Уран – ұранымыз емес

13 Қаңтар 2023, 20:00 2458

Бірақ ол – әлемдік энергетикалық нарықтағы Қазақстанның басты басымдығы

Инфографика жасаудың әлемдегі шеберлерінің бірінен саналатын Дэвид МакКэндлес жуықта әрбір елдің ең үздік нәтижесін көрсететін картаны жасап шықты. Ол бұл картаға қажетті деректерді Бүкіләлемдік банктің есептерінен бас­тап, Гиннестің рекордтар кітабына дейінгі аралықтағы ақпараттардың түрлі де мол көздерін қамти отырып жинақтаған көрінеді. Әрине, бұл картаға біздің Қазақстан да енгізілген. Дэвид МакКэндлестің көрсетуі бойынша, Қазақстан әлемде уран өндіру жөнінен ең үздік ел екен.

Еліміздің соңғы жылдардағы уран өндіру және оны өткізу жөнін­дегі әлемдік деңгейдегі жетістік­терін еске алатын болсақ, Дэвид МакКэндлестің бұл пікірі шындықтан алыс емес екендігіне көз жеткіземіз. Мұны еліміздің соңғы жылдарғы көрсеткіштері дәлелдей түседі. Бұрын уран өндіру көлемі жөнінен Канада, Австралиядан кейінгі үшінші орында келе жатқан Қазақстан 2009 жылдан бастап, аталған екі елден озып шығып, уран өндірісі жөнінен әлем көшін бас­тады. Нақ осы жылы Канада 10173 тонна, Австралия 7982 тонна уран өндірсе, Қазақстан 14020 тонна уран шығарды. Онан кейінгі жылдары бұл көрсеткіш өспесе, төмендеген жоқ. Мәселен, 2012 жылы 19451 тонна уран өндіріп, өзіндік рекордқа қол жеткізді.

Екіншіден, Қазақстан аумағында құрамында ураны бар кен орындары молынан кездеседі. Олардағы уран қорының көлемі 1 миллион тонна мөлшерінде деп есептеледі. Бұл – осал сан емес. Егер Жер шарында әзірге уранның анықталған 5,4 миллион тонна қоры бар екендігін есепке алсақ, оның 20 пайызға жуығы бір ғана Қазақстанның еншісіне тиетіндігін байқаймыз.

Жалпы, әлемде өндірілетін уранның 94 пайызын 9 ел береді. Уран кендеріне ең бай ел Канада деп есептеледі. Демек, барланған уран қоры жөнінен Қазақстан Канададан кейінгі екінші орынға ие. Әлемде уран өндірісін дамыту, атом энергиясының маңызын арттыру жөнінде әрқилы пікірлер бар. Шамасы бұған соңғы жылдары мұнай мен газ өндірісі саласындағы дағдарыс, осы­ған орай, әлемдік энергетикалық нарық­тың әртүрлі қуат көздеріне қарай әртараптандырылған бағыт ұстауы себеп болса керек. Мәселен, соң­ғы жылдары бүкіл әлемде жел және күн энергиясының ресурс­тарын пайдалану ерекше өзекті бола түскендігі сезіледі. Мұнай мен газ тап­шылығына ұрынып отырған Еуропа елдері нақ осы бағытқа қарай ойысуда. Міне, энергетикалық осы дүрлігіс­тің әсерімен әлемдік энергетикалық нарықтың халықаралық сарап­шылары басты шикізаты уран болып табылатын атом қуатын пайда­лану, оны өн­діру технологияларын жетіл­діру мәсе­ле­сіне де ерекше назар аударуда. Неге? Себебі, қазіргі әлемдік энерге­тика­лық жүйенің дағдарысы, одан туындаған әлеуметтік-экономи­калық, экологиялық проблема­лар, баға саясатының ушығуы осы уақытқа дейін пайдаланы­лып келген көмірсутегі қуаттарына балама көздерді іздес­тіруде атом энергетикасының бірқатар ар­тық­шылықтарын анықтап берді.

Жалпы, қазірге дейін әрекет етіп келе жатқан әлемдік энергетикалық тұтыну нарығының 95 пайызы ауаға көмірқышқыл газын шығаратын көмірсутегі өндірісіне, атап айтқанда, мұнай мен газға, көмірге негізделіп келгені белгілі. Ғалымдар мен сарап­шылар осыдан Жер планетасында экологиялық жағдайдың барын­ша асқынып отырғандығын айтады. Көптеген ғалымдар қазіргі күні жүріп жатқан жаһандық жылыну үдерісінің пайда болуына ауаға көмірқыш­­қыл газының мейлінше мол таралуы әсер етіп отыр деп есептейді.

Ал уран­ды отын ретінде пайдаланатын ядро­лық энергетика болса, ауаға көмір­­қышқыл газдарын таратпайды. Тек оны орнымен пайдалана біліңіз. Сонда ол Жер бетіндегі экологиялық жағдайды сауықтыру бағытында көмірсутегі көздеріне балама ретінде әрекет етеді. Мәселен, Халықаралық энергетикалық агенттіктің дерегі бойынша, дүние жүзінде осы уақытқа дейін жұмыс істеп келген атом стан­салары соңғы 45 жылдың ішінде 56 гигатонна көмірқышқыл газының ауаға таралуының алдын алған.  

Атом энергиясының адамзат­қа беретін пайдасы мен бола­ша­ғы үс­ті­міздегі жылы өткен «АТОМЭКСПО-2016» VІІІ халықара­лық форумында кеңінен әңгіме болды. Бұған әлемнің 55 елінен 4,5 мың адам жиналды. Бұл форумға бұрын мұн­шама адам жиналмайтын. Осының өзі әлемнің ядролық энергетикаға назары анық ауып отырғандығын көр­сетті. Осы форумға қатысқан сарап­шылардың пікірінше, егер мұнай мен газ өндірісі тоқтаған жағдайда, оның орнын басуға әлемде әзірге бір ғана энер­гия түрі қабілетті болып табы­лады. Ол – атом энергиясы. Өйт­кені, жер бетінде жел мен күн энер­гия­сын пайдалану барынша кең тара­ды де­ген­нің өзінде дәл қазіргі сәт­те олар­дың өндірісі мұнай мен газ сала­сы­ның беріп келген қуатына қараған­да, түкке де тұрмайтын көрінеді.

Осы­ған орай бірқатар сарапшылар адам­зат алыс болашақта сутегін өн­діру, пай­да­лану мәселесіне қарай ойысуы мүм­кін екендігін айтты. Себе­бі, әлемде су көп. Су біздің Жер шары­ның 70 па­­йы­­зын алып жатыр. Алайда, осы мол дү­ние­ден қуат өндіріп, оны жер беті­­­не таратудың өзі оңайға түспейтін көрі­не­ді. Осы энергия түрін пайдалану мәсе­ле­сін толық жолға қою үшін және оның баға­сын рентабельді ету үшін адамзатқа әлі де бір 70-80 жылдай уақыт қажет екен. Демек, осынау аралық кезеңде, яғни алдағы жылдары мұнай мен газдың орнын басатын бірден-бір энергия түрі болса, ол атом энер­гиясы болып табылады. Сон­дықтан, атом энергиясымен шұғылданушы мамандар осынау аралық кезең ішінде адамзатты энергетикалық дағдарыстан сақтап қала алатын бірден-бір қуат көзі болса, ол – атом қуаты, яғни ядролық энергетика деп есептейді.

«Росатом» атом энергиясы жөнін­дегі мемлекеттік корпора­цияның бас директоры Сергей Кириен­­коның айтуынша, Жер шарын­­да сақталған барлық энер­гия қор­­ларының 98 пайызы атом энер­гия­сының азығы болып са­на­латын уран-238, дейтерий, торий және литий секілді элемент­терге шоғыр­ланған. Тек қалған 2 па­йызы ғана газ, мұнай, көмір және жаңғырмалы энергия көздерінің үлесіне тиеді екен.

Жалпы, атом қуаты ерекше сұрапыл болып табылатындығын адамдардың бәрі біледі. Ал егер нақты деректерге келетін болсақ, тағы да сол Сергей Кириенконың айтуынша, 1 кило уран 1 кило көмірді жаққан кезде бөлі­нетін энергиядан 88 мың есе артық қуат береді. Бірақ, сөйте тұра, ешқандай көмірқышқыл газын шығармайды. Міне, осы жағ­дай­дың өзі жер бетінде атом энер­гетикасының әлеуеті өте зор екендігін көрсетеді.

Уранның тағы бір артық­шы­лығы, оның бағасының мұнай мен газ бағасына қарағанда тұрақты болып келуі. Тіпті, оның бағасы қазіргі мұнай мен газдың бағасы секілді құбылмалы болған жағдайдың өзінде түпкілікті өнімге тигізетін әсері соншама көп емес екен. Өйткені, уранның өзіндік құны атом стансаларында өндірілетін киловатт-сағат қуаттың бар болғаны 4-5 пайызын ғана құрайды екен.

Міне, осындай үлкен қасиет­терге ие бола отырып, атом энер­гия­сының әзірге үлкен бір кем­шілігі барын көреміз. Бұл кемшілік оны пайдалану қауіпсіздігіне бай­­­ланысты туындайды. Соң­ғы жылдары Украинада және Жа­по­нияда болған атом станса­ларын­дағы апат салдары адамзатты дүр сілкіндірді. Демек, біз атом энергиясының мүмкіндіктерін әлі де болса толық мәнінде игере алмай келеміз. Міне, нақ осы бір кемшілік әзірге атом энергиясының қарқынды дамуына тұсау салып келеді.

Бұл сөз болып отырған жайттар біздің байтақ даламыздың тағы бір үлкен қасиетін аша түсетін секілді. Қазақстан – уранға бай ел. Сонымен қатар, тәуелсіздік жылдарында оның өндірісін төрт есеге жуық арттырып, әлемдегі көшбасшылық тізгінді қолға ұстап отырмыз. Демек, уран өндірісі бүгінгі таңдағы біздің әлемдік энергетикалық кеңістіктегі ең басты артықшылығымыз болып есептеледі.

Қазақстан басшылығы бейбіт мақсаттағы осы артықшылықты ел игілігіне айналдыру бағытында халықаралық кеңістікте үлкен жұмыстар жүргізіп келеді. Мұның өзі ең әуелі еліміздің антиядролық бастамаларынан көрініс табуда. Мәсе­лен, БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақ­стан­ның бастамасы негізінде Семей полигоны жабылған 29 та­мызд­ы Халықаралық ядролық сы­­­­нақ­­­тарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялағаны белгілі. Екінші жағы­нан келгенде, бұл антиядролық баста­малар Қазақстанның бейбіт мақсаттағы уран өндірісін сеніммен дамытуына үлкен жол ашып отыр дей аламыз.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ

 

EL.KZ
Бөлісу: