Ұлтымыз ұйғыр болғанымен отбасымызбен қазақ тілінде сөйлейміз - Гүлвира Ташполатқызы

21 Мамыр, 10:01 7744

Бүгінгідей әлемдегі геосаяси ахуал асқынып тұрған кезеңде татулықтың, тыныштықтың қадірі қымбатқа түседі. Десе де, ел болғаннан кейін ұлт арасына іріткі салушылар шығып жататыны жасырын емес. Әсіресе, оны әлеуметтік желілерден байқап қаламыз. El.kz ақпараттық агенттігінің  тілшісі бұл мәселеде айтар ойы бар ұлты ұйғыр болса да, қазақ тілін өзінің туған тіліндей құрметтейтін Гүлвира Ташполатқызын сөзге тартты.

Елімізде әр ұлтқа өзінің тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін сақтауға барлық мүмкіндік берілген. Осы ретте кейіпкеріміз қазақ тілін білу мәселесі ешқандай қиындық туғызбайтынын айтады. Өйткені ол бүгінде 2008 жылдан бастап «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» акционерлік қоғамында қазақ тілінен аудармашы болып жұмыс істейді. Өзі Алматы облысы Ұйғыр ауданы Тиірмен ауылында дүниеге келген.

Мен орта мектепте ұйғыр тілінде білім алып, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің филология факультетін қазақ тілінде бітірдім. Мектепте оқып жүрген уақыттан бастап қазақ тілін жетік меңгердім. Сол себепті жоғарғы оқу орнын еш қиындықсыз бітірдім. Үйде отбасымызда өз ана тілімізде сөйлесек, ал сыртта көршілерімізбен қазақша сөйлесетін едік. Мен үшін бұл үйреншікті жағдай еді, – дейді Гүлвира Ташполат.

Жоғарғы оқу орнын бітірген соң 2008 жылы «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» акционерлік қоғамына қазақ тілінен аудармашы болып жұмысқа тұрады. Бұл ұйым Қазақстанда жол бейініндегі жалғыз ғылыми-зерттеу институт.

Негізгі міндеті – ғылыми, техникалық, нормативтік құжаттарды, жалпы айтқанда құжат айналымындағы барлық құжаттамаларды орыс тілінен қазақ тіліне аудару. 2022 жылы институтымыздың бас кеңсесі Алматы қаласынан Астана қаласына ауысты. Жұмыс барысымен мен де осы жаққа көшіп келдім. Бұл менің еңбек жолымдағы жаңа серпін болды десем де болады. Жаңа ортада жаңа адамдармен жұмыс істеу барысында мемлекеттік тілді одан сайын меңгеріп келемін, – деді ол.

Гүлвираның сөзінше, мемлекеттік тілді Қазақстанда тұрған барлық адам білуі тиіс. Көбісі оның ұйғыр екенін біле бермейді екен. Ал білген кезде бәрі одан қызығушылық танытып, қазақ тілін қалай жетік меңгергенін сұрап, таңқалып жататын көрінеді.

Мен үшін мемлекеттік тіл – егемендіктің, тәуелсіздіктің ең биік көрінісі. Қай елдің болмасын өз тілі жоғары мәртебеге ие болуы керек. Бүгінгі таңда елімізде мемлекеттік тіл мәселесіне үлкен назар аударылды. Бүкіл хат алмасу, құжат айналымы, іскерлік қарым-қатынастар қазір ресми түрде мемлекеттік тілде, яғни, қазақ тілінде жүргізіліп жатыр. Жас ұрпақ өз ана тілінде білім алып, оған үлкен құрметпен, патриоттық сезіммен қарай бастады, – дейді.

Оның ойынша жан-жақты дамыған, білімді, саналы, зайырлы мемлекет болу ана тілді құрметтеуден басталады. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген нақыл бекер айтылмағанын атап өтті.

Соңғы жылдары әлеуметтік желілерде түрлі ұлт өкілдері тілге қатысты шу шығара бастады. Арасынан арандатушылар да шығып жатыр. Оны әлеуметтік желілерден байқап та жүрміз.

Бүгінгі таңда қоғамда ұлт арасында іріткі салушылар да бар. Еліміздегі орта және одан жоғары буын кеңес үкіметінің қағидатымен өмір сүріп келді. Бірақ оларды «өз тіліңді жетік білмейсің» деп сөгу орынды емес деп ойлаймын. Менің ортамда өз тілін жетік білмесе де, отаны, туған жері үшін барын салып жүркен нағыз азаматтар өте көп, – дейді.

Қазіргі жас ұрпақ жан-жақты дамыған, өз ана тілімен бірге бірнеше тілді де сөйлей білетінін айтады. Олардың өз еліне деген сүйіспеншілігі мен көзқарасы да бөлек деп отыр.

Еліміздің тыныштығы, берекесі, өркендеуі  қоғам ішіндегі достықтан, ауызбіршіліктен, сыйластықтан тұрады. Осы ұстанымдар ел тыныштығының кепілі. Сондықтан іріткі салушылардың артынан еріп, бөгде көзқарасты ұстанбай, ұлт тыныштығын сақтап жүру әрбір азаматтың Отан алдындағы парызы деп білемін, – деді.  

Қазақ тілін білу және өте жақсы меңгеру қызметтік еңбек жолына да әсер етіпті. Жетік меңгергеннің арқасында қазір халықаралық деңгейде өз орны бар ғылыми-зерттеу институтынының маманы болып отырғанын жеткізді.

Біздің институт ғылыми-зерттеу жұмыстарынан басқа жол қозғалысы қауіпсіздігінің кепілі болған сапалы жол-құрылыс материалдары, инновациялық әзірлемелер, саланы цифрландыру, кадр тапшылығын шешу бойынша қомақты  жұмыстар атқарып жаңа шыңдарды бағындыруда. Сол мекемемізбен сонда жұмыс істеп жүрген бәріміз де жаңа табыстарға жетудеміз, – дейді.

Гүлвира Ташполат отбасында өз ана тілі ұйғыр тілінде сөйлесетінін тілге тиек етті. Десе де, отбасы қазақ тілінде еркін сөйлейді.

Менің қоғамдағы ортам, ауылдағы көрші-қолан, ұжымымдағы әріптестерім әр түрлі ұлт өкілдерінен құралған. Сол ортама байланысты қазақша, орысша сөйлесемін. Туып өскен жерім – Қазақстан. Оны өз отаным деп білемін. Оның көркеюіне, дамуына, алға ілгерілеуіне әрқашан септігімді тигізуге тырысамын, – дейді.

Елде болып жатқан жақсы жаңалықтарға кейде қуанып, кей сәтте бірге мұңаятынын айтады.

Мен үшін Қазақстан – ақар тауы көп, болашағы зор, өз халқына үміт сыйлап, достық пен сыйластықты жоғары қойған мемлекет. Бауырына түрлі ұлтты баса алған Қазақстан менің үйім, мені және отбасымды жылы құшақпен қабылдап, дамып келе жатқан зайырлы мемлекет, – дейді Гүлвира Ташполат. 

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: