Ұлттық ұлан экипажы Ақтөбе өңірінде жиырмадан астам баланы құтқарды

14 Сәуір, 00:22 895

Қазақстандағы су тасқыны. ҚР ІІМ Ұлттық ұланының ұшқыштары 43 адамды эвакуациялады, оның ішінде Ақтөбе облысындағы су басқан Нұра кентінен 23 бала бар, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

3656 астаналық әскери бөлімі Ми-171Е тікұшағының экипажы құрамында: командир Қанат Ахметов, ұшқыш-штурман Нұрболат Советбеков және борт технигі Асхат Жукин Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында сағат 16.30 шамасында Нұра кентінің ауданында ұшу кезінде судың ортасында үрейде тұрған адамдарды байқады.

Дереу шешім қабылдаған ұландықтар су басқан аймаққа қиын жағдайға қарамастан қонып, халыққа қолұшын берді. Ең алдымен, әйелдер мен 23 балаға көмек қолын созды. Ұшқыштар су тасқынынан зардап шеккендерді Ырғыз аудан орталығына жеткізгеннен кейін, олар қызметін жалғастыру үшін Ақтөбе қаласына бет алды.

Айта кетейік, құқықтық тәртіп әскерлерінің авиациясы табиғи апаттан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетуге белсенді қатысуда. Бүгінгі таңда Ұлттық ұланның 2 Y-8 әскери-көліктік ұшағы және 3 Ми-171Е тікұшағы жұмылдырылды. Олар қазірдің өзінде 1200-ден астам адамды эвакуациялап, су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға 91 тоннадан астам гуманитарлық жүк жеткізді.

Перизат Саденова
Бөлісу: