Ұлттық қордан балаларға бөлінген ақшаны қандай мақсатта пайдалануға болады?

14 Маусым 2023, 10:26 1165

Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілерінеҚазақстан Республикасының Ұлттық қорынан балаларға төлем жасау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланып жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

2024 жылдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасын іске қосудың негізгі тетіктері әзірленді.

Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақтың айтуынша, әзірленген жобаға сәйкес Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысын жыл сайын екі мақсатта пайдалану үшін кәмелет жасына толмаған балаларға теңдей бөлу ұсынылады.

Бірінші. Тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе тұрғын үй сатып алу. Бұл мақсатта қаражатты тек Қазақстан аумағында пайдалануға рұқсат етіледі. Екінші. Білім алу. Бұл мақсатта баланың ел ішіндегі оқу орындарымен қатар шетелдік оқу орнында да оқу ақысын төлеуін шектемеу қажет деп пайымдаймыз, - деді депутат.

Бір сөзбен айтқанда, бұл кәмелетке жаңа толған қазақстандықтардың ересек өмірге қадам басқан кезінде бастапқы капиталды алуға мүмкіндік береді.

Яғни, дана бабаларымыз «Баланың өскен бесігі – дүниенің кең есігі» демекші, жас ұрпақтың дүние дидарын кеңінен тануына жол ашылады. Халқымызда «Балалы үйрек көлден кетпес, балалы жас елден кетпес» деген дана тұжырым бар. Тиісінше, Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылған, жоғалтқан не ауысқан кезде төлемдерге талап қою құқығы да жоғалады, - деді депутат.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынған еді.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: