Үндістан мен ОА елдері ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшілерінің кездесуі өтті

6 Желтоқсан 2022, 16:48 1343

Кездесу қорытындысы бойынша кездесуге қатысушылар бірлескен коммюнике қабылдады

Үндістан мен Орталық Азия елдері ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшілерінің – қауіпсіздік кеңестері хатшыларының кездесуі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Ақордаға сілтеме жасап.

Нью-Дели қаласында Үндістан мен Орталық Азия елдері ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшілерінің – қауіпсіздік кеңестері хатшыларының алғашқы кездесуі өтті. Оған Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Ғизат Нұрдәулетов қатысты.

Іс-шара барысында жиынға қатысушылар қауіпсіздіктің өңірлік және халықаралық өзекті мәселелері, соның ішінде терроризмге, сепаратизм мен экстремизмге, қару мен есірткінің заңсыз айналымына, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл, халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларындағы ынтымақтастықты дамыту жөнінде жан-жақты пікір алмасты.

Тараптар Ауғанстандағы қазіргі жағдайды және оның өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақтылыққа әсерін, сондай-ақ «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін (INSTC) дамыту перспективаларын талқылады.

Ғизат Нұрдәулетов әріптестерін халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелеріне қатысты Қазақстанның ұстанымы туралы хабардар етіп, «Орталық Азия – Үндістан» диалогы аясында қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық жөнінде бірқатар ұсыныс айтты.

Кездесу қорытындысы бойынша кездесуге қатысушылар бірлескен коммюнике қабылдады. Онда Қазақстан Республикасының БҰҰ аясында Аурулар мен биологиялық қауіпсіздікті бақылау жөніндегі өңірлік орталықтар желісін құру, сондай-ақ арнайы көпжақты орган – Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік (IABS) құру жөніндегі бастамасының маңыздылығы атап өтілді. 

Сапар аясында Үндістан Республикасы Премьер-министрінің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Аджит Довалмен екіжақты кездесу өткізілді.

Тараптар Қазақстан мен Үндістан арасында стратегиялық іс-әрекеттердің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.

Форум мемлекеттер басшыларының «Орталық Азия – Үндістан» атты бірінші саммиті барысында өңірлік қауіпсіздік мәселелерін талқылау үшін Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының тұрақты кездесулерін өткізу туралы қол жеткізілген уағдаластықты дамыту мақсатында ұйымдастырылды (саммит 2022 жылғы 27 қаңтарда бейнебайланыс форматында өтті).

EL.KZ
Бөлісу: