Ұлытау облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері заңсыз жолмен алтын өндірумен айналысқан 7 адамнан құралған қылмыстық топты ұстады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Оқиға орнынан экскаватор, су соруға арналған құбырлар мен шлангтар, жанармай бөшкесі және құрамында алтын бар 83 қап кен тәркіленді.
Одан әрі іздестіру шаралары кезінде полицейлер тағы екі күдіктіні, аталмыш «өндірістің» ұйымдастырушысы - 23 және 34 жастағы ер адамдарды ұстады.
Олар жол талғамайтын екі көлікпен жүріп бара жатқан жерінен ұсталды.
«Бірінші автокөлікті тексеру барысында бес патроны бар жауынгерлік тапанша табылып, тәркіленді. Екінші көлікте полицейлер үш патроны бар травматикалық тапаншаны тапты. ҚР ҚК - нің 334-бабы «Жер қойнауын өз бетінше пайдалану» және ҚР ҚК-нің 287-бабы «Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр», - деп хабарлады Ұлытау облысы ПД баспасөз қызметі.