Ұлттық құрылтайдың аясында салық реформасын талқылау өтті. Бұл жөнінде Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
"Әлеуметтік-экономикалық даму" секциясында сөз сөйлеген Ерлан Саиров салық реформасының қазіргі таңда барша қазақстандықтарды алаңдатып отырғанын айтты.
Бұл мәселе бүгінгі күні барлық азаматтарды мазалап отыр, себебі ҚҚС-тың көтерілуі әр қазақстандыққа әсер етеді. Біз, депутаттар, әділетті жүйе құруды ұсынып отырмыз, мұнда қаржылық жауапкершілік тек қарапайым азаматтарға ғана емес, сондай-ақ, еліміздің стратегиялық ресурстарын иеленіп отырған өте бай және ауқатты адамдарға да тиесілі болуы тиіс, – деді Ерлан Саиров.
Депутаттар бұған дейін тау-кен металлургия және мұнай секторындағы зауыт иелеріне берілетін салықтық жеңілдіктерді алып тастау мәселесін көтерген. Халық қалаулысының айтуынша, бұл бағытта нақты жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар, құрылтай қатысушылары дивидендтерден салық төлеу мәселесін де талқылады. Қазіргі уақытта Қазақстанның резиденттері мен резидент емес азаматтары дивидендтерден салық төлемейді.
Табиғи ресурстар – бүкіл халықтың ортақ байлығы болғандықтан, оларды игеріп жатқан адамдардың экономикалық жауапкершілігі жоғары болуы керек. Біз қазір дәл осы мәселелерді талқылап жатырмыз, – деді Саиров.