Ұлыбританияда екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды

28 Қаңтар 2023, 16:05 1095

Бұл туралы Сыртқы істер министрлігі мәлім етті

ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары  Президенттің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Ержан Қазыхан Ұлыбританияға жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі 

Сапар аясында Ұлыбританияның Сыртқы істер және халықаралық даму министрлігінің басшылығымен, Министрлер кабинетінің жоғары лауазымды тұлғаларымен, Парламент комитеттерінің төрағаларымен, Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі парламенттік топтың мүшелерімен, Қазақстан-Британ қоғамының төрағасымен, сондай-ақ іскер топтардың өкілдерімен кездесулер өткізілді. Келіссөздер барысында екіжақты саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы, сондай-ақ халықаралық дамудың өзекті мәселелері талқыланды. 

Ұлыбританияның талдау орталықтарының өкілдерімен жеке кеңейтілген кездесу шеңберінде қазақстандық-британ ынтымақтастығының перспективалары және халықаралық пен өңірлік күн тәртібі мәселелері бойынша жан-жақты пікір алмасылды. 

Е. Қазыхан Астана мен Лондон арасындағы әріптестікті нығайтудың маңыздылығын және сауда-инвестициялық саладағы ынтымақтастықты арттырудың елеулі әлеуетін атап өтті. Президенттің арнаулы өкілі Форин-офис басшылығына, британ Парламентінің мүшелері мен сараптамалық қоғамдастық өкілдеріне ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ҚР-дағы ауқымды саяси және экономикалық өзгерістердің іске асырылу барысы туралы ақпаратты жеткізді. 

Өз кезегінде, британ тарапы Қазақстан Ұлыбританияның Орталық Азиядағы негізгі және стратегиялық әріптесі екенін атап өтіп, Қазақстан-Ұлыбритания ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға ниет білдірді. Сонымен қатар, британ үкіметі мен парламент өкілдері Мемлекет басшысының реформалар бағытына қолдау білдіріп, Қазақстандағы саяси жаңғырудың уақыттылығы мен өзектілігін атап өтті. 

Сапар қорытындысы бойынша тараптар екіжақты байланыстарды жоғары деңгейде жалғастыруға келісті. 

EL.KZ
Бөлісу: