Ұлыстың Ұлы күнін өзге ұлт өкілдері қалай тойлайды?

23 Наурыз 2023, 12:00 1921

Наурыз – түркі халықтарына ортақ мереке. Сондықтан да Ұлыстың Ұлы күнін түркітілдес елдер ерекше сән-салтанатпен қарсы алады. El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі туысқан ұлттардан көктем мерекесін қалай қарсы алатыны жөнінде сұраған еді.

Тәжік ұлтының өкілі Акбаржан Исмаилов - Қазақстан халқы Ассамблеясы Кенесінің мүшесі, Қазақстандағы Тәжіктердің республикалық этномәдени орталығынын төрағасы. Айтуынша, Наурыз – көршілес елдердің барлығы тойлайтын, аса маңызды мерекенің бірі.

Қазақ елімен бірдей тойлаймыз

Наурыз мейрамын тәжік ұлты да қазақ халқы сияқты өте жақсы қарсы алады. Бұл күні бір-бірінің үйіне қонаққа барып, дәм татып, құрмет-қошемет көрсетіп ерекше тойлайды. Салт-дәстүр, мәдениетті ұлықтап, ұлттық тағам пісіреді. Қазақтың Наурызынан айырмашылығы жоқ. Қазақ елімен бірдей тойлаймыз. Тағамдарында ғана аздаған айырмашылық бар. Бізде бұл күні «сумәләк» деген ұлттық тағам жасалады. Сондай-ақ дастарханға бауырсақ пен түрлі дәндер қойылады. Келген қонақтар дастархандағы тағамнан ауыз тиіп, бір-біріне рахметін айтып, амандық-саулық сұрасып, арқа-жарқа болып қалады, - дейді Акбаржан Исмаилов.

Ұйғыр халқы да наурыз мерекесін ерекше қарсы алады. Дәстүр бойынша бірінші тазалық жұмыстарын жүргізіп, мереке кезінде әрбір үйге кіріп, арнайы құттықтап шығады.

Әр жылды ерекше қарсы аламыз

Наргиза Махмудидің сөзінше, Наурыз мейрамы – жаңа жылдың басы.

Ұлыстың ұлы күні мен үшін аса маңызды. Бала күнімізден әр жылы асыға күтіп, ерекше қарсы аламыз. Біздің халық Наурызды бір ай бойы тойлайды. Қазақстанда туып өскендіктен, дастарханымызда міндетті түрде наурыз көше болады. Өйткені, наурыз мерекесін көжесіз елестету  мүмкін емес, - дейді.

Сондай-ақ ол Наурыз мейрамында дастархан жайып, жақын туған-туыстарды шақырып, олармен бірге бас қосып, үлкен мейрам ретінде атап өтетіндерін айтты.

Бізде әртүрлі салт-дәстүр бар. Мәселен, бала дүниеге келген сәттен бастап айтатын болсам, бесік тойы бар. Он екі күн болғанда сәбиге есім қойып, сол күні үлкен той жасайды. Оған ер кісілер де әйелдер де келеді. Баланың бесік тойын жасар кезде ұлдың тойын ерте жасай беруге болады. Яғни, 35 күнмен 41 күннің аралығында. Ерте жасаса, қалыңмал аз болады деген ұғым қалыптасқан. Ал қыз баланың бесік тойын қалың малы жақсы болсын деп 40 күннен асырып жасайды. Біздегі ерекшелік, қырық суын немесе бесік тойы кезінде бұл жерге тек қана әйел адамдары қатысып, қырқынан шығарады. Одан кейін сүндет той болады. Әр түрлі салт-дәстүрді ұстанады, - дейді ол.

Ұйғыр ұлтының әдет-ғұрпындағы тағы бір өзгеше дәстүр бар бар. Бұл екі жас үйленгеннен кейін күйеу жігіт қалыңдықтың үйіне барып "осындай әдемі қызды дүниеге алып келгеніңіз үшін" деп үлкен гүл шоғын қыздың анасының құлағына қыстырады.

Күйеу жігіт тойдан кейін қыздың анасының құлағына гүл қыстырып, рахметін айтады. Осындай бір ерекше дәстүр бар. Жалпы біздің ұлтта қазақ халқынан аса айырмашылық жоқ. Қаншама ұлт пен ұлыс Қазақстанда тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Бәріміз бір дастархан басына жиналып, осы мерекені бірге қарсы аламыз. Наурыз көже жеті түрлі дәннен жасалады деп жатады ғой. Мұның да өзіндік сыры бар. Аталарымыз бұрынғы уақытта күн жылып қар еріген сәтте жиналып, қыстан қалған дән, бірі сүрленген ет әкеліп үлкен тайғазанға асады екен.  Осылайша қыстан аман-есен шыққандарына шүкіршілік етіп, ортақ қазаннан барлығы бірге ас ішкен. Наурыз көже содан шыққан болса керек.  Ұлыстың ұлы күні ұлттық тағам – самса, хошан, самбоза деген сияқты тағамдардың бәрін дастарханға жаямыз. Қонақ құт-береке алып келеді. Ұлыстың ұлы күні баршамызға құтты болсын, - деді Наргиза Махмуди.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: