«Үш дүркін әлем чемпионы атанғым келеді»: Назым Қызайбай Олимпиаданы қорытындылады

11 Тамыз, 00:20 1966

Бокстан Қазақстан әйелдер командасының үздігі Назым Қызайбай Париждегі Олимпиада ойындарын қорытындылап, жазғы ойындардың өзі үшін сәтті аяқталғанын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Назым Қызайбай 50 келі салмақта Париж Олимпиадасының қола жүлдегері атанды. Ол жартылай финалда болашақ чемпион Ю Вуға есе жіберген болатын. 

Дегенмен Назым әзірге карьерасын аяқтайтын ойы жоқ екенін алға тартты. Olympic.kz сайтына берген сұхбатында ол әлем біріншілігінде топ жаруды көздейтінін тілге тиек етті.

Жартылай финалда жеңілгенде ашуға ерік берген едім. Кеше финалдық жекпе-жекті қараған соң, өзімнің шын мықтыдан ұтылғаныма көз жетті. Мықтыны мойындау керек, қытайлық боксшы бұл салмақтағы ең үздік екенін дәлелдеді. Сондықтан, қола медальді өзім ұзақ күткен Олимпиададан адал еңбекпен алдым деп есептеймін.

Меніңше, дайындық уақыты аз болып қалған сияқты. Лицензияны Азия ойындарында немесе Италиядағы іріктеу турнирінде алғанда, жағдай басқаша болар ма еді?! Таиландтағы іріктеу турнирінен соң толық дайындалуға уақыт аздық етті. Десе де, осы жетістігіммен де мақтанамын. 

Қола жүлдегер атанған соң, жан-жақтан құттықтаулар толассыз келіп жатыр. Өзім тек қана теледидардан көрген Геннадий Головкиннің өзі марапаттап, арнайы құттықтағанда қатты қуанып қалдым. Елге келген соң, өзімнің қандай іс тындырғанымды толық сезінетін шығармын.

Бұл - менің алғашқы Олимпиадам. Жарақатым жоқ, бабымды жоғалтпадым. Сондықтан бүгін-ертең боксты қойып кетемін деп айта алмаймын. Қазақтан шыққан алғашқы үш дүркін әлем чемпионы атанғым келеді. Екі дүркін чемпиондық атақ Серік Сәпиев пен менде бар. Ендігі мақсатым - әлем чемпионатының үшінші алтынын алу, - деді Қызайбай. 

Зарина Арман
Бөлісу: