Ұлттық экономика министрі Алматы облысының ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді

11 Ақпан 2023, 21:30 975

Ә.Қуантыров «Ауыл – Ел бесігі» шеңберінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген жергілікті мектепті аралады

Ұлттық экономика министрі өңірге жұмыс сапары барысында Жамбыл ауданындағы Сарыбай би ауылының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

ҰЭМ басшысы ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының негізгі бағыттарына тоқталды. Онда ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту және халықтың табысын арттыруға ерекше назар аударылды.

Оның айтуынша, ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды дамытудың негізгі құралы – «Ауыл – Ел бесігі» жобасы. Бұл бағдарлама бойынша ондаған әлеуметтік нысандар бой көтеріп, жолдар жөнделіп, көшелер жарықтандырылуда.

Сол жерде Ә.Қуантыров «Ауыл – Ел бесігі» шеңберінде 648,6 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген жергілікті мектепті аралады.

Одан әрі министр Сарыбай би кентіндегі Мәдениет үйінің жай-күйімен танысты. Ғимарат 1961 жылы салынған, содан бері күрделі жөндеу көрмеген. Қолданыстағы мәдениет нысаны «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша 278 млн теңгеге күрделі жөндеуді қажет етеді.

Биыл «Ауыл – Ел бесігі» жобасы шеңберінде облыстағы 14 елді мекенде 18 жобаны жүзеге асыруға 4,5 млрд теңге бөлінді.

Сонымен қатар, ҰЭМ басшысы Мыңбаев ауылында болып, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелерімен танысты. Мұнда «Ауыл – Ел бесігі» бойынша 2020 жылы 3 жоба жүзеге асырылды: 200 млн теңгеге тұрғын үй алабын электрлендіру, 244 млн теңгеге балабақша ғимаратын қайта жаңғырту және 295 млн теңгеге көше желілерін орташа жөндеу. Мәдениет үйі де қайта жаңғыртылды.

Қазіргі уақытта ауылға су құбыры желісін қайта жаңғырту мен салу және кентшілік жолдарды жөндеу қажет.

Жұмыс сапарының соңында министр Алматы облысындағы ТМРКД-де болып, тарифтерді белгілеу бойынша тапсырмалар берді.

EL.KZ
Бөлісу: