Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетті

31 Мамыр, 16:32 475

Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 14,50% дейін төмендету туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Банк баспасөз қызметінің мәліметінше, осы жылдың сәуірінде инфляция болжамдарға сәйкес төмендеді. Инфляцияның орнықты бөлігі баяулағаны байқалды. Бағаның жалпы динамикасына қарамастан, халықтың инфляциялық күтілімдері су тасқынына және тұрғын үй коммуналдық қызметтер (ТКҚ) реформасының жалғасуына байланысты өсті. Сыртқы инфляциялық жағдай, орталық банктердің тежеу саясаты әсеріне және әлемдік азық-түлік нарықтарындағы баға динамикасына сәйкес нейтралды қалыпта бағаланып отыр. Экономика ішіндегі проинфляциялық қысым фискалдық ынталандыру, ТКҚ реформасы, орнықты ішкі сұраныс себептерінен сақталып отыр.

Ортамерзімді келешекте 5%-дық инфляция бойынша мақсатқа жету ұзақ уақыт бойы ұстамды қатаң ақша-кредит саясатын жүргізуді қажет етеді. Инфляцияның орнықты бөлігінің тұрақты түрде баяулауы базалық мөлшерлемені бұдан әрі байыппен төмендетуге жағдай жасайды. Қазіргі ақша-кредит шарттары инфляциялық үдерістердің баяулау қарқынын бекітуге және инфляциялық күтулерді тұрақтандыруға бағытталған, – делінген банк хабарламасында.

Жылдық инфляция 2024 жылғы сәуірде 8,7%-ға дейін баяулап, болжам траекториясына сәйкес келеді. Азық-түліктің сыртқы бағасының қолайлы жағдайына байланысты инфляцияның азық-түлік компоненті бойынша елеулі түрде төмендеуі байқалады. Орнықты сұраныс пен тұтынушылық кредиттеудің жеделдеуіне қарамастан азық-түлікке жатпайтын инфляция да баяулап келеді. Ақылы қызметтер құнының өсуі ТКҚ бағасының қымбаттау әсерінен жеделдеді.

Сәуірде айлық инфляция 0,6% деңгейінде қалыптасып, жалпы алғанда орташа тарихи динамикаға (0,6%) сәйкес келеді. Маусымдық факторлар ескерілмеген және базалық инфляция көрсеткіштері екінші ай қатарынан баяулап отыр. Бұл азық-түлік тауарлары бағасының мейлінше төмен өсуіне байланысты. Ал ТБИ-дің азық-түлікке жатпайтын және сервистік компоненттері нысаналы мәннен жоғары болып қалып отыр. Инфляциялық күтілімдер екі ай төмендегеннен кейін өсті. Респонденттердің пікірінше, бұл су тасқыны жағдайынан тамақ өнімдері бағасының өзгеруіне және ТКҚ реформасының жалғасуына байланысты. Бұл орайда қаржы нарығының кәсіби қатысушылары мен кәсіпорындардың инфляциялық күтулері мейлінше тұрақты болып, инфляцияның төмендеу траекториясына және дайын өнім бағасының баяулауына сәйкес өзгеруде, – делінген хабарламада.

Сыртқы инфляциялық жағдай нейтралды қалпында бағаланады. Өсімдік майларын қоспағанда, азық-түліктің барлық түрінің әлемдік бағасы жылдық мәнде төмендеп келеді. Сыртқы ақша-кредит шарттары қатаң болып қалуда: ФРЖ да, ЕОБ да әзірге монетарлық шарттарды жеңілдетуге көшкен жоқ және мөлшерлемелерді шектеуші деңгейде ұстап отыр. Қысқамерзімді келешекте Ресей тарапынан сыртқы инфляциялық қысымның біршама күшеюі байқалады. Алайда, Ресей Федерациясы Орталық банкінің қатаң ақша-кредит шарттарын сақтау бойынша ұстанымын ескере отырып, 2025 жылдың соңына қарай мақсатқа оралады деп күтіледі.

2024 жылға Қазақстан экономикасының өсу болжамы 3,5-4,5% деңгейінде сақталды. Экономиканың өсуі фискалдық ынталандыруға байланысты тұтынушылық кредиттеудің ұлғаюы, шикізаттық емес сектордағы инвестициялық белсенділіктің артуы және халықтың нақты табысының өсуі есебінен қамтамасыз етіледі. Салықтардың жиналу динамикасы мен бюджеттің мұнайға жатпайтын тапшылығының нақты динамикасы ынталандырушы фискалдық саясат тренді сақталғанын көрсетеді. 2025 және 2026 жылдарға арналған болжамдар қайта қаралды. Бұл ТШО-ны кеңейту жобасын іске қосу мерзімін 2025 жылдың екінші жартыжылдығына ауыстыруға байланысты. 2025 жылға күтілімд 4,8-5,8%-ға дейін төмендетіліп, 2026 жылы 4,9-5,9%-ға дейін ұлғайтылды.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: