ҰҚШҰ-ның Сыртқы істер министрлері жұмыс кездесуін өткізді

26 Қыркүйек, 22:32 321

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің төрағалығымен БҰҰ Бас Ассамблеясының алаңында жыл сайын өткізілетін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің жұмыс кездесуі өтті, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Министрлер БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-шы сессиясының өзекті мәселелері, сондай-ақ БҰҰ-ның ҰҚШҰ-мен ынтымақтастығының басым бағыттарын талқылады.

М. Нұртілеу әріптестерін Ұйымға ағымдағы төрағалық шеңберіндегі Қазақстанның ҰҚШҰ қызметінің әртүрлі аспектілері бойынша ұстанымы туралы хабардар етті және өңірлік құрылымның одан әрі дамуына байланысты көзқарасымен бөлісті.

Министрлік кездесу дәстүрлі достық сипатта өтіп, тараптар Ұйымның БҰҰ-мен одан әрі өзара тиімді ынтымақтастығын дамытуға ниетін растады.

Сонымен қатар іс-шара аясында Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының басшысы Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен және Беларусь Сыртқы істер министрі Максим Рыженковпен екіжақты кездесулер өткізді.

РФ СІМ басшысымен кездесу барысында тараптар қазақ-ресей ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады, сондай-ақ алдағы іс-шаралардың күнтізбесін қарап, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша «сағаттарын теңестірді».

Беларусь Сыртқы істер министрімен келіссөздер аясында екі елдің саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылдың негізгі аспектілері қозғалды.

Зарина Арман
Бөлісу: