Ұлттық банк «Сақ стиліндегі» монеталар шығарады

28 Желтоқсан 2022, 21:30 2012

Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі мәлім етті

Қазақстан Ұлттық Банкі 2022 жылғы 28 желтоқсанда кәдесый блистер жиынтығында «Сақтардың стилі» айналымдағы биколорлы монеталарын шығарады. Олар ҚҰБ интернет-дүкені арқылы сатылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Монеталарды сату күні туралы ақпарат ҚҰБ ресми сайтында қосымша орналастырылады.

«Сақтардың стилі» кәдесый блистер жиынтығында номиналы 100 теңгелік, массасы 6,45 грамм, диаметрі 24,5 мм болатын brilliant uncirculated дайындау сапасымен нибрасс/нейзильбер қорытпасынан жасалған биколорлы айналымдағы монеталардың бес түрі бар. Жаңа жиынтық 30 000 дана таралыммен шығады.

1. «Бұғы». Жалаулы қоймасы. Жетісу (біздің дәуірімізге дейінгі V-III ғғ.). Көшпенділердің дүниетанымында бұғы төменгі және жоғарғы әлемді байланыстыратын нышанға айналды

2. «Қанатты барыс». Есік қорғаны (біздің дәуірімізге дейінгі IV-III ғ. соңы). Қар барысы – ерлік пен байлықтың символы.

3. «Маска». Шілікті. Шығыс Қазақстан (біздің дәуірімізге дейінгі VIII-VII ғғ.) Онда отбасы - ошақ қасын қорғайтын үш кескіннің бейнесі: мысық тектес жыртқыш, екі арқар және ұшатын құс маскасы көрсетілген.

4. «Бұғы түріндегі алтын әшекей», Жалаулы, Жетісу (біздің дәуірімізге дейінгі V-III ғғ.). Қызыл бұғы бейнесі – молшылық пен ұрпақ жалғасының символы.

5. «Бүктетілген барыс». Талды-2. Орталық Қазақстан (біздің дәуірімізге дейінгі VII ғ.). Бүктетілген барыс фигурасындағы сақина пішіні – уақыттың ауысымдық және сыртқы әлеммен үйлесімділіктің белгісі.

Кәдесый блистер жиынтығындағы «Сақтардың стилі» монеталары – заңды төлем құралы және олар төлемнің барлық түрі бойынша қабылдануға міндетті. Яғни, тауар алғанда және белгілі бір қызмет үшін төлем құралы ретінде пайдалануға болады. Сонымен қатар бұл монеталар Қазақстан Республикасының барлық банкінде банк шоттарына есепке алу және аудару үшін қабылдануы, ұсақталуы және айырбасталуы тиіс.

Кәдесый блистер жиынтығындағы «Сақтардың стилі» монеталары Қазақстан теңге сарайында дайындалды.

EL.KZ
Бөлісу: