Ұлытау облысында 29 елді мекенді су басуы мүмкін

21 Ақпан 2023, 13:35 980

Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі мәлім етті

Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлының төрағалығымен Ұлытау облысындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өткен жылдары су тасқыны кезеңдерін талдау барысында Ұлытау облысының аумағында 29 су тасқыны қаупі бар елді мекен анықталды. Аталған елді мекендердегі тұрғын үйлердің саны 648, халық саны - 3262 адамды құрайды.

Облыс бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Е. Байыровтың ақпараты бойынша, өңірде төтенше жағдайларға ден қоюдың барлық жүйесін су тасқыны кезеңіне дайындау бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде.Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері су тасқыны қаупі төнген елді мекендердің тұрғындарымен үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Халықты хабардар ету мақсатында "Дармен" мобильді қосымшасы арқылы хабарламалар жіберіледі. Сондай-ақ, жергілікті телеарналарда, әлеуметтік желілерде су тасқыны салдарының алдын алу және су тасқыны кезіндегі қауіпсіздік шаралары туралы мақалалар үнемі жарияланып тұрады. Су тасқыны кезеңінің жай-күйін ғарыштық маневр жасау арқылы бақылау мақсатында "Қазақстан Ғарыш Сапары" акционерлік қоғамымен 2023 жылға қызмет көрсетуге шарт жасалды.

Облыстың су басқан аумақтарының дайындығын тексеру мақсатында Департаменттің мобильдік топтары құрылды.

Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін одан әрі жетілдіру үшін ел аумағында төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-қимылдарға «Көктем-2023» Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өткізіледі.

Облыстың қалалары мен аудандарында (Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал, Жаңаарқа және Ұлытау аудандарында)          су тасқынына қарсы іс-шаралар пысықталатын болады, сондай-ақ Жаңаарқа ауданында Сарысу өзенінің көтерілуіне байланысты су басуға жол бермеу жөніндегі шұғыл қызметтердің өзара іс-қимылы пысықталатын болады.

1 наурыздан бастап Департаментте облыстық Азаматтық қорғау жүйесінің барлық салаларының жұмысын толық үйлестіретін жедел штаб құрылады.

Су тасқыны кезінде төтенше жағдайларды жою мақсатында ТЖ департаментімен 34 бірлік арнайы және қосалқы техника дайындалды.

Төтенше жағдай туындаған кезде халықты эвакуациялау үшін 42 эвакуациялық бекет, сыйымдылығы 12 адам болатын 2 шатыр, 376 төсек, 161 төсек-орын дайындалды.

Қазіргі уақытта облыстың өзендері мен су айдындары қысқы режимде. Мұздың қалыңдығы 40-50 см құрайды.

Азаматтық қорғаныс органдары су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде және қатаң бақылауда.

EL.KZ
Бөлісу: