Университеттер мемлекеттік басқару саласының мамандарын бірлесе даярлайды

24 Ақпан 2023, 16:03 887

Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлім етті

ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен «Мемлекеттік басқару», «Мемлекеттік және жергілікті басқару» және «Адами ресурстарды басқару» бағыттары бойынша маман даярлайтын қазақстандық жоғары оқу орындары арасында ынтымақтастық жөніндегі Меморандумға қол қою рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек шараның ашулы салтанатында сөйлеген сөзінде елімізде мемлекеттік басқару саласы, HR қызметі бойынша ғылыми зерттеулер жүргізілуі керек екенін атап өтті.

«Қазіргі таңда елімізде 30-дан астам жоғары оқу орны мемлекеттік басқару саласы бойынша маман даярлайды. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен және Мемлекеттік басқару академиясымен бірлесе отырып, білім бағдарламасын жаңартуымыз қажет. Мемлекетік басқару жүйесін қайтадан зерттеуіміз керек. Себебі, цифрлық күш көп нәрсені өзгертіп жатыр. Ал мемлекеттік қызмет жаһандық өзгерістерге дайын болуы керек. Бірлескен жұмыстың аясында магистранттар мен докторанттар мемлекеттік қызмет жүйесі, HR қызметі бойынша қолданбалы зерттеулермен айналысатын болады», – деді министр.

Алдағы уақытта меморандум аясында ортақ зерттеулер жүргізу, білім беру бағдарламаларын бірлесе әзірлеу және қолданысқа енгізу, мемлекеттік басқару және HR саласы бойынша сарапшылар пулын құру жоспарланған.

Құжатқа қол қою рәсімінен кейін тараптар Меморандум аясында жүзеге асырылатын іс-шаралар бойынша дайындалған Жол картасын талқылады. Енді жоғары оқу орындарының докторанттары мен магистранттары мемлекеттік органдарда практикадан және тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алады.

EL.KZ
Бөлісу: