Ұлттық жобалалар қалай жүзеге асып жатыр?

30 Маусым 2023, 13:30 1182

Елімізде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» және «Жайлы мектеп» ұлттық жобалары жүзеге асырылып жатыр. Бұл ұлттық жобалардың негізгі мақсаты неде және қазіргі күні қалай жүзеге асырылып жатыр? El.kz ақпарат агенттігі тілшінің мақаласынан оқи аласыздар.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының мақсаты – ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсету деңгейін арттыру.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы мектептердегі орын тапшылығын болдырмауға, апатты жағдайдағы және ұшауысымды мектептер мәселесін толығымен шешуге бағытталған.

Бұған дейін Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті «Жайлы мектеп» және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобаларын іске асыру барысын талқылаған болатын. Осы ұлттық жобаларға жауапты органдар жұмыстарды қалай жүргізіп жатқанын түсіндіріп берді.

Ауылдағы ағайынның денсаулығы назарда болады

Денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаев «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы жайлы мәліметтерді бөлісті.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық жобасы бекітілген. Ұлттық жобада үш міндетті жүзеге асыру көзделіп отыр, - деді Жандос Бүркітбаев.

Бірінші міндет - 655 объекті салу, оның ішінде 250 медициналық пункт, 242 ФАП және 160 дәрігерлік амбулатория. Олардың 309 объектісі 2023 жылы, 2024 жылы 346  салынады.

Екінші міндет - 32 заманауи көпбейінді орталық аудандық аурухана ұйымдастыру. Солардың ішінде тиісті бөлімшелер ашылады. Атап айтқанда, инсульт және кардиология орталықтары, травматология, артопедия бөлімшелері.

Медицина саласында «алтын сағат» ережесі бар. Қазақстанда ауырған азаматты бір сағаттың ішінде жеткізіп, жоғары медициналық көмекті көрсетуіміз керек. Осы кезде ғана пациентке көмек көрсетіледі. Сондықтан 32 аурухана бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Жалпы біздің есебіміз бойынша, 4 млн халыққа жоғары медициналық көмек беріледі, - деп толықтырды вице-министр сөзін.

Үшінші міндет – ауылдық денсаулық сақтау объектілерін медициналық кадрлармен қамтамасыз ету. Мұнда 1 100 адамды медициналық қызметкерге дайындау жоспарланып отыр. 2023 жылы 600 адам, 2024 жылы 500 адам.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асырудың болжамалы шығыстарына тоқталып өтті.

Қазір жобаға 217 млрд теңге бөлінген. Оның сомасы жобалық-сметалық құжатты шыққаннан кейін нақты болады. Медициналық пунктер, фельдшерлік-акушерлік пункті және дәрігерлік амбулатория салуға 17 млрд теңге бөлініп отыр. 2023 жылы жоспарланып отырған 309 объектке 56 млрд теңге резервте тұр. 2024 жылы салынатын 346 объектке 60 млрд теңге жоспарда, - деп айтты Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі.

Сонымен қатар көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды медициналық жабдықтармен қамтамасыз етуге 644 медициналық техника жобада тұр. Оған 2023 жылы 14,2 млрд теңге, 2024 жылы 24,8 млрд теңге бөлінген.

Жаңа денсаулық сақтау объектілері мен медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетуге 228 медициналық объект тұр. Оған 2024 жылдан бастап 4,5 млрд теңге жобада тұр.

Вице-министр Жандос Бүркітбаевтың айтуынша, 32 аурухананы игеріп, қосқаннан кейін оған ақша бөлінеді.

Осы сұрақтарды шешу үшін бірыңғай жобалауда бірқатар сұрақты шешу қажет болды. Ол үшін «Turar Healthcare» ұлттық операторы бірыңғай жобалаушы ретінде белгіленді. Оның ішінде жобалаудың бірыңғай тәсілі, жобалау мерзімін оңтайландыру, ғимараттың сыртқы параметрлерін стандарттау бар. 655 объекті бойынша негізгі жұмыстар аяқталды. Негізгі жұмыс типтік жобаларды әзірлеу болатын. Бұл жұмыстар аяқталуға жақын. Сонымен қатар 32 клиника бойынша да жұмыс бүгінгі күні аяқталуға жақын қалды. 2025 жылға қарай Мемлекет басшысының тапсырмасын сапалы аяқтаймыз деп ойлаймын, - деп атап өтті ол.

Жалпы 655 нысан аясында 1 млн адамға алғашқы санитариялық көмек қолжетімді болады, ал 32 клиника бойынша 4 млн азамат жоғары медициналық көмекке қол жеткізе алады.

«Жайлы мектеп» оқушыларға жайлы бола ма?

Оқу-ағарту вице-министрі Айбат Ілиясов атап өткендей, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қабылданды. Ұлттық жобаны іске асыру аясында 2026 жылға дейін қалаларда және ауылды елді мекендерде заманауи талаптарға сай келетін 800 мыңға жуық жаңа оқушы орнын пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Ұлттық жобаны әзірлеу барысында осыған дейін мектептерді салу кезінде орын алған проблемалар ескерілді. Тиісінше ұлттық жобаның ең маңызды ерекшелігінің бірі – мектептердің дайын күйінде тапсырылуы. Яғни салынған мектептер оқу процесіне қажетті құрал-жабдықтармен, пәндік кабинеттермен толық жабдықталады, - деді вице-министр.

«Жайлы мектептің» жабдықталуына қатысты ерекшеліктер мынадай:

- «дайын күйінде тапсыруға» ерекше тәртіп бойынша салу (құрылыс мерзімдерін қысқарту, қымбаттауға жол бермеу);

- құрылыс пен жабдықтаудың бірыңғай стандарттары;

- оқу жабдықтары мен жабдықтарының толық жиынтығы (пәндік кабинеттер, заманауи зертханалар);

- балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шарттары;

- кабинеттердің алаңдары мен санының мемлекеттік білім беру стандарттарына сәйкестігі.

Ұлттық жоба аясында салынатын мектептердің құрылысында және оларды құрал-жабдықтармен және жиһазбен жабдықтауда отандық өндірушілердің қатысуына басымдық берілуі қарастырылып отыр.

Жаңа мектептер қалай жабдықталады?

- эргономикаға сәйкес оқу жабдықтары мен жиһаздардың толық жиынтығы (бастауыш және жоғары сыныптарға арналған жеке блоктар, трансформатор-мобильді парталар, трансформациялау мүмкіндігі бар акт залы, балаларға арналған шеке шкафтар, оқу зертханалары, ауыз су бұрқақтары, Wi-fi бар жоғары жылдамдықты интернет);

- жаңа модификация кабинеттері (оқу зертханалары, компьютерлік сыныптары бар физика, химия, биология кабинеттері, интеллект, робототехника кабинеттері, STEM-зертханалар);

- «Әмбебап дизайн» қағидатын ескере отырып, арнайы білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған мектеп кеңістігі;

- Мектеп кеңістігінің заманауи эстетикалық тартымды көрінісі, ішкі көрінісі (ұлттық стиль, білім алушылар мен педагогтердің қауіпсіздігі үшін бейнебақылау, дыбыстық хабарлау, қауіп туындаған жағдайда есіктер мен блоктарды бұғаттау функциялары);

- спортпен шұғылдану үшін толыққанды жағдайлар (1-4 және 5-11 сынып оқушыларына арналған спорт залдары, волейбол, баскетбол, футбол, теннис, жүгіру алаңдары);

- оқу және демалыс аймақтары (кітап және оқу залдары, кітапханасы, электронды кітапханасы бар кітапхана, әр қабатта коворкинг-аймақтар);

- білім алушылардың шығармашылық әлеуетін дамыту аймақтары (әмбебап шеберханалар мен студиялар, бастауыш кәсіптік білім беруге арналған кабинеттер – тігінші, аспаз, IT, ағаш ұстасы және т.б.);

- тамақтану блоктары (асханалар, буфеттер, тамақ дайындау аймақтары, азық-түлік сақтау аймақтары және т.б.);

- педагогтерге арналған жабдықталған жұмыс аймақтары (коворкинг-аймақтар және т.б.).

Мектептерді инженерлік-коммуникациялық желілерге қосу әкімдіктерге жүктелген.

Ұлттық жобаның іске асырылуы барысына тоқталып өтті.

Салынатын мектептердің жобалық қуаттылығы 300, 600, 900, 1 200, 1 500, 2 000 және 2 500 оқушыға арналған. Жобалау аймақтардың климаттық ерекшеліктерін ескере отырып жүргізіліп жатыр. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ нысаналы құрылысты іске асырушы дирекция ретінде белгіленген. 2023 жылдың соңына дейін 226 мектептің құрылысын бастау жоспарланып отыр. Оның ішінде дирекция арқылы салу тетігі бойынша 217 мектеп, тауар түрінде Астана және Алматы қалаларында 9 мектепті салу жоспарланған. Биыл 7 наурызда «Samruk-Kazyna Construction» мектептерді дайын түрінде тапсыруды көздейтін 185 лотты қамтитын 20 конкурс жариялаған болатын, - деп түсіндірді Айбат Ілияов.

Жайлы мектептердің ерекшелігі неде?

«Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ғабит Малғаздаров мекеменің мектептерді салуда жүргізіп жатқан жұмыстары жайлы мәлімет берді.

Қазақстан бойынша 401 мектепті салу қарастырылып отыр. 2023 жылы 226 мектептің құрылысы басталып, 2024 жылы аяқталуы керек. Ал қалған 175 мектеп 2025 жылы аяқталуы тиіс. Оның ішінде Түркістан облысында 63 мектепке, Маңғыстау облысында 63 мектепке, Астанада 24 мектепке, Шымкентте 25 мектепке және Алматыда 22 мектепке қажеттілік бар.

Ең көп салынатыны - 600 орындық 78 мектеп, 300 орындық 75 мектеп және 1 200 орындық 73 мектеп.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынатын білім ордаларының айырмашылығы – қазіргі мектептерге қарағанда ауылда салынатын да, қалада салынатын да мектептер бірыңғай болады. Сондай-ақ спорт залдардың және мектептердің жалпы көлемдері ұлғаяды, пәндік кабинеттермен, зертханалармен толық жабдықталады. Сонымен бірге бастауыш және жоғары сыныптар бөлек блоктарда оқиды, соған сәйкес бөлек кіреберістері де болады, - деп түсіндірді Ғабит Малғаздаров.

Айтуынша, жаңадан салынатын мектептерде желдету және ауа баптау жүйелері болады.

Қауіпсіздік шараларына да ерекше көңіл бөлініп отыр.

«Жайлы мектеп» жобасы қандай мәселені шешеді?

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова «Жайлы мектеп» жобасының іске асырылуына қатысты ойын айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» жобасының негізгі екі мақсаты бар. Олар – оқушы орны тапшылығын шешу және мектептердегі білім беруді жаңа сапаға көтерілуін қамтамасыз ету. Осы орайда үш мәселеге тоқталып өткім келеді. Бірінші, Алматы облысы мен Түркістан облысы. Мұнда демографиялық өсім жоғары, халқы тығыз орналасқан және үшауысымды мектептер өте көп. Оқушы тапшылығы қатты сезілетін екі өңірдегі құрылыстың толыққанды аяқталуына «Samruk-Kazyna Construction» ұйымы және Оқу-ағарту министрлігі мүдделі деп ойлаймын, - деді депутат.

Жұлдыз Сүлейменова атап өткендей, бұл жоба жалпы еліміздің тәуелсіздік тарихындағы мектептердің құрылыстары, сапасы бойынша үлкен саяси шешім болғалы тұр.

Оның құрылысының сапалы жүзеге асырылуы, уақытылы аяқталуы және дер кезінде эксплуатацияға берілуіне қатысты біз «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы аясында оны енгіздік. Сондықтан бүгінгі таңда қоғамдық бақылау субъектілері үш формада, бұл – қоғамдық талқылау, қоғамдық сараптама және қоғамдық мониторинг жүргізе отырып, осы «Жайлы мектеп» жобасы құрылысының дер кезінде сапалы жүзеге асырылуына өздері де жауапкершілік таныта алады, - деп түсіндірді мәжілісмен.

Сонымен бірге депутат білім беру процесін ұйымдастыру бағыттарына тоқталды.

«Жайлы мектептің» материалдық шарт жағдайы жоғары болатындығы ұлттық жобада нақты айтылып отыр. Бірақ біз қолданыстағы Білім және ғылым министрлігінің №70 бұйрығына өзгерістер енгізу қажеттігін көріп отырмыз. Біріншіден, зертханалардың, оның ішінде ауылдық өңірлерде ашылатын 183 мектептің зертханаларын жыл сайын қамтамасыз етуде қиындық туындамас үшін виртуалды және онлайн зертханаларды кеңінен қолдану мәселесіне қатысты бұйрыққа өзгеріс енгізу қажет, - деп толықтырды Жұлдыз Сүлейменова сөзін.

Ол «Жайлы мектеп» жобасы аясында психологиялық және педагогикалық қызметтер, тәрбие жұмысы жаңа жүйеде жүзеге асырылуы қажеттігі көрініп тұрғанын айтты. Депутат ата-аналар мектепте өздерінің қолайлы ортасы қалыптасқан білім беру жүйесі болғанын құп көретінін айтты.

Сонымен бірге кадрмен қамтамасыз ету де өзекті мәселе екенін қоса кетіп, осыған қатысты өз ұсыныстарын айтуға дайын екенін жеткізді.

Аягөз ҚҰРМАШ
Бөлісу: