Ұлытауда бір үйдің үш баласын асырап алған отбасы 5 жыл бойы құлдықта ұстаған

17 Ақпан, 17:43 6965

Ұлытау облысында бір отбасынан шыққан 2 ұл мен 1 қызды патронаттық тәрбиеге алған отбасы 5 жыл бойы құлдықта ұстаған. Балалар фермада еңбек етуге мәжбүр болған. Бұл жайт бойынша қылмыстық іс тіркелді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева Facebook парақшасында жазды.

Балалар омбудсмені өңірге арнайы барып, облыс әкімі, прокуратура және ІІМ-мен істің мән-жайы мен қажетті шараларды зерделеген.  

Ақпанның басында облыстық прокуратура мен қамқоршылықтың мобильді топтарының тексерісі нәтижесінде бір отбасынан шыққан 1 қыз және 2 ұл анықталған. Патронаттық отбасы оларды балалар үйінен 2018 жылы, балалар 14, 12 және 8 жаста болғанда алған. Балалардың үлкендерін қаладан 20 км қашықтықтағы өз фермаларында ұстап, мал бағуға мәжбүрлеген. Фермада екі табын жылқы және 18 сиыр бар.

Фермаға барып, комиссия мүшелері балалардың өмір сүру жағдайларын көріп шошыды. Денелері көгерген, әрі тыртыққа толы. Жүп-жүдеу, шаршаған, аш, көздерінде жалын жоқ. Кір-қожалақ, киімдері жыртық. Қамқоршы балаларды қорлап, ұрып, азаптап, құлдай жұмсап, 5 жыл бойы балаларға жәрдемақы алып келген деп жазды Динара Закиева.

Балалардың үлкені – қыз, колледжді бітірген. Алайда іс жүзінде сабаққа бармаған. Ортаншы ұл бала колледжде оқиды. Тиісті огандар оқу орнын тексергенде, оларға үнемі балалардың ауырғаны туралы анықтамалар ұсынылып отырған екен.

Қамқоршы қыз балаға жұмыс істемесең немесе шағымдансаң, бауырларыңды көрмейсің деп қорқытқан.

Белгілі болғандай, бұл қамқоршы жақында патронатқа алуға болатын басқа да балалар бар ма деп сұрастырған екен.

Қылмыстық іс тіркелді. Тиісті сараптамалар жүргізілуде.

Қазір балалар қауіпсіз жерде. Оларға психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Облыс әкімі балаларға қолайлы жағдай жасау, көмек көрсетуді, балардың қайда тұратынын, қайда оқитынын жеке бақылауға алды" деп жазды балалар омбудсмені.

Оқи отырыңыз: 

Жансая Әділбек
Бөлісу: