Ұлытау тұрғыны марганец рудасын заңсыз өндіріп, 3 млрд теңге тапқан

27 Қыркүйек, 09:35 346

Қаржылық мониторинг агенттігі Ұлытау өңірінде марганец рудасын рұқсатсыз өндіруге және кейін оны заңдастыруға қатысты тергеуді аяқтап, істі сотқа жіберді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Аталған азамат 2020-2023 жылдар аралығында ешқандай рұқсат құжаттарынсыз Ұлытау облысындағы «Восточный карьерінен» марганец рудасын заңсыз өндірумен айналысқан. Қылмыс «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ-ның аэроғарыштық суреттерінің көмегімен анықталды.

Жер қойнауын өз бетінше пайдалану фактілерін тергеп-тексеру барысында карьер орналасқан жер учаскесін пайдалану жөніндегі уәкілетті органдардан берілмегені, сондай-ақ жоғарыда аталған азаматтың тиісті тіркеуі жоқ екені анықталды.

Кейіннен күдікті жалған шот-фактураларды жазып, заңсыз өндірілген марганец рудасын заңдастырып, республика бойынша және шет мемлекеттерге өткізген. Марганец рудалары өнеркәсіптің әртүрлі салаларында – металлургияда, химияда, керамикада, шыныда, ал оның қосылыстары – фармацевтика өнеркәсібінде қолданылады.

Мемлекетке 1 млрд теңгеден астам шығын келген. Заңсыз өндірілген кен көлемі 16 мың тоннаны құрап, жалпы сомасы 3 млрд теңгеден асады.

Күдіктінің 337 млн теңгенің жылжымалы және жылжымайтын мүлкі тәркіленді. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге де мәліметтер жария етілуге жатпайды.

ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі, - делінген ақпаратта.
Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: