Ұлытау облысында 1 жылда қандай өзгеріс болды?

19 Желтоқсан 2023, 04:33 1904

Орталық коммуникациялар қызметі өңірлермен бірлесіп 2023 жылдың қорытындысына арналған жобаны жалғастыруда, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Кезекті материал Қазақстанның жаңа облыстарының бірі – киелі Ұлытаудың пайда болуы мен жандану тарихына арналған. Қазақстанның дәл орталығында орналасқан өңір 2023 жылы бар күш-жігерін ілгері даму үшін берік іргетас қалауға бағыттады.

Келешегі жоқтан озыққа дейін

Ұлытау облысы 2022 жылғы 8 маусымда құрылды. Облыста 2 аудан, 3 қала бар. 2023 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша онда 220 мыңнан астам адам тұрады.

Өткенге және Ұлттық статистика бюросының деректеріне көз жүгіртсек, халықтың аздығы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге әсер еткен. Бұл заңдылық. Олардың көпшілігі бойынша Ұлытаудың Қарағанды ​​облысымен ортақ өңірдегі үлесі 20-25%-ға әрең жететін.

Бірақ облыс орталығы – Жезқазған қаласына жаңа мәртебенің берілуі жергілікті тұрғындарға сенімін ұялатты. Қала қайта жаңару мүмкіндігіне ие болды және оны тиімді пайдалана білді.

Біріншіден, дайындық алдын ала басталды. Қала мен кіреберіс жолдар ретке келтірілді.

Екіншіден, Даму, қаржыландыру жоспарлары шұғыл әзірленіп, жұмыстар қолға алынды.

Ұлы таулар аумағында аз уақытта не өзгерді?

Алға қойылған міндеттерге қол жеткізудің негізгі құралдарының бірі – өңірдің қаржылық өзін-өзі қамтамасыз етуі. Бүгінгі таңда облыстық бюджет 145,4 млрд теңгені құрайды. Республика көлемінде көрсеткіштер көп болмаса да, жан басына шаққанда жаман емес. Жыл басынан бері облыстық бюджеттің өз кірістері 35,9 млрд теңгеден 40,8 млрд теңгеге дейін ұлғайды.

Өңірді дамыту жоспарында минералдық-шикізаттық базаны арттыру, оның ішінде тамырлы кварц өндірудің жыл сайынғы көлемін ұлғайту, жаңа учаскелерді игеру, кен орындарын геологиялық барлау көзделген. Сонымен қатар жаңа өндіріс орындары ашылуда.

Мәселен, биыл Талап ауылында қуаттылығы жылына 20 млн дана кірпіш шығаратын кірпіш зауыты іске қосылды, бұл облысқа сырттан әкелінетін құрылыс өнімдеріне тәуелділігін 20%-ға азайтуға мүмкіндік берді.

Жалпы инвестиция көлемі 10 млрд теңгеден асатын 3 жобаны іске асыру жалғасуда.

Өңірде жергілікті тұрғындар кәсіпкерлікті белсенді түрде дамыта бастады. Тиісті Ұлттық жоба аясында ШОБ субъектілерінің 218 бастамасы 7,2 млрд теңгеге қаржыландырылды. Жастардың 59 идеясы 270 млн теңгеге 2,5%-бен берілген шағын несие түрінде қолдау тапты. Ауыл халқын қолдауға бағытталған «Ауыл аманаты» жаңа бағдарламасына қатысуға ниеттілер саны күн сайын артып келеді. Оған республикалық бюджеттен 3,3 млрд теңге бөлініп, оның жартысына жуығына өтінімдер мақұлданды.

Ұлытау жер қойнауын пайдалануға байланысты дәстүрлі қызмет түрлері бойынша ғана емес, сонымен қатар агроөнеркәсіптік қызмет саласында және басқа да бірқатар жаңа жобалармен тартымды болып отыр. Мәселен, 2023 жылдың қазан айында Ұлытау облысының әкімдігі, отандық және шетелдік инвесторлар арасында қуаттылығы 1 ГВт жел паркі мен қуаттылығы жылына 100 жел қондырғылары мұнараларының секцияларын шығаратын зауыт салу жобаларын іске асыру бойынша ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды. Жезқазған қаласында бұл зауыттың капсуласы салынды.

АӨК саласында да ауқымды жоспарлар бар. Жалпы, 230-дан астам жаңа жұмыс орнын құрумен жалпы құны 7 млрд теңгені құрайтын 6 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Олардың қатарында Жаңарқа ауданында мал сою цехы бар 10 мың басқа арналған мал шаруашылығы кешені, Жезқазған қаласындағы құс етін өндіретін құс фабрикасы, Сәтбаев қаласындағы құс етін өңдеу цехы, Жезқазған қаласындағы ұн тарту кешенін жаңғырту, кемінде 400 га алқапта картоп пен көкөніс өсіру, жемшөптік ауыспалы егістерді құрумен ауданы 100 га құрғақшылыққа төзімді мал азықтық дақылдарды енгізу бар. Бұл жобаларды жүзеге асыру ішкі нарықты 30 пайызы құс етімен, сүт өнімдерімен, картоппен және көкөніспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, бүгінде облыстың Ұлытау ауданында кемінде 400 гектар аумақты суару жобасы жүзеге асырылып жатыр. Инвестиция көлемі 320 млн теңгені құрады. Облыста алғаш рет жаңбырлатып суару жабдығы алынды.

Жаңғырту денсаулық сақтау саласында да жүргізілуде. Жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттер салынып жатыр, Сәтбаев қаласындағы ауруханада, Жаңаарқа көпсалалы орталық аудандық ауруханасы жанындағы емханаларда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, бірқатар қалалық және ауылдық ауруханаларға медициналық құрал-жабдықтар мен санитарлық көлік сатып алынды. Қазақстан Республикасындағы қатерлі ісікке қарсы күрестің 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес «Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп, онкологиялық орталықты материалдық-техникалық жарақтандыру қамтамасыз етіледі.

Сондай-ақ, облыста алғаш рет жаңадан келген 12 медицина қызметкерінің әрқайсысына 5 млн теңгеден жәрдемақы төлеу мәселесі шешілді. Келесі жылы тағы 30 қызметкерді тарту жоспарланып отыр.

Ұлытаудағы ғасыр құрылысы

2023 жылы Ұлытау облысында мемлекеттік бағдарламалардың арқасында 729 отбасы тұрмыстық жағдайын жақсартып, кезекте тұрған 70-тен астам адам баспаналы болды.

Қазіргу уақытта өңірде құрылысшыларға сұраныс жоғары. Себебі, барлық жерде дерлік құрылыс жүріп жатыр. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында екі жыл ішінде 3600 орындық 6 жайлы мектеп салынады. Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының оқушылары үшін 200 орындық жатақхана салынуда. 40-қа жуық білім беру нысаны күрделі және ағымдағы жөндеуден өтті, 45 пәндік кабинет сатып алынды, Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында 320 орындық балабақшалар салынып жатыр.

Облыста тағы бір үлкен оқу орны – Ұлытау техникалық университетінің бой көтермек. Жобаның бірегейлігі – оған Канада университеттері консорциумының қатысуы жоспарланған. Алдын ала халықаралық тәжірибе, әсіресе университеттердің қалаларды көтерген мысалдары зерттелді. Университетті кезең-кезеңімен ашудың 2023-2024 жылдарға арналған Жол картасы әзірленді. Жергілікті билік бұл жобаға үлкен үміт артып отыр, бұл экономиканы әртараптандыруға, жастардың келуіне, техникалық саладағы кадрлық әлеуетті нығайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға әкеліп, үлкен экономикалық серпіліс бермек. Университет үш жыл ішінде іске қосылуға тиіс.

Өңірді дамытуға арналған логистика

Жыл басынан бері барлығы 172 км жол қайта жаңғыртылып, жөнделсе, оның 15 шақырымы республикалық, 53 шақырымы облыстық маңызы бар жолдар. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 12 млрд теңгеден астам сомаға 45 км және 59 км қалаішілік жол жөнделді.

Сонымен қатар, Алматы мен Астана бағытында күнделікті әуе рейстері мен «Тальго» пойыздары қайта қатынайтын болды. Қазан айында Шымкентке әуе рейсі ашылып, бір айдан соң рейстер жиілігі аптасына екіден үшке дейін артты. Бұл туризмді дамыту үшін маңызды.

Этно- және экотуризм

Түрлі дәуірдегі киелі орындар мен тарихи ескерткіштердің болуы Ұлытаудың туристік әлеуетін арттыруға , соның ішінде этно- және экотуризмді дамытуға мүмкіндік береді. Отандық және шетелдік туристер саны үнемі артып келеді. Шетелдік қонақтар саны 2 есеге жуық өсті.

Жергілікті билік туристік инфрақұрылымды дамыту бойынша да жұмыс жасауда: қонақ үй кешендері ашылып, бизнеске инвестиция шығындарының 10%-ын өтеу түріндегі мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылуда, «Жошы хан» кешені мен Домбауыл кесенесіне дейінгі тарихи-мәдени жерлерге жаңа жолдың құрылысы аяқталады. Ұлытау өңіріндегі Әулиетау тауының етегін, Күмісбұлақ және Тасбұлақ бұлақтарының аумағын абаттандыру жұмыстарының нобайлары  әзірленді.

Әлеуметтік жауапкершілік қағидатын ұстанатын адамдардың пікірінше, өңірде білім беру мен денсаулық сақтауға, сондай-ақ экономиканы дамытуға жұмсалған барлық инвестицияның нәтиежесі алдағы жылдары байқалады. Себебі, бұл парыздық сезім ғана емес, сондай-ақ  болашағы зор кіші Отанының гүлденуіне деген сенім. 

Берік Арманов
Бөлісу: