Ұлттық ұлан академиясын жас офицерлердің 23-ші легі аяқтады

18 Маусым 2023, 10:39 1225

ҚР Ұлттық ұланы Академиясынан жас лейтенанттардың 23-ші шығарылымы аттанды, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.   

Polisia.kz-тің жазуынша аталған жоғары оқу орнын биыл 186 түлек бітірді. Оның ішінде сегіз жас лейтенант үздік үлгеріммен аяқтады. Қазақстандық түлектермен бірге Тәжікстан Республикасының он түлегі диплом алды. Айта кетейік, жоғары оқу орнын үздік бітірген төрт түлек Мемлекеттік рәміздер күні лейтенанттық погондарды мерзімінен бұрын алған болатын. Ішкі істер министрі мен өңір әкімінің қолынан көптен күткен ерекше үлгідегі дипломдарды бірінші болып оқу орнын үздік бітірген түлектер алды.

Құқық қорғау ведомствосының басшысы түлектердің Академия қабырғасында алған терең теориялық білімі, мұқият кәсіби дайындығы және моральдық-психологиялық шынығуы олардың одан әрі дамуына берік негіз болатынына сенім білдірді.

Отандық әскери академиялар мен институттар халықаралық стандарттарға сай болуы үшін Мемлекет басшысы III Бүкілармиялық кеңесте бірқатар міндеттер қойған болатын. Сондықтан Академияның әлемдік стандарттарға толық сәйкес келуі үшін көп нәрсе істеу керек. Осы ретте мемлекеттің қамқорлығының арқасында білім ордасы аумағында заманауи оқу корпусының, казарманың және спорткешенінің құрылысы жүріп жатыр, сондай-ақ ғимараттарға күрделі жөндеу жұмыстары жасалуда. Сонымен қатар Алматы, Шымкент және Өскемен қалаларындағы оқу орталықтарының базасында Академияның филиалдары құрылды, – деді Марат Ахметжанов.

Солтүстік Қазақстан облысы басшылығының атынан түлектерді оқу орнын сәтті аяқтауымен облыс әкімі Айдарбек Сапаров та құттықтады.

Аға буынның батылдығы мен ерлігінен үлгі алу – сіздердің міндеттеріңіз. Ол үшін нағыз командир және тәлімгер болу керек. Принцип пен табандылыққа сүйеніп қызмет етіңіздер. Кез келген сын-тегеуріндерге қарсы тұрып, ұлттық мүдделерімізді қорғауларыңыз қажет, – деді ол.

Өз кезегінде Тәжікстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлерінің қолбасшысы Сухроб Орзу Рауфзода ҚР ІІМ және Ұлттық ұлан басшылығына жылы қабылдауы үшін және елімізге жұмыс сапарымен келуге мүмкіндік жасағандарына ерекше ризашылығын білдірді.

Жылдан жылға біздің республикалар арасындағы әскери ынтымақтастық дипломатиялық байланыстардың маңызды салаларының бірі ретінде дамып келеді. Мемлекетаралық келісімдерге сәйкес біздің курсанттар ҚР Ұлттық ұланы Академиясында оқиды және 10 жылдан бері жыл сайын Тәжікстан Республикасы Ішкі әскерлерінің қатарын толықтырады. Бүгінде ҚР Ұлттық ұланының оқу орнын бітірген жоғары білікті 89 офицер Тәжікстан Республикасы Ішкі әскерлерінің бөлімшелерінде абыроймен қызмет етіп жүр, – деді Сухроб Орзу Рауфзода.

26 жыл ішінде оқу орны төрт мың жас офицерді дайындаған. Олар Ұлттық ұлан офицерлер құрамының қатарын толықтырып отыр. Оның ішінде 400-ден астам түлек Қарулы Күштерге, ҰҚК Шекара қызметіне, Мемлекеттік күзет қызметіне, Төтенше жағдайлар министрлігіне және ІІМ арнаулы бөлімшелеріне одан әрі әскери қызмет өткеруге жіберілді. Көптеген түлектер құрамалар мен әскери бөлімдерді басқарады. Ал олардың кейбіреулері Бас қолбасшылықта және әскерлердің өңірлік қолбасшылықтарының штабтарында басшылық лауазымдарда қызмет етеді.

 

Асқар Таудай
Бөлісу: