Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Ұлттар лигасының топтық кезеңін аяқтады. Бұл жолы В дивизионында алты матч өткізді. Құраманы ресейлік маман Станислав Черчесов дайындады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Иә, бұлай айтуға ғана жеңіл. Осыдан бір жыл бұрын Магомед Адиевтің тұсында Қазақстан Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алуға бір қадам қалған еді. Биыл ол деңгейімізден түсіп, тіпті гол соғуды ұмыттық. Алты матчтың бесеуінде жеңіліп, біреуінде тең түстік.
Осы қарашада Станислав Черчесов шәкірттері екі матч өткізді. Алдымен Алматыда Аустрияны қабылдады. Сол ойында басты өзгеріс қақпаны Стас Покатилов күзетті. Бұған дейін Адиев те, Черчесов те Игорь Шацкийге сенім артатын. Осы жолы «Тобыл» қақпашысы ұзақ уақыт үзілістен кейін негізгі құрамға оралды.
Бірақ Покатилов та Қазақстанды жеңілістен құтқарып қала алмады. Ал жарақатына байланысты қорғаушы Марат Быстров және сары қағаздың көптігіне орай Нұралы Әліп пен Ислам Чесноков кездесуге қатыса алмады.
Ральф Рангник бапкер Алматыға тек жеңіс үшін келгенін алғашқы минуттан байқатты. Бірден допқа иелік етіп, Қазақстан қақпасын торуылдаумен болды. Бұл ойлары көп күттірмей, тез жүзеге асты. Қарсыластың матчтың 15-минутында есеп ашты. Біздің қорғаушылардың қателігін Кристоф Баумгартнер тиімді пайдаланды. Арада 10 минут өткенде қорғаушы Александр Марочкин тәртіп бұзып алаңнан қуылып кетті. Бұл нүктеден айып тепкісін орындаған Михаэль Грегорич мүлт кеткен жоқ. Есеп – 0:2-ге жетті.
Амал жоқ, Черчесов бапкер Бауыржан Исламханның орнына қорғаушы шығарды. «Атырауда» ойнайтын Әділбек Жұмахановқа мүмкіндік берілді. Екінші таймда шабуылда жүрген жігіттерді де ауыстырды. Бірақ ештеңе өзгермеді. Бірінші таймдағы есеп өзгеріссіз қалды.
Матчтан кейін Черчесов «өз қателігімізден жеңілдік, жалпы ойынға көңілім толады» дегендей қылды.
Осы ретте белгілі футбол ардагері, сарапшы Юсуп Щадиевтің пікірін білген едік.
Аустриялықтар өте мықты құрама. Бұл ойынға фаворит ретінде келді. Қазақстанның жолы алғашқы минуттардан болмады. Екі голды да өз қателіктерінен кейін жіберді. Оның үстіне бірінші таймның дәл ортасында алаңнан негізгі қорғаушы қуылды. Марочкиннің қызыл қағазынан кейін Айымбетовті ауыстырып, Исламханды қалдырған дұрыс еді. Өйткені Абат қазір Түркияда алаңға сирек шығатын болғандықтан бұрынғы бабында емес, - дейді Юсуп Щадиев.
Ол Қазақстанның басты сәтсіздігіне футболшылардың ойын тәжірибесінің аз болуы себеп деп отыр. Өйткені құрамадағы жігіттердің басым бөлігі өз клубтарында қосалқы құрамда отыр.
Негізгі құрамдағы тек 2-3 жігіт ғана алаңға тұрақты шығады. Қалғаны өз клубтарында қосалқы құрамда тоздырып жүр. Бұған легионерге қойылған лимиттің әсер еткені тағы бар. Қазақстан құрамасы сапында ел чемпионы атанған «Қайраттың» бірде-бір ойыншысы жоқ. Мұның өзі көп нәрсені аңғартады. Себебі «Қайрат» керемет академиясы бола тұра чемпион атану үшін легионерлерді топырлатып алды. Басқалар да шетелдік ойыншылардың көмегіне сүйеніп жатқан соң, олар да сол жолды таңдады. Легионерлерге шектеудің болмауының соңы осыған жеткізеді, - дейді сарапшы.
Бір кездері Ресейден келіп, Қазақстан азаматтығын алып, ұлттық құрамада бірнеше матчқа қатысқан Алексей Попов қазіргі кездегі нәтижеге де, ойынға да көңілі толмайтынын айтты.
Барлығы басшылықтың Черчесовтің алдына қандай мақсат қойылғанына байланысты деп бірнеше рет айтқанмын. Егер әлем чемпионатына жолдама алуды көздесе, онда әңгіме басқа. Мұндай тұста Черчесовті қызметінен қуудың қажеті жоқ. Егер алғашқы турдан жақсы ойын көрсетуді көздесе, онда Черчесовтің қызметінде қалу мүмкіндігі аз. Ресейде де басында бәрі орнынан алып тастауды сұраған. Алайда әлем чемпионатына дейін ешкім тиіскен жоқ. Енді бас бапкердің мәселесін Қазақстан футбол федерациясы шешеді, - дейді Алексей Попов.
Қазақстан – Аустрия – 0:2
Голдар: Кристоф Баумгартнер, 15 (0:1). Михаэль Грегорич, 25 (0:2).
Ескерту: Ян Вороговский, 90+1.
Алаңнан қуылды: Александр Марочкин, 23.
Қазақстан: Стас Покатилов, Ян Вороговский, Александр Марочкин, Әлібек Қасым, Сұлтанбек Астанов, Аслан Дарабаев (Еркін Тапалов, 57), Асхат Тағыберген, Бауыржан Исламхан (Әділбек Жұмаханов, 25), Бактиер Зайнутдинов (Жан Али Пайруз, 68), Абат Айымбетов (Рамазан Кәрімов, 46), Максим Самородов (Ғалымжан Кенжебек, 68);
Аустрия: Александр Шлагер, Кевин Дансо, Стефан Пош (Филипп Мвене, 64), Филипп Лиенхарт, Александр Прасс, Конрад Лаймер, Николас Зайвальд (Матиас Зайдль, 64), Кристоф Баумгартнер (Джуниор Адаму, 72), Патрик Виммер (Кевин Штогер, 72), Романо Шмид (Андреас Вайман, 77), Михаэль Грегорич;
Рефери: Мариан Барбу;
Аналитикалық SofaScore сайтының бағалауы бойынша Қазақстан құрамасы сапынан ең көп ұпайды қақпашы Стас Покатилов жинады. Оған 7,5 ұпай қойылды.
Алматыдағы жеңілістен кейін Черчесов команданы бастап, Ослоға ұшты. Қыркүйектің басында Эрлинг Холанд бастаған жігіттер гол соға алмай, бір саусақтарын іштеріне бүгіп кеткен еді. Осы жолы аямайтынын және білді. Норвегия сапынан команда капитаны Мартин Эдегор ғана жарақатына байланысты қатыса алмады. Қалған мықтылар қатарда болды. Жалғыз Холанд ғана емес, былтыр «Реал» қақпасына покер жасаған Александер Сёрлот пен жас жұлдыз Антонио Нусалар да алғашқы минуттан бой көрсетті.
Қазақстан да Нұрәлі Әліп пен Ислам Чесноковтың көмегіне жүгіне алды. Бірақ одан өзгерген ештеңе жоқ. Столе Сольбаккен шәкірттері ашулы шықты ма, әйтеуір бірден іске кірісіп, жерлестерімізді аяған жоқ.
Бірінші таймда үш, екінші кезеңде тағы екі доп қақпамызға кірді. Эрлинг Холанд хет-трик жасады. Қазақстан футболшылары жоқ жерден қателесіп, голдардың басым бөлігін өздері сыйлады десек те болады. Черчесовтің алмастырған ойыншылары да ештеңе бітірмеді. Қорытынды есеп – 5:0.
Айтпақшы, ресейлік маманның тактикалық жаңалығының бірі – биыл маусым бойы ҚПЛ-да оң қапталдағы қорғаушы болып ойнаған Еркін Тапалов орталық тіреуіш жартылай қорғаушы ретінде шығарғаны болды. Бірақ үзілістен кейін бұл жоспары жүзеге аспай, ауыстырып тастады.
Позитив тұрғысынан келсек, Әлібек Қасым мен Нұралы Әліп басқаларына қарағанда тәуір ойнады.
Ұлттар лигасында Әліп 16 рет допты қарсыласынан жұлып алған. Бұл жағынан ол екінші орында тұр. «Ақтөбе» қорғаушысы Қасым допты шығарып тастаудан көшбасшы. Әлібек 46 рет допты сыртқа теуіп жіберіпті. Сөйтіп екінші орындағы Андриас Эдмундссоннен (Фарер аралдары, 41) басып озды.
Жалпы соңғы бес ойында Черчесов шәкірттері 15 гол жіберіпті. Өздері ештеңе кіргізе алмады. Сөйтіп турнирдің антирекордын тіркеп үлгерді.
Тіпті, 2024 жылы мүлдем ресми ойында жеңіске жеткен жоқпыз. Тек наурыз айында Дубайда трансляция жасалмаған ФИФА-ның күнтізбесіне енгізілмеген матчта Тәжікстанды ғана ұтқанбыз.
Енді жеңмек тұрмақ, гол соға алмауымыз жанкүйерлердің ашуына тиді. Қазақстан бұдан да нашар жылдары Англия, Нидерланды, Германия, Португалия және Бельгия қақпаларына гол кіргізген едік. Ал қазір Словения, Аустриялардан да саңылау таба алмайтын болдық.
Ұлттар лигасындағы осы сәтсіздікке бас бапкер Станислав Черчесовтің тікелей кінәлі екенін қазақстандық мамандар мен жанкүйерлер айтып жатса, ресейлік журналистер мен сарапшылар оны қорғап әлек.
Мысалы Александр Мостовой «Гол соға алмаса оған Черчесовтың не кінәсі бар, алаңда жүрген футболшылар кінәлі» деп отыр.
Сондай-ақ Норвегиядағы масқарадан кейін спорт журналисі Дмитрий Клипин де Қазақстан құрамасының футболшыларын кінәлады.
Өздеріңіз білетін Эрлинг Холанд Станислав Черчесов жаттықтыратын Қазақстан құрамасын мазақ етті. «Манчестер Сити» шабуылшысы хет-трик жасап, Норвегияға жеңіс сыйлады. Ойынға қарасам, қазақстандық футболшылар бапкердің көзін құрту үшін осылай ойнап жатқан сияқты көрінеді. Қақпаға бірде-бір рет доп теппеген Қазақстанды Норвегия езіп жіберді. Енді олар C дивизионында ойнайды, - дейді Клипин.
Жалғыз ол емес, тағы бір журналист Александр Троицкий де Станислав Саламұлының жағында болып шықты.
Өте қорқынышты. Черчесов немесе оның кураторы тағы да шабуылда ойнап көргісі келді. Жақсы жағынан өздерің көрсетуді қалағанымен, тағы да ештеңе өңдіре алмады. Гол да, ұпай да жоқ. Сөйтіп кезекті рет ірі есеппен ұтылды. Тағы не айтуға болады? Қасым мен Әліп әзірге Холанд пен Серлотты тоқтата алатын деңгейге жеткен жоқ. Енді Ұлттар лигасын қорқынышты түс сияқты ұмытып, алдағы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіне дайындалуы тиіс. Меніңше, Черчесовті осы сәтсіздікті орнынан алып тастудың қажеті жоқ, - дейді Троицкий.
Ал бас бапкер не дейді? Ол бірнеше сылтауын айтып, өзін ақтауға тырысты. Алматыда өткен Норвегиямен кездесуден басқасының бәрінде қателік жібердік деп отыр.
Киім ауыстыратын бөлмеде жігіттер осы жағын айттым. Біз допты өзіміз жоқ жерден жоғалтамыз. Сөйтіп қақпамызға болмайтын голдар кіріп кетіп жатты. Голдың аты гол. Есеп ашылған соң, командаға қосымша мүмкіндік береді. Таразы басын теңестіруге тырысасың. Сол кезде қарымта шабуылда тағы біреуін соғып кетеді. Бүгінгідей болмашы қателіктер осы турнирде қатарынан бес матчта кездесті. команда ойнағысы келеді, оны көріп отырмыз. Сол үшін де алғысымды білдірдім. Алайда жоқ жерден жіберетін қателік барлығын жуып шайып кетіп жатыр. Келесі іріктеуде сол жағын реттеу керек. Ендігі жылы барлығын тазап, ақ парақтан бастауымыз керек. желтоқсан айында жеребе болады, соны күтеміз, - дейді Станислав Черчесов.
Ресейлік маман осы ретте былтыр Адиев Астанадағы жасанды алаңда ойнады, сосын нәтиже болды деп отыр.
Мен келгенгше мұны ешкім ойламапты. Күнтізбені де дұрыс жасамаған. Қосымша жаттығуға уақыт қарастырылмаған. Ал бұрында қосымша уақыт берілетін. Келесі жылы Астанаға ораламыз. Алматыда бізді жақсы қарсы алды. Жасанды алаң бар кезде Қазақстанның артықшылығы бар еді. Маған дейін команданың иесі болмаған. Бұл туралы ешкімнің ойына келмеген. Енді нюанстарды пысықтау үшін қосымша бірнеше күн сұрайтын өтінішті жазып қойдым. Бұл електік додада біраз жігіттер тәжірибе жинақтады. Әлібек Қасым топ-шабуылшыларға қарсы ойнап үйренді. Оң қапталдағы Сұлтанбек Астановқа да керемет тәжірибе болды. Бұйырса, келесі жылы барлығы реттелуі тиіс, - дейді бас бапкер.
Осы ретте өзі де кезінде ұлттық құрамада ойнаған, қазір бапкерлікпен айналысып жүрген Алмас Құлшынбаевтың пікірін білдік.
Қазақстан құрамасының қолынан ештеңе келмеді. Команда шашылып қалды. Бәлкім бұған ҚПЛ-дағы маусымның аяқталуы да себеп болса керек. Жігіттердің көбісі шаршаған. Басқа да факторлар бар. Құрама бұл ойынға дайын болмағандай әсер қалдырады. Ойыншылардың басым бөлігі өз клубында қосалқы құрамда отыр. Көшбасшы саналатын Айымбетов пен Зайнутдинов де өз-өздеріне ұқсамайды. Норвегия жоғары деңгейін көрсетіп, сенімді жеңіске жетті. Алаң иелері толықтай басымдыққа ие болып, допқа көбірек иелік етті. Қорытынды есеп – әділетті. Тіпті бұдан да көп гол кіруі мүмкін еді, - дейді Алмас Құлшынбаев.
Ол осы ретте бас бапкердің орнында болсам бірнеше өзгеріс істер едім дейді. Мысалы Еркін Тапалов орталық жартылай қорғаушы ретінде қоймайтынын айтты.
Еркін бұл позицияда көптен бері ойнамады. Соның салдарынан қателіктер кетті. Әлібек Қасым да бір голды өзі алып келді. Бәлкім алғашқы минуттан Исламханды шығарған дұрыс болар ма еді? Ол әйтеуір доп ұстай алады ғой. Сосын Кенжебекке мүмкіндік беру керек. Әсіресе осындай ештеңе шешпейтін ойында шыққаны дұрыс қой. Ғалымжан қаптал арқылы жүгіріп, қорғаушыларды біраз әбігерге салар еді. Дегенмен бәрі бас бапкерге белгілі ғой. Жалпы құрамаға қазіргі үздіктер жиналған, - дейді маман.
Норвегия – Қазақстан – 5:0
Голдар: Эрлинг Холланд, 23 (1:0). Эрлинг Холланд, 36 (2:0). Александер Сёрлот, 42 (3:0). Эрлинг Холланд, 71 (4:0). Антонио Нуса, 76 (5:0).
Ескертулер: Абат Айымбетов, 43. Айбар Жақсылықов, 88.
Норвегия: Эгил Селвик, Юлиан Райерсон, Стиан Грегерсен (Сондре Лангос, 73), Лео Эстигор, Маркус Педерсен (Торбьёрн Хеггем, 63), Сандер Берге, Мортен Торсбю, Антонио Нуса, Кристиан Торстведт (Патрик Берг, 63), Эрлинг Холланд (Колин Рёслер, 86), Александер Сёрлот (Йёрген Странн Ларсен, 63);
Қазақстан: Стас Покатилов, Ян Вороговский, Нұралы Әліп, Әлібек Қасым, Сұлтанбек Астанов – Асхат Тағыберген (Асхат Балтабеков, 90), Еркин Тапалов (Бауыржан Исламхан, 46), Бактиер Зайнутдинов, Ислам Чесноков (Жан Али Пайруз, 51), Максим Самородов (Эльхан Астанов, 68), Абат Айымбетов (Айбар Жақсылықов, 46);