Мемлекеттік қолдауға үміткер киножобаларды іріктеудің бірінші кезеңіне сценарийлер мен сценарий жоспарларын қабылдау аяқталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ұлттық киноны қолдау орталығына жіберілген сценарийлер мен сценарий жоспарларының жалпы саны – 465.
2024 жылы анимациялық, деректі және ойын фильмдерінің әртүрлі санаттары бойынша біршама өтінім келіп түсті. Анимация саласында 44 өтінім берілген, оның 37-сі сараптамалық кеңестің қарауына жіберілді, ал 7-еуі қабылданбады. Деректі фильмдер санатында 70 өтінім берілді, оның 57-сі сараптама кеңесіне жіберілді, ал 13-і қабылданбады. Ойын фильмдеріне келетін болсақ, 351 өтінім түсті, оның 277-сі сараптама кеңесінің қарауына берілді, ал 74-і қабылданбады. Өтінімдердің қабылданбау себептері: өтінімдердің бір жоба бойынша бір компаниядан қайта берілуі, сценарийлер мен сценарий жоспарының болмауы, компаниядан конкурстың бір бағытына екеуден артық өтінім түсуі. Қалған өтінімдер сараптама кеңесінің қарауына жолданды», – деп мәлімдейді орталықтың баспасөз қызметі.
Конкурсқа қатысу үшін құжаттарды қабылдау 12-18 сәуір аралығында жүргізілді. Атап өту керек, 10 сәуірде Алматыда киноиндустрия өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды, сонымен қатар 8-18 сәуір аралығында үш бағыт бойынша консультациялық қолдау шаралары жүргізілді. Астана және Алматы қалаларындағы орталық кеңсесінде жеке консультациялар, телефон қоңыраулары арқылы сұрақтарға жауап берілді, әлеуметтік желіде жаңа ережеге, конкурсқа қатысты қажетті мәліметтер жарияланды.