Үш мыңнан астам жалған техникалық байқаудың күші жойылады

11 Қазан 2023, 23:17 715

Техникалық байқау ережелерін бұзу фактілері анықталған үш мыңнан астам диагностикалық карталардың күші жойылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Тәртіп бұзушыларға 1414 нөмірінен қайтадан техникалық байқаудан өту қажеттілігі туралы SMS хабарламалар жіберіледі.

Жұмыс тобының қатысуымен жүргізілген диагностикалық карталардың мониторингі (2023 жылғы 4 шілде мен 3 қазан аралығында) нәтижелері бойынша көлік құралдарын жалған техникалық байқаудан өткізу белгілері бар 3324 диагностикалық карталарда фотосуретті өңдеу белгілері бар бұзушылықтар анықталды (1-сурет).

Енді алдағы күндері көлік құралдарын міндетті техникалық тексеруді ұйымдастыру және өткізу қағидаларына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес бұл карталардың күші жойылады. Бұдан кейін цифрлық құжат eGov mobile мобильді қосымшасында да көрсетілмейді.

Өздеріңіз білетіндей, 4 шілдеде заң жүзінде жалған техникалық байқаудың күшін жою туралы өзгерістер енгізілген Ережелер күшіне енді. Жақын арада Көлік комитетімен сол техникалық байқау ережелерін бұзғандардың құжаттарын жою шараларын қабылдаймыз. Осындай шаралардан кейін азаматтар техникалық байқауды «сатып» алмайды, керісінше оларды заңды түрде өтеді деп сенеміз. Өйткені жолдағы адамдардың қауіпсіздігі мен өмірінебірінші кезекте жүргізушілердің өздері жауапты,- деп атап өтті «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Ростислав Коняшкин.

Қазіргі уақытта «Техникалық байқау» бірыңғай ақпараттық жүйесіне 820 техникалық байқау операторы қосылған. «Техникалық байқау» БАЖ операторы аптасына кемінде екі рет жүйеге келіп түскен деректердің объективті мониторингін жүргізеді, көлік саласындағы салалық бірлестіктер мен ұйымдар арасынан, сондай-ақ құқық қорғау органдарының өкілдерінен жұмыс тобын құрады.

ҚР ИИДМ 2023 жылғы 20 сәуірдегі бұйрығына сәйкес «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ міндетті техникалық байқаудың бірыңғай ақпараттық жүйесінің Операторы болып белгіленді. Сондай-ақ, Үкімет қаулысына сәйкес «Техникалық байқау» БАЖ ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның маңызды нысандарының тізіміне енгізілді.

Перизат Саденова
Бөлісу: