Универсиада ойындарының жабылу салтанаты қалай өтті?

9 Ақпан 2017, 10:22 6522

Спорт

Алматыда 28-ші дүниежүзілік қысқы Универсиада ойындары аяқталды. Кеше ресми түрде жабылу салтанаты өтіп, алау 2019 жылғы қабылдаушы мемлекет Ресейге берілді.

Салтанатты шараны «Ұлытау» тобы мен танымал скрипкашы Жәмилә Серкебаеваның сүйемелдеуімен әнші Ардақ Балажанова ашты. Оларға 150 барабаншы жәрдемдесті. Әрі қарай Универсиадаға қатысушы командалар шеруі өтті.

Құрметті қонақтардың қатарында Қазақстан Республикасының Премер-министрі Бақытжан Сағынтаев пен FISU-дің төрағасы Олег Матицын болды.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Алматы өзінің мыңжылдық тарихымен екі аптаның ішінде спорт сүйер қауымның сүйікті қалаларының біріне айналғанын атап өтті.

«Осы уақыт ішінде әлем Қазақстанды, Қазақстан әлемді жаңаша қырынан таныды. Халықаралық қауымдастық халқымыздың тамыры терең мәдениеті мен қанына біткен қонақжайлығын, үздіксіз даму мен әлемдік бәсекедегі қайратын сезді. Алматы Универсиадасы – әлем спортының тарихына өзіндік ізін қалдырды. Дүбірлі доданың салтанатты ашылу рәсімінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Спорт – бейбітшілік пен татулықтың, ынтымақтастық пен тілектестіктің символы. Жер жаһан көз тіккен бұл Универсиада – нағыз жастық жігердің аламаны, жарқын жеңістердің бастауы, болашақ Олимпиада чемпиондарының мектебі» - деген болатын. Расымен де, халық пен халықты, тілегі бір, мақсаты бір жастарды біріктірген Универсиада ең әуелі – шуақты бас қосу болды. Мен әлемдік бәсекеде лайықты өнер көрсеткен Қазақстан құрамасының ойынын ерекше атап өткім келеді. Жарыс қорытындысы бойынша біздің еліміз 11 алтын, 8 күміс, 17 қола медальға қол жеткізіп, жалпы саны 36 медальмен командалық есепте екінші орынға ие болды. Бұл біз үшін зор мақтаныш және баршаңызды жарқын жеңістеріңізбен құттықтаймыз! Біз мұндай жоғары жетістікке спорттың дамуына ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатының арқасында қол жеткізіп отырмыз. Мемлекет басшысына біздің баршамыздың атымыздан алғыс айтуға рұқсат етіңіздер!», – деді Б. Сағынтаев.

Біз мұндай жоғары жетістікке спорттың дамуына ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатының арқасында қол жеткізіп отырмыз. Мемлекет басшысына біздің баршамыздың атымыздан алғыс айтуға рұқсат етіңіздер!

Әрі қарай сөз алған Халықаралық студенттік спорт федерациясының президенті Олег Матицын Алматыны Универсиаданы абыроймен өткізгеніне алғыс айтып  қалаға келешекте жаңа табыстар тіледі.

Сондай-ақ Халықаралық студенттер спорты федерациясының (FISU) туы келесі қысқы Универсиаданың – астанасы Красноярскіге табысталды.Байрақты Алматы әкімі Бауыржан Байбек FISU президенті Олег Матыцинге,ол Красноярск қаласының басшысы Эдхам Акбулатовқа берді.

FISU – дың байрағы табысталғанан кейін арнайы Красноярскіден келген қонақтардың театрландырылған қойылымы көрсетілді.Көрермендерге сібірдегі мегаполистің өмірі мен келесі Универсиаданың концепциясы таныстырылды.Сібір тайгасынан шыққан шамандардың мәдениетін мәнерлеп сырғанаушылар мен бишілер керемет шоу етіп көрсетті.Мұз айдынында тамаша би көрсеткен Алексей Ягудинді көрермендер зор қошеметпен қарсы алды.

Сөйтіп, 10 күн бойы Алатау баурайындағы жанкүйерлер мен көрермендерге спорттық атмосфера сыйлаған Универсиада ойындары да аяқталды. Студенттер ойындарында 12 сайыс бойынша 85 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Жалпы командалық есепте Ресей командасы топ жарды. Олардың еншісінде 28 алтын, 27 күміс және 15 қола медаль бар. Екінші орында Қазақстан құрамасы жеңіп алды. Отандастарымыз 11 алтын, 8 күміс және 17 қола жеңіп еншіледі. Үздік үштікті Оңтүстік Корея түйіндеді. Бұл елдің спортшыларында 11 алтын, 5 күміс және  5 қола медаль бар.

Бек Төлеуов

.

Бөлісу: