Ұлттық экономика вице-министрі ұсталғаны рас па?

12 Сәуір 2023, 16:00 1004

Ұлттық экономика министрлігі вице-министр Ілияс Өсеровтің қамалғаны жайлы ақпаратты тексеріп жатқанын хабарлады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі де ақпаратты анықтауға уәде берген, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Ұлттық экономика вице-министрі І.Өсеров «қамауға алынды» деген ақпарат тексеріліп жатыр. Осыған байланысты ресми ақпаратты күтулеріңізді сұраймыз, - деп жауап берді ҰЭМ баспасөз қызметі.

Бұған дейін отандық БАҚ өкілдері Ілияс Өсеров аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деген күдікпен үй қамағына алынғанын хабарлаған еді. Онда Ілияс Өсеровтың 2019 жылы Алматыда коммуналдық меншік объектілерін сатып, мемлекетке 819 миллион теңге көлемінде залал келтіргені туралы айтылған болатын.  

Ілияс Өсеров 1985 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті, Тұран-Астана университетінде оқыған.  

Мансап жолын 2007 жылы «Сбербанк» АҚ әкімшісі, жетекші маманы, менеджері болып бастады. 2009-2010 жылы – ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Инвестициялық саясат департаментінде түрлі лауазымдар атқарды. 2010-2013 жылы – ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінің Инвестициялық саясат департаментінің сарапшысы, бас сарапшысы болды. 2013-2014 жылы – ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің басқарма басшысы, 2014-2015 жылы – Қаржы, ақпараттандыру және ақпараттық ресурстарды қорғау департаменті Ақпараттық қауіпсіздік басқармасының бас сарапшысы, ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының басшысы ретінде қызмет етті. 2015-2019 жылы – Алматы қаласы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары, басшысы, ал 2019 жылы Алматы қаласы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы болды. 

Айта кетейік, Ілияс Өсеров 2019 жылғы мамырдан 2022 жылғы наурызға дейін Алматы әкімінің орынбасары болып қызмет етті. Содан кейін 2022 жылғы наурызда Ұлттық экономика вице-министрі болып тағайындалған еді. 

 

Ажар Лаубаева
Бөлісу: