Ұлттық ұланның үздік шаңғышылары анықталды

2 Наурыз, 19:32 462

Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығында әскери қызметшілер арасындағы шаңғы жарысының жеңімпаздары марапатталды. Жарысқа 15 командадан барлығы 60 спортшы төрт жас санатында бақ сынады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ұлттық ұлан баспасөз қызметінің мәліметінше, жеке есепте Медет Сағындық (35 жасқа дейін), Ерік Мусаипов (40 жасқа дейін) және Мақсат Қалдаев (45 жасқа дейін ) топ жарды.

45+ санатындағы бәсеке аса тартысты өтті. Бар болғаны бір секунд айырмашылықпен жауынгерлік дайындық бас басқармасы бастығының орынбасары Жанболат Төлегенов жеңіске жетті.

Командалық есепте «Б» орталығы жеңімпаз атанды. Ал күміс жүлде Жауынгерлік дайындық бас басқармасы мен әскер қызметі бөлімі құрамасына бұйырды. Қола жүлдені Байланыс басқармасы иеленді.

Жеңімпаздарға медальдар, мақтау қағаздары және ауыспалы кубок табыс етілді.

Марапаттау рәсімінде Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары Бауыржан Абжанов қысқы спорт түрлерінің төзімділікті сынап, денсаулықты нығайтатынын және әрдайым бабында болуға көмектесетінін атап өтті. Сондай-ақ жарыс қатысушыларын құттықтап, жаңа жетістіктер тіледі.

Асқар Таудай
Бөлісу: