Ұлытау облысында төрт адам құтқарылды

21 Ақпан 2023, 19:43 1571

Ұлытау облысында төрт адам құтқарылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 

19 ақпанда сағат 21:09-да 112 пультке сол күні түстен кейін Жезқазған қаласынан УАЗ автокөлігімен "Малшыбай" қыстағына 4 адам жолға шығып кеткені туралы хабарлама келіп түсті. Жолда олардың көлігі бұзылып, әрі қарай жаяу  кеткен, боран мен желдің салдарынан олар жүру бағытын жоғалтып, нәтижесінде 4 адам адасып кетті.

Құтқару операциясы ТЖД күштерімен және құралдарымен жүргізілді, құрамында Ұлытау облысының үш құтқарушысы бар топ жоғары өтпелі ТРЕКОЛ техникасын пайдалана отырып, іздеу операциясын бастады.

Кешкі сағат он бірде Қорғанбай ауылынан өтіп бара жатқан құтқару тобы көліктің іздерін байқап, іздеуді жалғастырды, сол кезде ауа райы нашарлап, боран басталды, бұл техниканың қозғалысын қиындатты, көріну нашарлап кетті, осыған байланысты іздер жоғалып, Қызылжар ауылына кіріп, жергілікті тұрғындардан сұрады, бірақ өкінішке қарай ауылдағы тұрғындар көлікті көрмеген, іздеу одан әрі жалғастырды.

Түнгі сағат бірде ТЖД қызметкері спутниктік байланыс арқылы шығып, Өткелбай қыстағынан 5 шақырым жерде УАЗ табылғанын, көлікте ешкім жоқ екенін хабарлады. Жақын жерде іздер болды, іздеулер одан әрі қарай жүрді.

Түнгі сағат екіде Ұлытау облысының құтқарушылары барлық төрт адамды тапты. Олар Қызыладыр қыстауында болған, олардың екеуі Жезқазған қаласына эвакуацияланды, екеуі қыстауда қалды.

Барлығы аман-есен, медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, 18-19 ақпанда Ұлытау облыстық ТЖ департаменті дауылды ескерту туралы ақпарат берген болатын. Өңірде желдің, боранның қатты екпіні байқалды.

EL.KZ
Бөлісу: