Ұлытауда асық атудан сайысқа 10 мың оқушы жиналды

7 Мамыр 2023, 06:45 1962

Жастар арасында ұлттық ойынды насихаттау мақсатында ұйымдастырылған челлендж, облыстағы барлық білім мекемелерінде бір мезетте өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі 24.kz-ке сілтеме жасап.

Мектеп жанындағы ұлттық ойын үйірме шәкірттерінің шеберлігі сынға түскен жарысқа, олардың ата-аналары да қатысты. 

5 жасынан асық ойнауды әрі жинауды әдетке айналдырған Рамазан Махановтың бүгінде 700-ден астам сақасы бар. Олардың бір бөлігін әкеліп бүгінгі челленджге қатысушы достарына үлестірді. Талай жарыста олжа салған жеткіншек қатарластарына сайыста жеңіп шығудың қыр-сырын да үйретіп жүр. 

Бұл асықты киелі десе де болады. Себебі, жаңағыдай мектепішілік сайыстарға барам, жарыстарға барам әрқашан орын алып келем. Негізі көбінесе бірінші орын алам. Бұл асықты бір тигізсең тигізе бересің, - дейді Рамазан Маханов есімді оқушы.

Жас талғамайтын, күндіз ойнаса мергендікке, түнде ойнаса ептілікке тәрбиелейтін асық ату сайысына мектеп оқушыларымен қатар колледж студенттері де қатысты. Олар жекелей және командалық сынға түсті. Топ-топқа бөлінген қатысушылар асық атудың «Бес табан» және «Бес асық» атты кең тараған түрлері бойынша үздіктерді анықтады. 

Асық ойнауды дәріптеу арқылы ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, балалар мен ересектердің арасында шыдымдылыққа үйрету мақсатымыз болды. Бұл асық ойынына біздің облыстың мектептерінің балаларында қызығушылық өте жоғары. Мектептер арасында біріншіліктер ұйымдастырылып тұрады, - деді Маратбек Жақыпбекұлы, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары.

Кеңестік кезеңдегі «асық ойнаған -азар» деген мақал қазір ұмыт болған. Бүгінде ұлттық ойынымыз ЮНЕСКО шешімімен адамзаттың мәдени мұралары тізіміне енді. Ал елімізде баланы ептілікке, мергендікке, ең бастысы әділдікке тәрбиелейтін ойын түрі мектеп бағдарламасына біртіндеп еніп жатыр. 

Облыстағы 88 мектепте асық үйірмесі жұмыс істеп тұр. Одан бөлек қосымша білім беру ұйымдарында да ұлттық ойындарға ерекше мән берілген.  Ұйымдастырушылар тұңғыш рет өткен шараның ауқымы келер жылы бұдан да үлкен болады деп серт берді.

Берік Арманов
Бөлісу: