Ұлытауда 9,5 мыңға жуық жұмыс орны ашылады

1 Қараша 2022, 13:00 2547

Үкімет Ұлытау облысын дамыту жоспарын мақұлдады

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Ұлытау облысының 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары мақұлданды, деп хабарлайды El.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров жоспардың жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленгенін хабарлады. Оны іске асыруға шамамен 1,4 трлн теңге инвестиция тарту жоспарлануда, бұл әртүрлі салаларда 120-дан астам іс-шараны орындауға мүмкіндік береді.

Мәселен, 9 жаңа зауыт пен өнеркәсіптік кешен, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу бойынша 11 инвестициялық жоба іске қосылады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында 130 км жылу желілерін, 300 км су құбыры желілерін және 127 км су бұру желілерін салу және жаңғырту жоспарлануда.

Медициналық мекемелердің жетіспеушілігі проблемаларын шешу үшін 5 денсаулық сақтау объектісін салу және күрделі жөндеуден өткізу көзделген. Білім беру саласында 880 балаға арналған 4 жаңа балабақша мен 1100 оқушыға арналған 4 оқушылар сарайын іске қосу жоспарлануда, сондай-ақ мемлекеттік техникалық университет ғимаратын салу мәселесі пысықталады.

«Мәдениет және спорт саласында 6 мәдениет нысаны, оның ішінде музыкалық-драма театры, амфитеатр және 10 спорт нысанын салу және реконструкциялау жоспарлануда. Бұдан басқа, тұрғын үй проблемаларын шешу үшін шамамен 137 үйге әсер ететін Жезқазған қаласының тұрғын үй қорын және теміржол вокзалы және әуежай ғимаратын жаңарту жүргізілетін болады. Бұдан басқа, еліміздің басқа қалаларымен әуе қатынасының жаңа бағыттары ашылады деп болжануда, сондай-ақ 400 шақырымға жуық автожол салу, реконструкциялау және жөндеу көзделген», делінген Үкімет хабарламасында.

Сонымен қатар шағын және орта бизнесті дамыту және өңірдің минералдық-шикізат базасын кеңейту жөнінде шаралар қабылданады.

Жиын барысында облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы баяндама жасады.

Премьер-Министр металлургия, химия, жеңіл өнеркәсіп және машина жасау саласын дамыту бағытында Ұлытаудың әлеуеті өте зор екенін атап өтті. Қазақстандағы ең ірі мыс өндіруші кәсіпорын Ұлытау жерінде орналасқан.

«Кешенді жоспарды орындау жаңа облыстың дамуына айтарлықтай серпін береді және өңір халқының әл-ауқатын арттыруға жағдай жасайды. Сонымен қатар тұрғын үй және көлік инфрақұрылымын, әлеуметтік саланы дамыту бойынша жобалар іске асырылып, экологиялық проблемалар шешіледі», деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, металлургия өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығын қарқынды дамытуға ерекше назар аударылады.

Жеке инвестициялар есебінен орташа қуатты мұнай өңдеу зауыты, биоэлектр станциясы мен химия зауыты салынады.

Сонымен қатар энергетика саласында №2 Жезқазған жылу электр станциясын салу және Сәтбаев қаласында №1 жылу станциясын жаңғырту көзделіп отыр. Ал кәсіпкерлікті дамыту үшін Жезқазғанда көтерме-тарату орталығы, 3 қонақ үй кешені, демалыс үйі салынады. Сондай-ақ жергілікті бюджет қаражаты есебінен «Табысқа жету жолы» атты бизнесті қолдаудың өңірлік бағдарламалары әзірленеді.

«Ең бастысы, 2026 жылға дейін 9,5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады. Көріп отырғанымыздай, Кешенді жоспарда бірқатар өте маңызды іс-шара қамтылған», деді Әлихан Смайылов.

Отырыс қорытындысы бойынша, Үкімет басшысы Ұлттық экономика министрлігі мен Ұлытау облысының әкімдігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жоспардағы барлық іс-шаралардың уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. 

EL.KZ
Бөлісу: