Ұлттық көсемсөз мектебіндегі реализм

16 Қыркүйек 2017, 16:16 2275

Мәселелердің баспасөз бетінде көрініс табуы

Ата Заңымызда жазылған «орыс тілі ұлтаралық қарым-қатынас тілі болып табылады» дегеннің өзі Қазақстанның өзіне ғана тән дүние емес пе? Әйтпесе, қайсы мемлекет «мемлекеттік тіл...» деп жазылғаннан кейін басқа тілге «артықшылық» жасаған? Әрине,бұл – Қазақстанның басқаға ұқсамас геосаяси ахуалына байланысты жасалған тірлік. Ал енді келіп, екінші мемлекеттік тіл ретінде орыс тілін қабылдауға жағдай жасасақ, бірінші мемлекеттік тілдің әдіра қалатыны даусыз.

Соңғы кездері ресейлік басылымдардың көпшілігі,оған кейбір солшыл бағыттағы қазақстандық басылымдар қосылып, Қазақстандағы «орыстілділер» мәселесіне ауық-ауық айналып соғуда. Олар, «орыстілділер» деп айқай сала отырып, басқа ұлт өкілдеріне «қамқоршы» болғансып, «орыс халқының мәселесін» шешкісі келеді. Қазақстанда байбалам салатындай «орыс мәселесі» бар ма,жоқ па – оған мән беріп жатқан оларды көрмейсіз. Тек, әйтеуір республика жұртшылығын екіге бөліп, жіктеу үшін күрес жүргізуде. Өздері қозғап жүрген «жергілікті халық» пен «орыстілділер» – осы концепцияның түпқазығы. Аталмыш термин, егер оны термин дейтін болсақ,күнделікті шынайы өмірлік принципке  айнала ма,жоқ па,оны кім білсін?!

Әдетте, жымысқы ой,жәдігөй тірлік иелері хал-қадырынша өздерінің өн бойындағы қасиеттерді көршілеріне жұқтыруға тырысады. Жұртты жетегіне ерту дегеніңіз – осы. Әйтпесе,өзінің басқа ұлттың өкілі екенін біле тұра қарсылық білдірмеу «орыстілділер мәселесін» қорғайтындар үшін құба-құп. «Үнсіздік – келіскендік белгісі» деп ұғады олар. Ал сол үнсіз қалғандар құйтырқы әрекеттің қайда апарып соқтыратынына көз жіберсе ғой. Ұлт ынтымақтастығы әділетті аяққа басуға ұлтаралық қарым-қатынасты шиеленістіруге тыйым салудан басталады емес пе? Әрине, бұл жерде қазақ халқының өзіндік орны болатыны сөзсіз. Әйтсе де,бір жердің уын ішіп,нанын жеп отырған отандастарға бөлінушілікке қарсы тұру – әрбір қазақстандықтардың міндеті.

Қазақстанда екінші мемлекеттік тіл болуы керек пе? 

Қабылданғанына бір жылдан жаңа асқан Ата Заңды парақтап отырмын. Бір жыл қаңтар айының 28-інде ғана толды. Соған қарамай, Ата Заңға «түзету» енгізгісі келетіндерде шығып жатыр. Сан ай бойы халықтың талқысына салынып, пікірталас барысында түбегейлі қабылданғаны оларды ойландырмайды. Шетелдік сарапшылардың, оның ішінде әлемдегі ең өркениетті, демократиялық ел – АҚШ-тың сарапшыларының сынынан сүрінбей өткен Ата Заңға араға жыл салмай жатып «ескіретіндей» не болды? Басқа басқа, басты заңымызға жыл сайын өзгерту жасай берсек,қадір тұтқан киемізден қасиет кетпей ме? Бұл жағынан өркениетті, озық ойлы ел – АҚШ-тан үйренеріміз көп-ақ.Осыдан екі жарым ғасыр бұрын қабылданған Конститутциясына осыншама уақыт өтсе де үтір,нүктесін өзгертпепті ғой, шіркіндер! Ал біз ше, біз?.. Сансыз сауалдар.

Біз жоғарыда айтқан «екінші мемлекеттік тілге» деген талпыныс бір-ақ жағдайда болатыны түсінікті.Ол – өзге тілдердің қолданыс аясының тарылуы немесе басқа тілге деген қысым мен шектеу болғанда ғана. Құдайға шүкір,орыс тілі бүгінде қысым көріп отыр деп айтуға ауыз бармайды. Оған қоса мемлекеттік тілді үйрену барысында ешқандай қысым жасалып отырған жоқ. Мемлекеттік тілді білмейтіндер лауазымды қызметке алынбасын деген де сөз болған емес.Ата Заңымызда Президент пен Жоғарғы Кеңес Төрағасы ғана «мемлекеттік тілді меңгерген» адамдар болады делінген.Бірақ онда міндетті түрде қазақ болады деп жазылмаған, тек мемлекеттік тілді игергендер ғана. Және мемлекеттік тілді үйрену үшін азды-көпті шаралар жасалып жатыр. Түк істелмей жатыр деп ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Қазақ орыс тіліндегі тілашарлар,сөздіктер,қысқа мерзімді курстарға арналған оқулықтар шығарылуда.Сондықтан, «мүлдем жоқ» деп байбалам салудың реті келмейді. Сол тәрізді мемлекеттік тілді үйренемін деп ықылас білдірушілерге міндетті түрде лингофон кабинеті керек емес те шығар?! Мәселе тілді үйренуге деген құлықтың жоқтығында, әйтпесе ешкім де орыс тілін үйренетін кезде лингфондық кабинет талап еткен жоқ қой. Ал, енді қазақ тілін игеру содан қиын болып па?

Бір жағынан мемлекеттік тіл мәртебесіне деген сыни көзқарастың көбеюі өзімізге байланысты деген ой еріксіз келеді. Өйткені,соңғы кезде қазақ тілінің маңдайына мемлекеттік мәртебені қимайтындар арасында өз бауырларымыз да көптеп кездеседі. Олар баяғы ана тілінен мақұрым қалған қырық проценттің жұрнағы.Ондайлар туған халқының тілін білмегенін рухыма сын екен,оны үйренейін демейді.Керісінше, оны қолдану кеңістігі тар,әрі мемлекеттік тіл деңгейіне көтерілуге ертерек  деп көлгірсиді.Өзге емес, өз туысқаның осылай деп тұрса,басқаға қандай базына айтарсың? Егер қазақ тілі мемлекеттік дәрежеде қолдануға әлі ерте дейтін болсақ,ертең кеш болуы әбден ықтимал.Қайсы тіл болмаса да,мемлекеттік деңгейде бірден қолданылмаған шығар?! Оның өзіндік өсу жолы болатыны сөзсіз. Сондықтан қазақ тіліне де аз-кем кедергі болғанымен, барған сайын оның қолдану аясы кеңейе түсетініне күмән келтіруге болмайды.Тек ол үшін базыбіреулердің ана тіліне, қазақ рухына деген солақай көзқарастан арылуы қажет-ақ. Қазақтың қасиеттеп,қастерлеген киесінің бірі – ана тілі. Ал киені аяқасты еткендер,яғни қадіріне жетпегендер, оның киепетінеұшырайды деп тегін айтпаған болар бабаларымыз. Ендеше, туған тіліміз төңірегінде басқа емес,ең алдымен қазақпын деген,көкірегі көреген,санасы ояу әрбір жанның өзіндік ой-толғамы болғаны жөн. Ол ой-толғам қалай да қазақ тілін өресі озық тілдердің қатарынан орын алуы үшін күресуге қызмет етуі тиіс.

Тағы бір мысал. «Жас алаш» газетінде «Құлаққағыс» айдарымен жарияланған «Бұл қай мазақ?» атты мақала көзге оттай басылды. Мұнда автор Зейнел Жекейұлы тәуелсіздік алған жылдары ұлттық мерекені ұлықтай алмай жүргенде, мазаққа айналдырған бәзбір суретшінің «туындысын» сын тезіне алады. Бір бейтаныс суретшінің ер адамды есекке мінгестіріп, «Наурыз мейрамы» деп ашық хат жасағанына ашынған журналист оның астарына үңілгісі келеді.

«Қазақ халқының сағындырып жеткен, енді ғана қауышқан мерекесі – Наурыз мейрамы. Сондықтан болар қалада да, қырда да ең соңғы асына шейін дастарқанына төгіп, ерекше қуаныш құшағында болады. Көл-көсір ықылас, ниет қазақ халқының айнымас мінезі. Ал мына суретке бір сәт назар салсаңызшы. Қазір астанадағы газет сататын дүңгіршіктерде мұндай суреттер қаптап кетті. Суретке қараған сәтте жаныңыз құлазып сала береді. Халықтың ұлы мерекесі – Наурыз мейрамын насихаттаған түрі осы. Жаман есекке жарбиып мініп алған әңгүдік. Басқаша айту мүмкін емес. Аяғындағы резеңке кебісті қараңыз. Балақты қайырып алып «еңіретіп» келеді. Екі қолын ербитіп, өзімен-өзі мәз», – дейді ол.

Шынында да, автордың жанайқайын түсінуге болады. Сол суретті газет бетінен біз де көрдік те, ызаға булықтық. Ал егер бұл сорақылыққа сол тәуелсіздік алған жылдары куә болсақ, дәл автор сияқты ой түйген болар едік. Есекті, үстіндегі адамды салыстырыңыз. Екі аяғы жер тірейді. Достық әзіл (шарж) деуге де аузың бармайды. «Наурыз мейрамы» деген жазудағы қаріптер өте ауыр. Суретпен үндеспейді. Жеңіл, мерекелік көңіл-күйді беретін «суретпен» үндесетін қаріптеп сұранып-ақ тұр. Қарпі бар болсын, «құтты болсын!» деген сөзді қимаған ба? Мүмкін, мерекеге асығып жүріп, «ұмытып» кеткен болар. Той алдында ұмытшақтық бола береді...» деп өзін-өзі жұбатады автор.

Қазақтың өмір бойы қайғысы мен қуанышы домбырамен еншілес. Кеудедегі тасқын атқан шаттығы қоңыр шанақтан күй болып ақтарылып, ән болып төгіліп келеді. Сондықтан домбыраға төрінен орын берген. Ал әлгі суретте қасиетті аспапты мүгедек еткен. Қожанасырдың есегіне байланысты аңыздарды естіген осындай суретші сымақтар қазақты жарбита есекке мінгізіп, екі аяғын салақтатып, есірік қып салуды әдетке айналдырып барады. Мүмкін, мереке қарсаңында қалжыңдағысы келген шығар. Бірақ тұтас халық нағашымыз емес қой. «Әзіл айтсаң, әділ айт» деген қазақтың мақалы бар емес пе?!

«Ақ сақалы, қара сақалы, атақты, атақсызы бар өз ұлтымыздың талай талантты перзенті өз ортамызда. Айналайындар-ау, осындай ұлттық ұлы мерекеге арнап, мейрамхатты бар ұлттың бояуымен, сән-салтанатымен неге салмайсыңдар дейсің күйіне. Ол ұлттың салт-дәстүрін білмей салса, бір жөн ғой. Е-е, ақшаның соңына түскен бір халтурщик қой дейсің. Ал әдейі салса ше?!

Ал, «Азат» газетінің 1992 жылғы ақпандағы №2 санында  саясаттанушы Дос Көшімнің «Тоқсан бірінші жылдың қара сөздері» атты оқшау пікірінде: «Төмендегі ойларды қандай жанрға жатқызатынымды өзім де білмеймін, бірақ олардың бәрі – баз біреулердің айтып жүрген әңгімесі емес, өмірден алынған шындық. Қоғамның көлеңкелі жақтарын теріп алып, жеріне жеткізе терең талдауды да мақсат етіп қойғаным жоқ, себебі біреу-ақ, әр ойдың жауабынан сұрағы көп...

Бірінші сөз, Ел басшылары мен қарапайым бастықтар туралы. Заң көп те, жаңалық жоқ. Соңғы жалдарда өмірге жүздеген жаңа заң келді, бірақ бәрі де тақырға сепкен дән сияқты өнімін бере алмады. Себебі неде? Бесененден белгілі, егер заңды тудыратын қоғамдық, әлеуметтік, экономикалық алғы шарттар пісіп- жетілмес, заң «өлі туған» нәресте болып есептеледі. Бұл жағынан біздің заңгерлерге тағар кінәміз жоқ, өмірдің өз талабынан туған мәселелерді соңғы демі шыққалы тұрған тоторитарлық мемлекет тұрғсынан болсын, әйтеуір шешуге талаптану байқалады. Ал халықтың тұрмысы күннен-күнге нашарлап, экономика құлдырап, саяси жағдай шиеленісіп барады. Неліктен?

Бірінші кілтипан сол заңдарды жүзеге асыратын тетіктерді ұстап отырған, оны қоғам игілігіне айналдыратын, күнделікті тұрмысымызға араластыратын адамдар да сияқты. Жоғары Кеңес қандай бір солқылдақ, екі ұшты, кертартпа заң қабылдамасын, жаңа бағыт, демократия нышаны, міндетті түрде,кездеседі. Ал бұл белгілер жаңағы тетіктің иелері – әкімшілік апараты үшін жеті басты аждаһамен бірдей. Қандай адам өзі отырған бұтағын өзі кеседі? Демократия мен біздің мемлекеттік басқару құрылымы ешқашан бірге өмір сүре алмайды. Сондықтан да жоғарыда айтып өткен заң қағаз жүзінде қала береді. Әкімшілік апараттары неше түрлі айлышарғымен, бюрократиялық тосқаылмен қажетті заңдарды іске қостырмайды.

Президент маңындағылардың көпшілігі – бізді осы жағдайға, жоқшылық пен бейшаралыққа алып келгендер. Олардың әрқайсысының костюмының жағасында «Аралды құртқаны үшін», «Желтоқсан жасауылы», «Қазақ тіліне қарсы күресуші», т.б белгілері бар.  Креслоға тек құлқыны үшін келіп, өз өмірі мен әлеуметтік тобының жағдайын жақсарту үшін  еңбек еткендер бүгін халық үшін тер төгеді дегенге кім сенеді? Мойындауымыз керек, біздің әкімшілік апараттары жаңарған жоқ, ол тек ауыстырылды.

Әкімшілік-әміршілік жүйе тек қана сол апараттың тәрбиесін көргендерге сүйенеді. Әрине, соңғы уақыттарда басшылық орындарға жаңа адамдар, жастар келе бастады; бірақ оған қарап та алдануға болмайды – аппараттың өзі кіндігін кесіп, тұсауын үзіп, қолтығынан демеп атқа отырғызған жандардың жаңаша ойлауы киын ақ. Тоқырау кезінде кабинетіме  келген адамдардың аузын ашырмай, балағаттап қуып шығатын тоңмойын, дүлей, топас бастықтың орнына зиялы, мәдениетті, ақылды, бірақ өз басының қамын бұрынғылардан кем ойлайтын қулар келе бастады.

Біздің әкімшілдік жүйенің ең «тамаша» жері – жауапкершіліктің жоқтығы. Әрине, олар талай «кілемге шақырылып», түрлі жаза алып жатады. Ал халық алдында, не сайлаушылар алдында жауап беру – біздің қоғамға мүлдем жат құбылыс. Сондықтан бізде қылмыс бар да – қылмыскер жоқ. Аралды құрдымға айландырып, миллиондаған жандарды өлімге байлаған  адамдардың біреуін көрдің бе? Желтоқсанда қаншама жазықсыз жандар жазаға тартылды, ал жастарға өтірік айып тартқан не бір тергеуші, не бір сот жауап бердіме? Ал біздің республиканың астанасын Төтенше комитеттің (ТЖМК) сойылын соққандар әлі де басқарып отыр, біреудің диссертациясын көшіріп доктор атанған адам студенттерге дәріс беруде, қазақ қыздарын итке талатқандар әлі де тәртіп сақтау орнында жұмыс істеп жүр...

Енді ғана өңсесін көтеріп келе жатқан жүйе тағы әлсіреп, аппараттық ауру асқына түсті. Кеше ғана бар күш-жігерін партияның идеологиясы үшін берген, жанның ертеңіне (партияның кеудесінде әлі де жаны барда) барлық идеямен қош айтысып, министірдің креслосына отыруы да тек біздің елде болатын оқиға.

Біз заңнан қорқамыз,ал басқа елдер заңды арқа тұтады!

Біз заңнан қорқамыз, ал басқа елдер заңды арқа тұтады, қағаз бетіндегі барлық жандарға бірдей баптарды екіге бөліп қойған. Совхозға келген қойшы мен директор бір кезекке тұрып, бірнеше жылдан соң, бірге үй алады ма?

Соңғы кездерде азаматтардың көзі ашыла бастағанын байқаған билеуші топ заңды өз пайдасына жарата бастады. Асқаровтың ісін алайық... Ең ұяты – Қайрат Рұсқұлбековті дәл Асқаров сияқты ешкім жанталаса қорғаған жоқ. Ал Фариза апамыз қыршын кеткен Қайратқа арнамаған өлең-жырын Асқаровқа арнап, оқырмандарды жерге қаратты.

Тоторитарлық жүйенің үлкен ауруларының бірі – «беделге» күле отырып, мазақтап анекдотқа қоса отырып, соның айтқандарын орындау. Кім жоғары тұрса- соның айтқаны да «биік шындық». Совхоздың басшысының сөзінен көрі, аудан басшысының айтқаны алтын, ал мемлекет басшысының қателесуі, мүмкін деген күпірлік еш пенденің басына келмеуі керек!

«Басқаша ойлаған» адамдарды қудалау – тоторитарлық қоғамның әлі де жойыла қоймаған бір белгісі. Домакратия келді екен деп ауыздарыңды ашып қалмаңдар, теледидар мен радио, газет  беттері «басқаша сөзді» шығармау жолында әлі де қызмет етіп келеді. Басқа көзқарастық пайда болуының өзі мемлекеттік аппарат үшін кешірілмес күнә болып табылады. Қонаевтың уақытында лның қанатты сөздері жоқ кітап жарық көрмегенін бәріміз білеміз, ал қазір Назарбаевтың «терең ойлы сөздеріне» тамсанудамыз. Келесі кезек кімдікі екен?

Осыдан келіп, біздің коғамымызда нағыз саяси беделге ие қоғам қайраткері бар дегенге сеңгіз де келмейді. Себебі оның жүйрік ойын салыстырып көретін басқа пікір жоқ. Ал онымен тең жағдай да, ашық айтысын, таластырып жан болмаса, жалғыз жүгіріп бірінші орын алғанан кімге пайда, кімге зиян. Қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікке негізделген мүмкіншілік теңдігі ғана кімнің дарын екенін анықтап береді. Ал біздің қоғамда дарын мен беделдің оның отырған оны мен қызметі ғана анықтайды. Биліктің деңгейі – дебелдің көрсеткіші. Оның сол орынға қалай көтерілгені есепке де алынбайды. Біздің жүйенің ішкі заңы бойыншы жоғарғы орындар томенгі жаққа қарағанда ақылды да әділ, демек кімді қайда отырғызатыны да бізден жақсы біледі.

...Қоғамды мемлекет алдында қорғап шығатын жандардың көпшілігі «еркін»ойлайтын әлеуметтік топтың өкілдері болып келеді. Бірақ оларды да біріктіріп, жүйенің қызметшісі етіп  қоятын тамаша жазушы,ақын,суретшілер де бәрі де бейшара дарын иелері, бірақ азамат емес...

 Баспасөздің де негізгі қызметі – мемлекет билігіне қызмет ету. Сондықтан болар, ақпарат хабарларында жоғары бедел иесі мақтау мен мадақтау, егер оған шамалары келсе (мақтау да өнер!),тамсану бар.  Демек ең әділ,ең ақылды, ең... ең... болу үшін ең биік мансап, кең билік керек...».

«Осыдан  төрт жарым-бес жыл бұрын қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілу мәселесі, тіл қоғамдарын құру жайы көтерілген кезде мұның өзі бір арнаға тоғысқан тасқын судай арындап, қазақ тілінің мемлекеттік тіл болуына небір қарсылықтарды да басып тастағаны есімізде. Бірер аптаның ішінде барлық облыстарда тіл қоғамдары құрылып, қазақ тілін оқып-үйрену керемет үрдіске айналған. Тіл үйренуші топтардың жүйелі сабақтарын былай қойғанда кинотеатрлардағы жарнамалардың қазақша жазылып, автобустарда аялдамалардың қазақша хабарлана бастағанын мәз бола қабылдамап па едік. Бөркімізді аспанға атып, тіл мәселесі түбегейлі шешіліп қалғандай  желпіндік-ау. Ал бұл мәселенің үздіксіз шешілу үстінде болу қажеттігін ескермедік.Содан кейбір лауазымды үлкен басшылардан бастап мемлекеттік тілдің  мүмкіндігіне күмән келтірушілер шықты,кейбір белсенділер саяси ұпай жинау үшін мемлекеттік екі тіл дегенді шығарды. Осыны пайдаланып «орыс тілді халық шеттеуге түсіп жатыр» деген желеумен солтүстіктегі көршіміз Қазақстанның ішкі ісіне қол салудан тайынбайтынын да көрсетті.

Қазақ тілінің мелекеттік мәртебесін арттыру,оны қандай да болсын тәлкекке ұрындырмау мемлекеттік тілімізді шын мәніндегі  мемлекеттік тілге айналдыруға байланысты болмақ.Егер өзге дүние Қазақстанды мемлекет ретінде танитын болса оны мемлекеттік тілімен бірге танығаны жөн. Ал, бұл үшін қазірдің өзінде кейбір мемлекеттер қазақ тілін  білетін аудармашыларын даярлап жатыр. Өкінішке қарай, Қазақстанның өзінде бұл мәселе үрдіске айналмауда. Егер бізде дүние жүзінің барлық негізгі тілдері қазақ тіліне ілеспе аударма жүзеге асырылса, адам құқығына байланысты мәслихатта «Қазақ тілі» қоғамының екінші басшысына орыс тілінде сөйлемедің деген айып тағылмас еді» делінеді «Тіл тағдырын тәлкек ету қайдан шықты?» атты мақалада.

«Тілін қорғай алмаса, Тәуелсіздіктен не пайда!»

1Моңғолиядан Қазақстанға көшіп, аз қазақтың болашағы үшін тәуекел деп көз жұмып, «күртік қарды омбылап» жол бастаған алғашқы жүздің бірі едім. Іздеп келгенім – он тоқты, бір торпақ, бір қап ұнемес, қазақ тілі, қазақ ділі, қазақ рухы екені бір құдайға хақ.

Іздемегенім іздетпей табылды. Жұмыс та, баспана да, ақша да, мал да. Үйді қазақ азаматы берді. Жұмысты – орыс бастық, ақшаны – татар жігіті, мал-пұлды – ферма меңгерушісі неміс шалы.

Қазақстан елдігін көрсетті – ел екен, кеңдігін көрсетті – кең екен. Бәріне де зор рахмет!

