Ұлттық музейдің 10 жылдығына орай көрме ашылды

6 Сәуір, 04:27 937

ҚР Ұлттық музейінің 10 жылдығына орай 5 сәуірде «Дала кескіндемесі: рәміздер, бояулар, бейнелер» көрмесінің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, көрме экспозициясына жалпы саны 200-ге жуық кескіндемелік шығарма қойылған. Ә.Қастеев, Ә.Ысмайылов, О.Таңсықбаев, С.Айтбаев, Ү.Әжиев, А.Ғалымбаева, Г.Ысмайылова, К.Муллашев, А.Ақанаев, Е.Төлепбай, А.Қазғұлов, А.Дүзелханов және тағы басқа көптеген қазақстандық танымал қылқалам шеберлерінің тамаша туындылары бар.

Көрме «Қазақ кескіндемесіндегі тарихи сюжеттер», «Табиғат бейнелері – алуан түрлі пейзаждық мотивтер», «Қазақстан өнеріндегі суретші әйелдер», «Қазіргі заманғы өнер – жаңа есімдер» сияқты тақырыптық аймақтарға бөлінген. Көрермен назарына үздік көркемсурет туындылары, гобелендермен қатар дәстүрлі қолөнер, зергерлік және тоқымашылық өнер бұйымдары, музыкалық аспаптар ұсынылды, - делінген мәліметте.

Экспозициядағы туындылардың басым бөлігі алғаш рет көрмеге шығарылды. Музей қорында сақталған бұл құнды жәдігерлердің бірқатарына күрделі қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

Сондай-ақ экспозицияда Бақыт Қайырбековтың «Су жолы» деректі фильмі ұсынылды. Фильмде Қазақстан табиғаты көрсетіліп, қобыз, домбыра үнімен сүйемелденеді және режиссер өлеңдері де оқылады.

«10 жылдық тарихы бар біздің мұражай бірегей қор жинады. Біздің мақсатымыз – келушілерді қазақ кескіндемесінің тарихы мен даму жолымен таныстырып қана қоймай, оның әлемдік өнердегі өзіндік орнын көрсету болды», - деді ҚР Ұлттық музейі директорының м.а. Айбек Сыдықов.

Көрме осы жылдың 31 шілдесіне дейін жалғасады.

Перизат Саденова
Бөлісу: