Ұлытаулықтар Шұбаркөл көмір кенішінен қара отынды көлікпен әкетуге рұқсат сұрауда

21 Шілде 2023, 08:22 1041

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Ұлытау облысына жасаған жұмыс сапарында жергілікті халықпен кездесіп, азаматтардың жеке қабылдауын өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ұлт ұясы – Ұлытауда ұйымдастырылған кездесуде өңірге қатысты біраз маңызды сұрақ қойылды. Әсіресе облыста республикалық маңыздағы жолдардың жай-күйі, теміржол және әуе көлік түрлерімен жолаушылар тасымалы, көмір кеніштерінен қатты отынды жеткізу, қатты пайдалы қазбаны игеру, инженерлік инфрақұрылымды тарту және сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз ету, сондай-ақ тұрғын үй қатынастарына байланысты мәселелер өзекті.

Мәселен, ұлытаулықтар Шұбаркөл көмір кенішінен қара отынды автокөлікпен әкетуге рұқсат беруді сұрап отыр. «Бұған қоса көмір саудасы мәселесінде алыпсатарлар әжептәуір қиындық туғызады. Мысалы, кеніштің басында көмірдің тоннасы шамамен 6-8 мың теңгеге сатылса, делдалдар оны 15-18 мың теңгеге саудалайды. Қатты отынның қоры іргемізде тұрып, оны қымбатқа алуымыз қисынсыз. Көмір халыққа тиімді әрі қолжетімді бағада жіберілуге тиіс»,деді Ұлытау ауданының тұрғындары.

Бұл ретте министр көмірді автокөлікпен әкетуге тыйым салу тәртібі неліктен енгізілгенін түсіндірді. Ведомство басшысы айтқандай, ішкі нарыққа, оның ішінде халыққа арналған қатты отынды алыпсатарлар жаппай сатып алуды қолға алып, оны көршілес мемлекеттерге өткізе бастаған. Сол себепті елімізде жылу беру маусымы басталғанда дүрбелеңге жол бермеу үшін осындай амалға баруға тура келген.

Сондай-ақ облыс тұрғындары Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінен Жезқазған – Шымкент бағытындағы әуе рейсінің қашан ашылатынын сұрады. Осы орайда М.Қарабаев бұл бағыттағы авиатасымалға мемлекет тарапынан субсидия қарастырылатынын және тамызда бюджеттік комиссияның отырысы өткізіліп, аталған рейске қаражат бөлу мәселесі белгілі болатынын жеткізді.

«Үкімет басшысы бұл мәселені шілденің 1-не дейін тек пысықтауды тапсырған болатын. Бұл рейс субсидияға жататындықтан кез келген компания келіп, оны бірден қолға алады дегенді білдірмейді. Демек осы бағытқа мемлекеттен қаражат бөлінуі қажет. Осыған байланысты тамызда өтетін республикалық бюджеттік комиссияның отырысында аталған әуе тасымалына тиісті ақшаны қарастырып, қазан айына дейін мәселені шешуге тырысамыз. Өйткені бюджеттік комиссияның отырысы өткізілген соң шамамен бір айдың көлемінде байқау ұйымдастырылып, тасымалдаушы компания анықталуға тиіс. Келесі жылы міндетті түрде болады, ол күмәнсіз. Бірақ күздің аяғына дейін үлгеруге тырысамыз», деді министр.

Ұлытау облысының мәслихат депутаты Бекзат Дайрабайұлы өңірдегі кәріз-тазарту жүйелері әбден тозғанын айтып, ведомство басшысына күрделі мәселені шешуге қолғабыс етуді өтінді. Марат Кәрімжанұлының айтуынша, республика бойынша 68 кәріз-тазарту жүйесі жаңғыртуды қажет етеді. Олардың ішінде Жезқазған мен Сәтпаев қаласының инфрақұрылымы да бар.

«Бұл бағытқа Азиялық даму банкінен қаражат тартуды көздеп отырмыз. Егер де сіз айтқандай, «Қазақмыс корпорациясы» осы мәселеде білгілі бір міндеттемелерін орындамай отырса, онда компания басшылығымен сөйлесейік. Бюджеттен ақшаны бөлуді сұрап тұрсаңыздар, тиісті құжатты тапсырсаңыздар қажетті соманы қарастырамыз. Мысалы, Жезқазғанның жылумен жабдықтау желісін жөндеуге қосымша қаражат керек болып тұр. Оны қыркүйек айында бөліп беруге тырысамыз. Былтыр республика көлемінде сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін тартуға шамамен 280 млрд теңгедей бөлінді», деді ҚР ИИДМ басшысы. 

Сонымен қатар М.Қарабаев жергілікті азаматтарды жеке мәселелеріне байланысты қабылдағанын айта кету керек. Өтініш берушілердің тарапынан Жезқазғандағы әуежайдың ұшып-қону жолағына қатысты, Шұбаркөл көмір кенішінен қатты отынды автокөлікпен әкетуге байланысты сұрақтар қойылды. Бұл тұста ведомство басшысы жоғарыда айтылған мәселелерді заңға сәйкес шешудің жолдарын түсіндіріп берді.

Берік Арманов
Бөлісу: