Ұры мен полиция сыбайлас па? Мақсат Толықбай ІІМ басшысына шүйлікті

Кеше, 16:08 396

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай ішкі істер министрі Ержан Саденовке жолдаған сауалында елде мал ұрлығы қашан тыйылатынын сұрады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ол тәртіп сақшыларынан қайыр болмаған соң жұрт президентке өтініш айтқан деп отыр.

Ауылдағы жұрт осы азын-аулақ малының арқасында күн көріп, жан бағып жүр. Бірақ елдегі бұқара баукеспе ұрылардан әбден зәре-зәп болған. Ақыры президенттен көмек сұрауға мәжбүр болған Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданы тұрғындарының әлеуметтік желіге шыққан видеоүндеулерін көрген шығарсыздар?! Маған да ондаған адам хабарласты. Ішкі істер министрлігі мәлімдеме  жасар деп бес күн күттік. Алайда ешқандай реакция жоқ. Катонқарағайға қарасты Шыңғыстайдың шырқын осы ұрылар бұзып бітірді. Алақандай ауыл халқына ұры-қарының қорлығы әбден өткен. Төзімдері таусылып, сенімдері сетінеген ел енді бар үміттерін Ел басшылығына артып, яғни президенттен көмек сұрап отыр, - деді депутат.

Мәжілісменнің сөзінше, қой қоралап, ірі-қара табындап, жылқысы үйір-үйірімен жоғалып жатқан халық полиция күдер үзген. Осы күнге дейін қаншама малы қолды болып, ұрланса да, полиция бірде-бір «тышқақ лақтың» сайдан санын, құмнан ізін таппаған. Бұл өз кезегінде полицияның іздеуге құлықсыз немесе ұры мен полиция ауыз жаласып, ымыралысып, ынтымақта жұмыс істейтінін аңғартады дегенді алға тартты.

Әуре-сарсаңға түскен халық аудандық, облыстық ішкі істер органдарының табалдырығын тоздырып, бастарын тауға да, тасқа да соғып әбден қажыған. Сонда да полицияға бәрібір. Жаны ашымастың, басы ауырмас. Мал ұрлығынан шырқы бұзылып, шыдамдары таусылған жалғыз Шыңғыстай емес. Баукеспелер Шыңғыстайға іргелес жатқан Өрнек, Жаңа үлгі, Аққайнар, Жамбыл, Еңбек секілді елді мекендерде де емен-еркін шайқап, жұрттың дымын қалдырмай, ерік-жігерлерін әбден құм еткен. Ауылдан ауданға арыз арқалап баратын ағайын «полициядан еш қайран жоқ, жоғалған малды ізін суытпай іздемейді», - деп налиды. Қайталап айтам. Ұры мен полиция бір, сыбайлас па? Әйтпесе, құдай-ау, жыл он екі айда бір ауылдың ғана емес, бүтін бір ауданнан бір жоқ табылар еді ғой... Жоқ, әбден дандайсыған ұрылыр тіпті, айылын жияр емес! – деп қосты ол.

Мәжіліс депутаты мал ұрлығына жаза күшейіп, статистика бойынша ұрлық төмендеді десек те, іс жүзінде бәрі керісінде деп санайды. Осы орайда ол ІІМ басшысы мен жеке құрамына үндеу жасады.

Қазақ «Мал ашуы – жан ашуы» дейді. Жұрттың жан ашуын қоздырып, жарасына тұз себе бермеңіздер! Ашынған халық барымтаға қарымта қайтарамыз десе, оны мына біз түгілі Сіз және Сіз басқарып отырған министрліктің жеке құрамы тоқтата алмайтыныңызды тағы да есіңізге салғым келеді. Халықпен ойнамаңыздар! Ойланыңыздар! Қайта жоғарыда аты аталған ауылдардың мәселесін жіті қадағалап, Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданында арнайы рейд жүргізіп, мал ұрлығының алдын-алу мен ұрыларды ұстау бойынша кешенді шараларды қолға алуды сұраймын, - деп қосты Толықбай.

 

Мадина Асылбекова
Бөлісу: