Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы Жеңістің 80 жылдығы туралы айтып кетті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, алдағы екі аптада әлемдік маңызы бар тарихи оқиға – Ұлы Жеңістің 80 жылдығы кең көлемде атап өтіледі. Президент бұл датаның ерекше маңызын атап өтіп, Қазақстан халқы үшін Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің орны айрықша екенін айтты. Ол: «Қазақстанның майдангерлері мен тыл еңбеккерлері – барша халқымыз Отан үшін отқа түсті», – деп, сол бір ауыр кезеңде елдің барша азаматы жанқиярлықпен еңбек еткенін еске салды.
Президенттің пайымдауынша, Ұлы Жеңіс тек тарих парағы емес, бүгінгі заман үшін де үлкен сабақ. Ол: «Ұлы Жеңістің тағылымы барша халыққа, әсіресе, саясаткерлерге ксенофобияға, нәсілдік және ұлттық үстемдікке, халықаралық құқық қағидаттарын құрметтемеуге құрылған жауапкершіліктен жұрдай саясат жүргізудің салдары қандай қасіретке әкелетінін әлі күнге дейін көрсетіп отыр», – деп, өткеннен сабақ алу қажеттігін атап көрсетті.
Тоқаев Жеңістің 80 жылдығына дайындық жұмыстары алдын ала басталғанын жеткізді. Оның айтуынша, осыдан бір жарым жыл бұрын арнайы «Ұлы Жеңіс: ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» атты жоспар қабылданып, жүзеге асырыла бастаған. Бұл ауқымды бағдарлама аясында екі мыңнан астам мәдени, ғылыми-зерттеу, ағартушылық және әлеуметтік іс-шаралар өткізу жоспарланған.
Президент атап өткендей, ең басты назар ардагерлерге бағытталады. «Ең бастысы, әрине, мемлекет пен қоғамның ерекше қорғауында болатын құрметті ардагерлерімізге айрықша көңіл бөлеміз», – деді ол. Сондай-ақ, бұл мерейтой ерлікке тағзым етудің, жас ұрпаққа батырлық пен елжандылықтың мәнін түсіндірудің маңызды кезеңі болмақ.
Сонымен қатар, Тоқаев республикалық ономастикалық комиссияның жаңа шешіміне тоқталып өтті. Оның сөзінше, «бірер күн бұрын менің тапсырмаммен республикалық ономастикалық комиссия елді мекендердегі 500-ден астам көшеге бұған дейін елеусіз қалған жергілікті қаһармандардың есімін беру туралы шешім қабылдады». Президент бұл қадамды Ұлы Жеңіс қатысушыларына деген терең құрметтің белгісі ретінде бағалады. Ол: «Бұл шешім – Ұлы Жеңісті, оған қатысушыларды қаншалықты қадір тұтатынымызды көрсететін маңызды қадам», – деп, тарихи әділеттіліктің орнауына баса назар аударды.
Жеңісті ұлықтаудың ең жарқын көрінісі ретінде Тоқаев әскери шерудің маңызын ерекше атады. Оның айтуынша, «мерекелік шаралар легі ауқымды әскери шеруге ұласады. Түптеп келгенде, бұл әскери шерудің мән-маңызы зор болмақ». Ол бұл шеруді екі жақты мағынада бағалап, бір жағынан оны майдангерлер мен тыңгерлерге тағзым деп, екінші жағынан қазіргі күрделі геосаяси ахуалда ұлттық рухтың мықтылығын паш ететін символ ретінде қарастырды.
Себебі мұны бір жағынан майдангерлер мен тыңгерлерге тағзым десек, екінші жағынан қазіргі күрделі геосаяси ахуалда ұлттық рухымыздың мықтылығын көрсететін символ деуге болады, – деді Мемлекет басшысы.
Осылайша, Президенттің сөзіне сүйенсек, Ұлы Жеңіс – батырлар ерлігін еске алу ғана емес, бүгінгі ұрпаққа бағыт-бағдар болатын рухани тірек. Жеңісті ұмытпау – парызға адал, антқа берік болған қаһармандарымызды жадымызда сақтау, сол ерлікті ел санасына сіңіру деген сөз.