Универсиададан кейінгі ой

16 Ақпан 2017, 15:54 6239

Спорт

Әлем назарын өзіне аударған дүбірлі дода аяқталды. Әр мемлекеттен келген қонақтар, спортшылар Алматымен жылы қоштасып, елдеріне аттанды. «Тойдың болғанынан, боладысы қызық» демекші, екі аптаға созылған Универсиадаға дайындық екі жылдан астам уақыт жүргізілген еді. Асыға күткен бұл әлемдік дода өтіп кеткенімен, жарқын жеңістер әлі ұзақ уақыт есте сақталары анық. 11 алтын, 8 күміс, 17 қола иеленіп, жалпы есепте екінші орынға көтерілген спортшыларымыздың жеңісімен қатар, еліміздің мәртебесі де асқақтай түсті.

Универсиаданың елімізге әкелген пайдасы мұнымен шектелмейді. Ең басты өзгерісті ол Алматы қаласына әкелгені белгілі. Универсиаданың астанасы болып белгіленген сәттен бастап бұл қала қызу дайындыққа кіріскен еді. Ең әуелі қысқы ойындарды өткізуге арналған ең негізгі үш нысан салынды. Олар – Алатау ауданындағы 12 мың адамға арналған «Алматы-Арена» мұз сарайы, 2 мыңнан астам пәтері бар атлетикалық ауыл және Медеу ауданындағы 3 мың адамға арналған «Халық-Арена» мұз айдыны. Сондай-ақ, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы, «Шымбұлақ» тау-шаңғы шипажайы, «Сұңқар» кешені және «Медеу» мұз айдынына қайта жөндеу жұмыстары жасалды. Негізгі спорт нысандарының құрылысына 146 миллиард тенге жұмсалғанымен, бұл қаржы спортты дамытуға деген инвестиция деуге болады. Себебі, жаңа нысандар алматылықтардың спортқа деген қызығушылығын оятуға үлес қосады. Қазірдің өзінде бұл орталықтарда халықтың қарасы үзілмейді. Болашақта бұдан да үлкен сұранысқа ие болады деген болжам бар.

Дүбірлеп өтіп кеткен Универсиада қаладағы тұрғын үй кезегін 10 пайызға қысқартуға септігін тигізбекші. Өзге елдің спортшыларына арналып салынған атлетикалық ауылдың 1748 пәтері кейін сатып алу мүмкіндігімен жалға беріледі.

Спорттық іс-шараның арқасында үлкен өзгеріске ұшыраған Алматы қаласының Алатау ауданы болды. Қаланың бір шетінде елеусіз жатқан бұл аудан аз ғана уақыттың ішінде жаңа орталыққа айналып шыға келді. Универсиаданың негізгі нысандарын салумен қатар, қысқа мерзімде 15600 пәтерді құрайтын ықшамаудан бой көтерді. Алдағы үш жылда 16 мың пәтері бар 279 үй салынатын болады.  Қысқы ойындарға дайындық барысында аудан арқылы 160 шақырым электр жүйесі мен 200 шақырым магистральді газ жүйесі жүргізіліп, бүкіл Алатау ауданының энергиямен қамтамасыз ету мәселесін шешіп берді. Сондай-ақ, 34 шақырымды құрайтын су құбыры, жаңа жол төсемдері салынды. Жаңа әкімшілік орталықтың толыққанды инфрақұрылымы қалыптасты. Яғни, ауданның бейнесі өзгеріп, беделі артты. Жалпы қала көлемінде алып қарайтын болсақ, аталған шара алып шаһарға тәртіп пен тазалықтан бөлек татулық, бірлік әкелгендей сезілді. Жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатынын алматылықтар жақсы түсінді. Оқу ордаларындағы студенттерден бастап, зейнет жасындағы қарттарға дейін өздерін ұйымдастырушы сезініп, Универсиаданы абыроймен өткеруді тіледі. Айтулы шара өткен соң, көпшіліктің иығынан ауыр жүк түскендей болды. Ал Қазақстан өзінің әлемдік деңгейдегі жарыстарды жоғары деңгейде ұйымдастыруға қабілетті екендігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Жазира Берғалиева
Бөлісу: