Қоғамның дамуы ұрпақ тәрбиесімен тығыз байланысты. Жастардың бойына ұлттық және заманауи құндылықтарды дарыту – тұрақты дамудың кепілі. Бүгінгі технологиялық дәуірде жас ұрпақтың санасына озық құндылықтарды сіңіру үшін заманауи тәсілдер мен құралдарды қолдану аса маңызды. Ұлттық құндылықтар – әр халықтың болмысын, мәдениетін, дәстүрін және тарихын айқындайтын негізгі ұғымдар. Қазақ халқының қонақжайлылық, бауырмалдық, үлкенге құрмет, кішіге ізет сынды қасиеттері ұрпақ тәрбиесінде ерекше орын алады. Бұл құндылықтарды бала жастан саналы түрде бойына сіңірген ұрпақ қоғамда өзінің орнын табуға бейім келеді. Осы орайда ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына қалай сіңіреміз деген сұраққа жауап іздеп көрдік. Психолог, ұстаз, «Балалықтан даналыққа» кітабының авторы Сейілбек Мырзабай, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Руслан Қаратабанов және педагог-тренер, сарапшы Шерхан Арапбай пікірлерін ортаға салды.
Психолог, ұстаз, «Балалықтан даналыққа» кітабының авторы Сейілбек Мырзабай бүгінгі заманда жастарға ақыл-айту тиімсіз екенін айтады.
Құндылық дегеніміз не? Әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім адам- заттың қас жауы» деген әйгілі сөзін ұстаздар қауымы аузынан тастамайды. Енді сұрақ! Тәрбие деген ұғымды қалай түсінеміз? Ата-ананың көпшілігі мұны: сынау, мінеу, ұрсу, жақсы амалы үшін марапаттап, жаман тірлігі үшін жазалау деп біледі. Қазіргі кезде «баланы тек мақтай беру керек» деген жаңаша техника пайда болды. Ал діншіл типтер баласына сағаттап ақыл айтып, құрғақ мораль оқумен шектеледі. Логотерапевтердің «Мораль нұқу үшін емес, тұтыну үшін берілген» деген ұстанымы осыдан шыққан. Сондықтан логотерапия ғылымы ата-анаға да, мұғалімге де: «Моральдан қаш!» деп талап қояды. ХХІ ғасырда жастарға ағыл-тегіл ақыл айту тиімсіз. Мұның пайдасы былай тұрсын, көп жағдайда теріс нәтиже береді.
Ал құндылық дегеніміз не? Ақыл айтпасақ, мораль оқымасақ, баланың көкірегін құндылыққа қалай толтырамыз? Бұл мәселеде тыңнан түрен салып, жаңаша техника іздеудің қажеті жоқ. Сонау ерте заманнан қалыптасқан дәстүрлі әдіс бар. Ол — балаға иләһи мазмұны бар ертегі, аңыз-қисса, жыр-дастан, мәнді тәмсіл оқып беру, мағыналы сұхбат жасау, - дейді Сейілбек Мырзабай.
Автордың айтуынша,қисса мен жыр-дастандар баланың сол құндылықты бастан кешіп, жүрегімен сезінуіне таптырмас дүние. Себебі олардың бойында имплицитті мораль жатады. Қызықты оқиғамен өрілген қиссаны тыңдаған бала сол қиссаның бойындағы хикметті қалай сіңіріп алғанын өзі де байқамай қалады.
Мысалға әлемнің жаратылуы жайлы бір қиссаны келтірейік. Тәңірі тағала күллі әлемді жаратып болған соң, өзіне орынбасар жаратуды ойлайды. Сол кезде тау- тас, өзен-көл, аспан мен жел, от пен ағаш таласыпты. Аспан асқақтап, Тау кеудесін керіп, Жел дүлей күшін көрсетіп, От жалын шашып, Тас қаттылық қылып, Алтын жылтырағын айтып мақтаныпты.
Осылайша бәрі таласып жатқанда Топырақ қана сынықтық танытыпты. Тәңірсі Аспанның мақтаншақ- тығын, Таудың тәкаппарлығын, Алтынның баянсыз жылтырағын, Желдің тұрақсыз құбылма мінезін, Оттың қатыгездігі мен Тастың мейірімсіз қаттылы- жаратпады. Тек Топырақтың сынықтық, кішіпейіл мінезін ұнатты. Топырақтың қойны толған береке. Алтын-күміс, ас-ауқат, жеміс-жидек содан өніп шығады. Үстіне нәжіс төксе, одан хош иісті гүл өсіріп шығарады. Лас су жерге сіңіп, тәтті бұлаққа айналады. Жасаған жақсылығын міндетсіну топырақтың табиғатына жат. Сондықтан адам ұрпағы неғұрлым топыраққа ұқсаса, соғұрлым Тәңірдің алдында қадірлі болады екен. Бұл қиссаны тыңдаған бала қай амалдың бұрыс екенін, қай амалдың Тәңірге жағатынын бейсаналы түрде кеудесіне тоқып алады. Оған «Тәкаппар болма!», «Ашуға берілме!», «Ізетті бол!», «Қарапайым болӀ» деген мораль нұқып айтылған жоқ, - дейді ұстаз.
Сейілбек Мырзабайдың айтуынша, «Бүлдіршінге ертегі оқып беруге уақыт таппаған ата-ана есейген баласына сағаттап мораль оқуға мәжбүр болады. Бірақ ол кезде айтылған ақылы балаға ертегі боп естіледі» деген ащы мысқыл бар. Сондықтан балаға үйрететін құндылықты бес-алты жастан бастау керек.
6 жас пен 12 жас аралығы баланың түпсанасы 80 пайызға дейін қалыптасатын уақыт. Бұл кезеңді баланың көкірегін құндылыққа, кеудесін мазмұнға толтыруға берілген мезгіл десе де болады. Оны өткізіп алған адамның өмірін мән мен мазмұнға толтыруы қиынға соғады. Бойы сорайып, сабағы қурауға жа- қындаған өсімдікке дәруменді қанша сепсең де, нәр алмайтыны сияқты қолын мезгілінен кеш сермеген адамның бір қайнауы кем боп тұрады, - дейді Сейілбек Мырзабай.
Психолог бала бойында құндылықты сіңірудің қаншалықты маңызды екенін былай түсіндіреді.
ХХІ ғасырда бала тәрбиесінде құндылық берудің рөлі қаншалықты маңызды? Бұл сұрақтың жауабын білу үшін «OtukenEnglish» лагерінің оқушыларынан сауалнама алып, социо- психологиялық зерттеу жүргіздік. Ол үшін он-он екі жас аралығындағы жүз шақты балаға психологиялық анкета таратылды. Анкетаның ішінде мынадай сұрақ қойылған еді: «Ата-ана, мұғалім және басқа да ересек адам тарапынан айтылған, өзіңе ұнамайтын сөздерді атаңыз». Тест жауабынан бөлек «өз нұсқаң» деген бір тармақты енгіздік. Балалардың көбі жаттанды жауапты тандамай, өз нұсқасын жазған. Байқағанымыз, бәріне ортақ «СОЛ ДЕДІМ БЕ, СОЛ!» деген тіркес шықты. Яғни ата-анасынан бір нәрсе сұраса, «Сол үшін!», «Сол!» деген сияқты жауап айтып, балаларының меселін қайтарған, - дейді ұстаз.
Енді бұл сөздің балаға неге ұнамайтынын логотерапия негізінде талдап көрейік. Мазмұнына үңілсек, «Сол дедім бе, сол!» деген сөздің астарында бірнеше имплицитті рең жатыр. Мәселен, баланың таңдау құқығын шектеу, шешім қабылдау қабілетінен айыру, мән-жайды түсіндірмеу, ақылын төмен бағалау, қысқасы, адам ретінде қабылдамауды білдіреді. Ал адам - интенцивті, яғни мақсатты жаратылыс. Қандай шешім қабылдап, нендей іс-әрекет жасаса да, оның мәні мен мақсатын білгісі келіп тұрады. Өзге тіршілік иелері секілді ойсыз тірлік кешу адамға жат. Алдына қанша жерден мықты мақсат қойып, супер жоспар жасап берсең де, істің түпкі мәнін түсінбей әрекет ете алмайды.
Кез келген ата-ана баласының аман-есен, сау-саламат өмір сүргенін қалайды. Басы бәлеге шатылмас үшін оның алдын алып, неше түрлі шара қолданады. Бұл қамдану көбіне тыйым-талаптармен жүреді, өмірден жиған-тергенімен бөлісіп, бағыт-бағдар беріп жөн сілтейді.
Мысалы, сіз баланызға бір тапсырма бердіңіз немесе бір нәрседен тыйдыныз делік. Бала: «Неге? Не үшін? Неге бұлай істеуім керек?» Немесе «Неге олай жасауға болмайды?» - деп сұрайды. Оған: «Сол дедім бе, сол!» деп жауап берілген. Бұл жауап баланың көкірегіндегі вакумды толтырмайды. Керісінше жағымсыз сезім тудырады. «Сол дедім бе, сол» деп нұқуды баланың жақтырмайтын бір себебі осы. Балаға тыйым-талаптың Мәні мен Киесі көрінбеген соң кері реакция тудырады. Тыйым-талапқа жеңіл қарайды, орындағысы келмейді. Тілазар болады. Тіпті өсе келе «бұның бәрі - ескінің сарқыншағы» деп қарайтын нигилиске айналуы мүмкін, - дейді ұстаз.
Сондықтан баланың сұрағына әр нәрсенің түпкі мәнін ашып беретін аңыз-қиссамен жауап беру маңызды.
Мұны ғылымда онтология дейді. Онтология кез келген құбылысты түпнегізінен тарқату, мәні мен қасиетін ашып көрсету деген сөз. Немесе оны метафизика деп те атайды. Яғни бас көзіне көрініп тұрған физикалық құбылыстың құпия сырына ынтық болу. «Бұл нәрсе неліктен бұлай болып жатыр? Оны болдырып жатқан ғайыптағы күш оны неліктен бұлайша болдырып жатыр?» деген сұрақпен қызығу. Сондықтан баланың онтологиялық танымы күшейген сайын ол «Қалай?» дегеннің емес, «Не үшін?» дегеннің жауабын дәл беруге машықтанады. Кез келген ситуацияның не үшін болған ғибратты мәнін шешкен сайын бала да «Қалай?» дегеннің проблемасын еңсеріп кете алатын батыр болады, - дейді Сейілбек Мырзабай.
Қазақстандық қоғамдық даму институтының «Жалпыұлттық құндылықтар: Стратегиялық бағдарға шолу» атты талдау баяндамасында Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Руслан Қаратабанов ұлттық құндылықтарды жастардың қалай қабылдайтыны туралы жүргізілген сауалнама нәтижелерін жариялады.
Жалпыұлттық құндылықтар жастарды тәрбиелеуде басты рөл атқарады. Олардың маңыздылығына баса назар аударатын білім беру бағдарламаларын енгізу және бірегейлік пен дәстүрлерді құрметтеуді нығайтатын мәдени жобаларды күшейту қажет. Жастарды форумдар, пікірталастар және әлеуметтік жобалар арқылы Қазақстанның болашағы туралы диалогтарға тарту маңызды болмақ, - дейді Руслан Қаратабанов.
Сарапшының айтуынша, отбасы - құндылықтарды қалыптастыратын негізгі институт. Ата-аналарға арналған білім беру тренингтерін қоса алғанда, ұрпақаралық байланысты нығайтуға бағытталған отбасылық бағдарламаларды дамыту ұсынылады. Медиа және қоғамдық бастамалар арқылы отбасы құндылықтарын қолдауға ерекше назар аудару керек.
Болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік сезімін қалыптастыру ерте жастан басталуы тиіс. Бұл тақырыпты білім беру бағдарламаларына, мәдени бастамаларға және экологиялық жобаларға қосу ұсынылады. Аға буынды тәлімгерлікке және қоғамдық жобаларға тарту ұрпақтар арасындағы жауапкершілікті нығайтады. Жастардың құндылықтарды нығайту стратегиясын жасауға белсенді қатысуы оның ел болашағына мүдделі болуын қамтамасыз етеді. Мемлекет талқылау алаңдарын құруы, жас көшбасшыларды шешімдер қабылдауға тартуы және азаматтық бірегейлікті нығайтатын білім беру жобаларын дамытуы тиіс, - дейді Руслан Қаратабанов.
Ең тиімді тетіктер білім беру бағдарламалары, қоғамдық бастамалар, шығармашылық жобалар және медианы пайдалану. Жастардың назарын аудару үшін геймификация және виртуалды шындық сияқты инновациялық әдістерді қосудың маңызы зор.
Мемлекет білім беру және мәдени бастамаларды қолдайтын серіктес рөлін атқаруы керек, бірақ құндылықтарды таңуға тиіс емес. Бұл тәсіл қоғамның автономиясы мен мемлекеттік қолдау арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етеді. Дәстүрлі және заманауи құндылықтар арасындағы тепе-теңдікті сақтау оңтайлы әрекет. Білім берудің, кәсіпкерліктің және әлеуметтік өзара әрекеттестіктің заманауи тәсілдерін біріктіру арқылы мәдени мұраны сақтайтын бағдарламаларды әзірлеу қажет. Ауылдық жерлерде дәстүрлі өмір салтын сақтай отырып, инфрақұрылымды жаңғырту керек. Этнографиялық бағыттар құру және туризмде, ауыл шаруашылығында және қолөнерде жергілікті стартаптарды қолдау жастарға тұрғылықты жерде еңбек етіп, өзін-өзі дамытуға мүмкіндік береді.
Сарапшының айтуынша, құндылықтар адам өмірінде де, қоғам дамуында да негізгі рөл атқарады. Олар жеке және ұжымдық, сонымен бірге ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін көрсететін бағдар болуы мүмкін. Философияда құндылықтар қоршаған әлемге деген көзқарас ретінде, психологияда соңғы мотивтер, әлеуметтануда әлеуметтену құралы, ал экономикада шешім қабылдау факторы ретінде қаралады.
Рокич, Шварц, Хофстеде және Инглхарт тәрізді ғалымдардың зерттеулері құндылықтарды жіктеудің түрлі тәсілдерін ұсынады. Рокич оларды терминалдық (соңғы мақсаттар) мен инструменталды (сол мақсаттарға жету тәсілдері) депекіге бөледі. Бұлжеке талпыныстардың мінез- құлыққа қаншалықты қатысты екенін түсінуге көмектеседі. Шварц құндылықтардың шеңбер түріндегі үлгісін ұсынып, оларды үйлесімділік мен қайшылық тұрғысынан орналастырды. Хофстеде мәдени қалаулар қалайша мінез- құлықтың әлеуметтік моделін көрсететінін зерттесе, Инглхарт постиндустриалды қоғамға өтуді білдіретін материалдық құндылықтардан постматериалдық құндылықтарға ойысуға баса назар аударды. қарай
Құндылықтарды оқу процесіне енгізу үшін білім беру бағдарламаларында осыны ескеру қажет. Оқу бағдарламалары жеке құндылықтарға да, ұжымдық құндылықтарға да мән беруі тиіс. Мысалы, бақыт пен адалдық секілді терминалдық құндылықтар ұзақмерзімді ұмтылыстар ретінде бекітіліп, ал жауапкершілік пен ынтымақтастық тәрізді инструменталды құндылықтар күнделікті іс-әрекеттерімізді реттеп отыруы керек.
Бірлік пен үйлесімге қатысы бар құрмет пен ынтымақтастық сияқты құндылықтарды насихаттаудың маңызы зор. Бұл орайда индивидуализм мен коллективизм тәрізді бір- біріне қарама-қайшы құндылықтар теңестіріледі. Құндылықтарды қалыптастыру процесі сенім мен ұстанымнан бастап жанашырлық пен жауапкершілік секілді қасиеттерді дамытуға дейінгі кезеңдерге бөлінуі тиіс. Сонымен бірге командалық жұмыс пен этикалық шешімдерді қабылдау сияқты дағдылар мен құзыреттерге де баулу қажет. Бұл оқушылардың аталған құндылықтарды түсініп қана қоймай, өмірдің әртүрлі жағдаяттары кезінде қолдануына да мүмкіндік береді.
Қазақстан құндылыққа бағдарлап білім берудің шетелдік тәжірибесін тәуелсіздік, отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен қаржылық тұрақтылық, жасампаздық пен жаңашылдық тәрізді құндылықтарды қалыптастыру үшін пайдалана алады. Аустралия мен Ұлыбритания секілді елдерде мемлекет құндылықтары білім беру бағдарламаларына енгізілген және моральдық бағдар қалыптастыруға ықпал етеді. Қазақстан әртүрлі пәндердің мазмұнына құндылықтарды, ұлттық басымдықтарды енгізу арқылы осы тәжірибені өзіне бейімдеп қолдана алады.
Халықаралық табысты жобалардың үлгілері өскелең ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеу үшін ел тарихы мен ұлт мәдениетін, сондай- ақ азаматтық жауапкершілік пен әлеуметтік қызметке арналған жобаларды пайдаланады. Бірлік пен ынтымақ құндылықтарын өзгелерді құрметтеуге бағытталған ұжымдық жобалардың көмегімен дамытуға болады. Әділеттілік пен жауапкершілікті практикалық шешімдер мен этикалық пікірталастар арқылы дамытуға болады. Заң мен тәртіп азаматтар мен адам құқықтарын зерттеу жолымен дамиды. Еңбекқорлық пен кәсіби біліктілікті практикалық тапсырмалар мен дағдылар ынталандырса, жасампаздық пен жаңашылдыққа жобалар, инновациялар және ғылыми зерттеулер түрткі болады.
Алайда Қазақстандағы білім беру жүйесінің қазіргі жай-күйін талдау назар аударуды қажет ететін бірқатар саланың бар екенін анықтады. Біріншіден, білім беру стандарттарында бекітілген құндылықтар оқу бағдарламалары мен оқулықтардың мазмұнында, нақты сабақтарда айқын көрсетілмеген. Соның салдарынан құндылықтар декларация деңгейінде қалады, оқытудың бір бөлігіне айналмайды. Екіншіден, жүйеде бір реттік науқандар мен жобаларға бағдарланған іс-шара тәсілдері басым. Бұл білім беру практикасындағы жүйелі тәсілге жатпайды.
Ескерілуі керек үшінші кемшілік құндылыққа бағдарлап тәрбие беруді объективті түрде бағалайтын әдістің жоқтығы. Бұл білім бағдарламалары мен тәсілдерін түзетуге кедергі келтіреді. Оған қоса, білім беру саласының құндылықтарды сіңіруге қатысты жұмсап жатқан күш-жігеріне қарамастан, қоғамның қолдауы мардымсыз. Бұл ортақ іске отбасы, жергілікті қоғамдастықтар және тұтас қоғам араласпайынша, құндылықтарды сіңіру аса табысты бола қоймайды. Мектепте өскелең ұрпақтың бойына сіңірілетін құндылықтарды қолдайтын және олардың әсерін жастарға қарай бағыттап отыратын бірыңғай тәрбие ортасын құру үшін қоғаммен белсенді жұмыс атқару қажет.
Сол сияқты демографиялық және әлеуметтік өзгерістерді де ескерген абзал. Жаһандану мен индивидуализмге бет алған жас буын жалпыұлттық құндылықтарды көп ұстана қоймайды. Үлкендер болса, мәдени бірегейлік пен әлеуметтік келісімнің сақталуына ықпал ететін дәстүрлі құндылықтарды қолдауға бейім. Құндылықтарды қабылдаудың бұлай бөлінуі әлеуметтік бірегейліктің бұзылуына және ұрпақаралық қарама-қайшылықтарға апарып соқтыруы мүмкін. Ұрпақтар арасындағы бірлікті сақтап қалу үшін білім беру арқылы және олардың өзара іс-әрекеттері арқылы құндылықтарды теңдестірудің маңызы зор.
Қазақстанға өзінің ұлттық бірегейлігін қалыптастыру үшін негізгі құндылықтарды әртүрлі топтарға қарай бейімдей отырып, тәрбие процесіне енгізу қажет. Білім беру жүйесінің аясында жобалық оқытуды, іскерлік ойындарды және тақырыптық апталарды қоса отырып, терминалдық құндылықтарды да, инструменталды құндылықтарды да ескерген жөн. Сондай-ақ тәрбие берудегі отбасы рөлі де өте жоғары, сол себепті түрлі тренингтер мен шеберлік сыныптарын ұйымдастыру арқылы ата-аналардың белсенділігін қолдау қажет. Әртүрлі елдердің құндылықтары арасындағы алшақтықты жою үшін барлық жастағы адамдарды қамтитын үздіксіз тәрбиелеу ісін қолға алу керек. Мәдениет туындылары, ақпарат құралдары және спорт саласы құндылықтарды насихаттап, оларды қоғамға кеңінен таратуы қажет.
Құндылықтарды білім беру мен әлеуметтік тәжірбиеге енгізу Қазақстанға, қоғамға, отбасы мен жеке тұлғаға орасан зор пайдасын тигізеді. Қазақстан үшін ол ұлттың тұрақты дамуын, түрлі этникалық және әлеуметтік топтардың тұтастығын, азаматтық бірегейлік пен ұлттық бірлікті нығайтуды қамтамасыз етеді. Қоғам әлеуметтік-экономикалық процестерге белсенді қатысып, шешімдер қабылдай алатын, барынша жауапты әрі моральдық жағынан жетілген азаматтарды алады, бұл өз кезегінде үйлесім мен прогреске әсер етеді. Отбасы балаларды демократия, бір-біріне қол үшін созу және ұжымдық жауапкершілік рухында тәрбиелеудің берік іргетасын қалауға мүмкіндік береді. Тұлғалар болса, терең моральдық бағдарларды, эмпатия, адалдық және еңбекқорлық тәрізді жеке бас қасиеттерінің өзгерістерін ескеруге мүмкіндік береді. Бұл оның қоғамда табысты дамуы мен мансапта өсуін, сондай-ақ ішкі үйлесімі мен өзін-өзі дамытуға деген даярлығын қамтамасыз етеді.
Барлық жастардың көпшілігі (61,5%-66%) ұлттық құндылықтарды маңызды деп есептейді. Бұл азаматтардың ұлттық бірегейлік идеясына берік екендігін білдіреді. Респонденттердің шамамен төрттен бір бөлігі (24,6%-25,9%) құндылықтарды «маңыздырақ» деп санайды. Жасы айырмашылығы ұлғая келе белгілі бір құндылықтардың маңызы төмендеуі де мүмкін, осыған байланысты жалпыұлттық құндылықтарды іске асыру үшін ыңғайлы тәсілді қолдану маңызды. Шағын бір топ (5,5%-6,9%) құндылықтарды аса маңызды емес деп есептейді, ал бұл аталған сұрақта қоғам пікірінің тұрақтылығын көрсетеді.
Барлық жастағы азаматтардың 3%-ы барлық құндылықты жоққа шығарады. Осылайша, жалпыұлттық құндылықтар барлық жастағы азаматтарға өзекті және бұл оны бағдарламаларға енгізудің негізі болып табылады.
Зерттеу нәтижесі ересектер арасында жастарды тәрбиелеудің негізі болып табылатын ұлттық құндылықтарды насихаттайтын білім беру шараларын күшейту керектігін көрсетеді. Ерлер де, әйелдер де ұлттық құндылықтарды маңызды деп санайды (жауаптары шамалас 63,1% және 64,3%). Құндылықтарды ұғынуда бірлікті байқауға болады: қазақтардың (62,8%), орыстардың (64,2%), және басқа этникалық топ өкілдерінің көбі (73,2%) ұлттық құндылықтарды маңызды деп көрсеткен. Тек қазақтардың 1,5%-ы, орыстардың 0,9%-ы және басқа этникалық топ өкілдерінің 3,7%-ы құндылықтарды маңызды емес дейді, бұл жалпыұлттық құндылықтар феномені аз да болса жоққа шығарылғанына дәлел болады. «Басқа» тобы (73,2%) берік ұстанатынын білдіріп, түрлі этникалық топтардың қарым- қатынасындағы бірлікті көрсетеді.
Алынған деректерге сүйене отырып, барлық топтар үшін құндылықтардың маңыздылығын ескеру қажет. Сондықтан жалпыұлттық құндылықтардың рөлін айқындайтын білім беру және мәдени бағдарламаларды дамыту маңызды. Бұл қоғамның бірлігін нығайтуға және әртүрлі этникалық топтардың құндылықтарына деген көзқарастарын еркін білдіруіне мүмкіндік беретін іс-шараларға басымдық беруге көмектеседі.
Орта білімді респонденттер (73,7%) көбінесе жалпыұлттық құндылықтардың маңыздылығын атаған, ал білімі жоғары респонденттер арасында ондайлар көп емес 61,9%. Жалпыұлттық құндылықтардың маңыздылығын кемітетіндердің үлесі кәсіби-техникалық және жоғары білімі бар респонденттер арасында артқаны көрініп тұр. Осыған байланысты, білім деңгейі жоғарылаған сайын жалпыұлттық құндылықтардың маңызы төмендегені байқалады. Жұмыс істейтін саласына қарамастан, респонденттердің 85%- дан астамы құндылықтар маңызды немесе маңызды деуге болады деп санайды. Ең жоғары көрсеткіштер жұмыссыздар (83,3%) мен үй шаруасындағы әйелдерде (71%) екен, бұл деген олардың дәстүрлі құндылықтарға адалдығын көрсетеді. Шағын бизнес өкілдері арасында құндылықтардың салмағы төмен бағаланды (48,6%). Бұл түрлі кәсіби топтардың ұлттық құндылықтардың маңыздылығын әртүрлі қабылдайтынын білдіреді.
Табыс деңгейі әртүрлі барлық топ респонденттері (60-73%) жалпыұлттық құндылықтардың маңызды екенін растайды. Табысы төмен және жоғары респонденттердің жауаптары кесімді («иә, маңызды»). Табыс деңгейі орта респонденттер көбінесе «маңызды деуге болады» деген жауапты таңдайды. Анықталған үрдістер құндылықтарды маңызды деп тану табыс деңгейіне байланысты екендігін көрсетті: табыс неғұрлым төмен немесе жоғары болса, құндылықтардың маңыздылығын қолдау да соғұрлым жоғары. Құндылықтарды «маңызды емес» деп санайтындардың саны өте аз (4%-ға дейін).
Респонденттердің берген жауаптары отбасылық жағдайына қатысты талдау құндылықтардың мән-маңызы үйленбеген/тұрмыс құрмағандар арасында басым екенін көрсетті (66,2%). Некеге тұрмаған адамдар құндылықтардың маңыздылығына көбірек назар аударады, бұған өмірлік серігі болмағандықтан бағыт-бағдарын іздеп, өзін-өзі дамытып жүруі себеп болса керек.
Азаматтық некеде тұратын респонденттер (59,0%) арасында көрсеткіш төменірек. Олар үшін құндылықтар маңызының төмендігіне қарым-қатынасының айқындалмауы немесе отбасы дәстүрлерін сирек пайдалануы себеп болуы мүмкін. Некесі тіркелген респонденттер арасында (63,5%) жауап беруге қиналатындар сирек кездеседі (3,6%). Ресми түрде тіркелген некеде көбірек тұрақтылық бар, ол құндылық бағдарының анықтығына ықпал етеді.
Жалғызбасты жандардың құндылықтар маңыздылығын мойындау деңгейі төменірек (61,8%). Бұл өміріндегі жағдайлардың өзгеруіне және отбасы дәстүрлеріне деген сенімін жоғалтып алуына байланысты болуы ықтимал. Жалпыұлттық құндылықтарға жағымды көзқарасты нығайту үшін жастар мен некеде тұрмаған адамдарға арналған жеке тұлғалық даму және құндылықтарды қалыптастыру бағдарламасын дамыту маңызды. Бұл бастамалар өзіндік өмір жолын іздеу кезінде құндылық бағдарының сақталуына көмектеседі.
Тіркелген некелерге қолдау көрсетуді дамыту аясында ресми түрде тіркелген отбасыларда құндылықтарды нығайтатын отбасылық клубтар мен жобаларды құру мүмкіндігін қарастыруға болады. Бұл осы топ өкілдері үшін белгісіздік деңгейін одан әрі төмендете алады. Жесір әйелдер мен ерлер, сондай-ақ серігінен айырылған адамдар психологиялық және әлеуметтік қолдауға мұқтаж болуы мүмкін. Сондықтан оларды отбасылық құндылықтарды сақтауға бағытталған қоғамдық және мәдени жобаларға тарту маңызды.
Ауыл тұрғындары жалпыұлттық құндылықтарды көбірек бағалайды (68,0%). Ауылдық жерде тұратындардың жалпыұлттық құндылықтарды маңызды деп санауына салт-дәстүрдің үлкен рөл атқаруы, тұрғындардың ауызбіршілігі және урбандалу төмендігі себеп болса керек. Скепсис пен күмән ауыл тұрғындары арасында аз (1,0%-3,8%), бұл олардың дәстүрлі өмір салтын ұстанатынын білдіреді. Қала тұрғындары арасында жалпыұлттық құндылықтарды мойындайтындар азырақ (61,5%). Бұл жеке-дара өмір салты, урбандалудың үлкен ықпалы және дәстүрлі құндылықтарды ұстанбауына байланысты болуы ықтимал.
Қала тұрғындары үшін жалпыұлттық құндылықтарды насихаттайтын мәдени және білім беру бағдарламаларын әзірлеу, сондай-ақ дәстүрлер мен ұлттық бірегейліктің маңыздылығын насихаттайтын іс-шараларды ұйымдастыру ұсынылады. Ауыл тұрғындарына ұрпақтар арасындағы сабақтастықты нығайтатын жергілікті бастамалар мен жобаларды дамыту арқылы дәстүрлі өмір салтын сақтауға қолдау көрсету маңызды.
Деректерді талдау көрсеткендей, Қазақстанның көптеген өңірлерінде тұрғындар жалпыұлттық құндылықтардың маңызды екенін мойындайды. Неғұрлым жоғары көрсеткіштер Қостанай (96,5%), Шығыс Қазақстан (92,0%) және Атырау облыстарында (84,6%) байқалады. Бұл осы өңірлердегі дәстүрлер мен патриотизмнің едәуір ықпалы бар екендігіне дәлел. Мысалы, Ақмола облысында құндылықтардың маңыздылығы туралы сұраққа респонденттердің 30,8%-ы жауап беруге қиналған. Алматы (47,9%) және Астана (34,5%) сияқты аймақтар қалалар мен урбандалған құндылықтарды белгілі бір шамада мойындайтынын көрсеткен, бұл индивидуализмнің әсері мен дәстүрлі құндылықтарға жеткілікті мән бермеудің көрсеткіші болуы мүмкін. Алайда, көптеген облыстарда, соның ішінде Абай, Атырау және Ұлытау облыстарында респонденттер үшін жауап беру қиындық туғызбайды, яғни бұл олардың жалпыұлттық құндылықтардың маңыздылығына деген сенімділігін көрсетеді. Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары тәрізді құндылықтарды мойындауы төмен өңірлерде ұлттық бірегейлікті насихаттайтын білім беру және мәдени жобаларды іске қосу ұсынылады. Алматы және Астана қалаларында урбандалудың әсерін бәсеңдету үшін құндылықтарды білім беру және медиа кеңістіктермен біріктіретін ақпараттық науқандар жүргізген жөн, - дейді Руслан Қаратабанов.
Қазақстандықтар үшін ең басты құндылық - отбасы құндылығы
Сарапшы, педагог-тренер Шерхан Арапбай Қазақстандықтар үшін ең басты құндылық - отбасы құндылығы екенін айтады.
Тұлғаның қоғамда салауатты қалыптасуына әсер етуші құндылықтар - отбасында алатын құндылықтардың ішіне кіріктірілген. Бұған дәлел ретінде Қазақстан Қоғамдық Даму Институтының 2024 жылғы зерттеуі нәтижесінде Қазақстандықтар үшін төмендегі құндылықтар маңызды орында екенін көрсетеді: “Қазақстандықтар үшін отбасы ең алдымен бақытпен, махаббат және ұрпақ жалғастырумен байланысты екенін керсетеді. Отбасын қабылдаудағы жас ерекшеліктері де байқалады: жастар отбасын ең алдымен бақыт кезі ретінде қарастырса, ал есейген респонденттер ұрпақ жалғастыруға көңіл бөледі. Бұл өмір тәжірибесін жинақтай отырып, неке отбасылық қатынастарды идеалистік турғыдан прагматикалық тусінуге көшуді керсетеді. Отбасын шағын әлеуметтік топ ретінде тусіну отбасы ішілік тимді қарым-қатынастың, құқықтар мен міндеттерді бөлудін, көшбасшылықтын маныздылығын керсетеді. Зерттеу көрсеткендей, күйеу отбасының басшысы болып қала береді, әсіресе жас ұлғайған сайын бірлесіп шешім кабылдау үрдісі байқалуда. Зерттеу қазақстандықтардың келесі ең маңызды отбасы құндылықтарын анықтады: «Бір-біріне қамқорлық жасау, өзара сыйластық, қолдау», «Махаббат» жане «Балалар». Сонымен катар «Ұрпақтар сабақтастығы» жане «Жақын туыстармен араласу» сияқты дәстурлі құндылықтар заманауи отбасылар үшін маңызды емес болып көрінеді, бұл аландаушылық тудыруы мумкін. Бұл аспектілер отбасы байланыстарын сактауда жане ұрпақтан ұрпаққа білім мен мәдениетті жеткізуде дәстурлі түрде шешуші рөл атқарды.
Зерттеу натижесінде отбасында жалпы адамзаттық құндылықтарды сіңіру бала тербиесінің маңызды аспектісі екені анықталды. Жасына, жынысына, ұлтына қарамастан еңбекқорлық, адалдық, үлкенді сыйлау - Қазақстан ата-аналары балаларының бойына сіңіруге тырысатын басты құндылықтары. Сонымен қатар қоғам үшін манызды құндылықтарды ата-аналар тарбиенің басым бағыты ретінде карастырмайды.”
Бұл зерттеуді ұсынуым “Отан - Отбасынан” бастау алады, отбасында берілетін құндылықтар қазақстандық азаматтарды адамгершілікке, отансүйгіштікке, адалдыққа, бауырмалдыққа, этностық мәдени құндылықтарды (ұлттық құндылықты) және қоғам алдындағы жауапты тұлға ретінде өзін қабылдауына отбаслық құндылық негіз болатынын ескеру маңызды. Қазақстан жастарының ұлттық құндылықтарға көзқарасы әртүрлі факторларға байланысты өзгереді.
Жалпы алғанда, оларды үш негізгі топқа бөлуге болады: Бірінші: Ұлттық құндылықтарды жоғары бағалайтын жастар. Бұл топ қазақтың салт-дәстүрлерін, тілін, мәдениетін және тарихын құрметтейді. Көбінесе ауылдық жерлерден шыққан немесе ұлттық сана-сезімі жоғары отбасында тәрбиеленген жастар жатады. Олардың әдетінде ұлттық киімдерді кию, ұлттық мерекелерді тойлау, қазақ тілінде сөйлеу сияқты құндылықтарды ұстанады.
Екінші: Ұлттық құндылықтарға бейтарап қарайтын жастар: Бұл топтағылар дәстүрлер мен қазіргі заманның ортасында. Қазақ мәдениетін құрметтейді, бірақ батыс немесе шығыс мәдениетінің ықпалы да күшті. Олардың ұлттық құндылықтарды күнделікті өмірде қолдануы шектеулі.
Үшінші: Ұлттық құндылықтарды екінші орынға қоятын жастар: Көбінесе жаһандану мен батыс мәдениетінің ықпалында болғандар. Қазақ тілі мен дәстүрлерін білуі мүмкін, бірақ оларды маңызды деп санамауы мүмкін. Кейбіреулері ұлттық құндылықтарды консерватизммен байланыстырып, оларды өткеннің қалдығы деп қабылдайды, - дейді ол.
Сарапшы Шерхан Арапбай ұлттық құндылықтарға көзқарасты қалай өзгертуге болатынын айтып берді.
Ұлттық құндылықтарды IT, бизнес, спорт секілді салалармен байланыстырып көрсету және отбасылық өмірі мен күнделіті әдеттермен ұштастыру арқылы насихаттау тиімді болады. Ақпараттық озық техналогия заманында ана тілінде сапалы мультипликациялар, фильмдер, анимациялар, ойындар мен блогтар арқылы цензурадан өткен, сапалы медиа мен контент арқылы ықпал ете аламыз. Жастарға үлгі болатын тұлғаларды насихаттау: Ұлттық құндылықтарды ұстанатын, бірақ табысты әрі заманауи тұлғалар арқылы дәріптеу. Белгілі кәсіпкерлер, спортшылар, инфлюенсерлер арқылы ұлттық құндылықтарды танымал ету мүмкіндігі зор. Әрбір танымал тұлға, қоғам белсендісі іс-әрекетінде ең алдымен отбасылық және адамгершілік әрі ұлттық құндылықтың насихаттаушысы жауапкершілігіне ие екенін түсінуі мен қабылдауы маңызды, - дейді Шерхан Арапбай.
Сарапшының пікірінше, жастардың ұлттық құндылықтарға көзқарасы әртүрлі болғанымен, оны оң бағытта өзгертуге болады. Ең бастысы – құндылықтардың негізі отбасылық құндылықты ұлттық құндылықпен ұштастыра заманауи, тартымды және пайдалы етіп көрсету. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу – қоғамның рухани тұтастығын сақтап, ұлттық сананы нығайту үшін маңызды.
P/S: Ұрпақ санасына озық құндылықтарды сіңіру – қоғамның басты міндеттерінің бірі. Бұл бағытта ұлттық болмысты сақтай отырып, заманауи технологиялар мен әдістерді қолдану арқылы тиімді нәтижеге қол жеткізуге болады. Әрбір ата-ана, ұстаз және қоғам белсенділері осы үдеріске өз үлесін қосуы тиіс. Себебі жарқын болашақ – тәрбиелі, білімді және саналы ұрпақ қолында.