
Парламенттің құзыры кеңейді, Үкіметтің жауапкершілігі артты. Адам құқықтарын қорғау жүйесі жақсарды. Конституциялық сот құрылды. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың белсене қатысуына жол ашылды. Басқа да бағыттарда маңызды реформалар жасалды, - деді ол.
Перзиденттің айтуынша, жергілікті билік түбегейлі жаңғыртылды.
Үш жылдан астам уақыт ішінде ауыл әкімдерінің 72 пайызы жаңарды. Оның үштен бірі – бұрын мемлекеттік қызметте болмаған азаматтар. Бір сөзбен айтсақ, аймақтардағы атқарушы билікке жаңа адамдар келіп жатыр. Пилоттық жоба ретінде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың 45 әкімі сайланды. Биылдан бастап барлық аудан әкімдерін халық тікелей сайлайтын болады. Түрлі деңгейдегі мәслихат сайлауы өкілді билік органдарының жұмысына тың серпін берді. Облыстық және аудандық мәслихат депутаттарының 90 пайызы бір мандатты округтен, яғни тікелей дауыс беру арқылы сайланды. Билік жүйесінде мұндай ауқымды өзгеріс бұрын-соңды болмады, - деді президент.
Мемлекет басшысы ел ішіндегі өзгерістерге Ұлттық құрылтай мүшелері де орасан зор үлес қосқанын мәлімдеді.
Жұртымызды ортақ мақсатқа ұйыстырып, игі істерге жұмылдырды. Алқалы жиын алғашқы күннен бастап жалпыхалықтық жаңғырудың символына айналды. Қоғамдық диалогтың жаңа үлгісі қалыптасты. Өзара түсіністік пен құрмет бар жерде келісім болады. Құрылтайдың түпкі мақсаты да – осы, - деді.