Әттең, әдейі іздеп келгенім – тілім, дінім, ділім ұстатар емес. Қазақты қазақ етер үш тірек құйрығын бұлаңдатқан үш түлкі боп қашып жүр. Халқымыз: «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» деп бекер айтпаған. Атамекенге көшіп келген әр қазақтың қабағында кірбің болса, әсте нарықтан тарыққаннан емес, ардақтап алып келген ана тілі өз елінде өгей боп, орысшаға тілі келмей жаны қиналғанынан шығар. Осынау бір қазаққа емес, бар қазаққа ортақ наланы көпке жеткізу үшін қолыма қалам алдым. Өйткені бүтін дүниедегі исі қазақты қазақ етіп тұрған қасиетті қазақ тілі тағдырының шешілер «қайталанбастарихи сәтіне таяп келеді. Бүгінгі қазақ тілі – шөлде бір тамшы суға зар боп, есеңгіреп жатқан «Сарықазақтағы» Көкдөнен іспетті. Иесі тауып ап бір торсық су берген Көкдөнен де тіріліп кетпеді ме? Иә, асырып айтпай, айғай шығару емес, қазақ тілі өлім аузынан қалды. Мұндай кезде өзін алашпын деп есептейтін әрбір азамат арашаға тұруға міндетті емес пе? Өз туған анасын кім қорғамайды? Өйткені, бұл бір өлсе қайта тірілмейтін тірі құдірет қой. Елтаңба мен Әнұран ұнамсыз болса, қайта жаңартуға, елді бастай алмаса Елтөре мен елшілерді де қайта сайлауға болады. Ал ана тілін қайта туғызу мүмкін емес. Осының бәрін білгірліктен емес, бастан кешіп, ащы-тұщысын татқан соң айтып отырмыз. Моңғолияда тұрып жатқан 150 мың қазаққа сол жақтағы үкімет тарапынан көптеген қамқорлықтар жасалғаны рас. Ана тілінде ондаған орта мектептер, қазақша басылымдар, ұлттық радио мен театр, мәдениет сарайлары болды. Қазақстанның барлық қазақша басылымдарын алдырып оқып, ондаған жылдар бойы рухани азық еттік. Әрине, мұның бәрі де шетелдегі үркердей аз ұлтты мүлде жойылып кетуден сақтағаны шындық.

Коммунистік қызыл империяның шеңгелінен шығу үшін Моңғолия дүр сілкінді. Мәскеудің ымымен жүретін «қуыршақ» бастықтар биліктен түсіп, орнын босатты. Үкімет басына демократиялық жүйе орнады. Біртұтас Моңғолияда бір ғана мемлекеттік тіл болсын деу өз ұлтының болашағын және жерінің бүтіндігін ойлағандық екен. Әйтпесе, жерінің үлкен бір бөлігін иеленіп, сонда жүз жылдан астам уақыт өмір сүріп, елдігі мен экономикасына елеулі үлес қосып отырған халықтың тілегін орындай салуға олардың жомарттығы жетер еді. Бұл оқиға кез келген мемлекет азаматтығын берсе де, ешкімге тіл мемлекеттігін ешқашан бермейтіндігін көрсетті. Иә, Қазақ тілі мәртебені  Қытайдан да, Моңғолиядан да, Ауғанстаннан да алтын берсе де, сұрап ала алмайды. Қазақ тілі – тек Қазақстан деп аталатын төл топырағында ғана салтанат құруға хақылы екен. Біз Қазақстанға осы сенім, осы арманмен келген едік. Қазақ тілі ауылдық жерде ғана бас сауғалап, жер басып жүр екен. Орталыққа таяғын сайын тіл құнары сұйыла түседі. Қазақ тілі кеңселерде босағадағы қайыршының күйін кешеді екен». Бұл елге сонау тәуелсіздік алған жылдары көшіп келген қандасымыз Абай Мауқараұлының ашынғаннан жазған мақаласы.

 «Ана тілі» газетінің 1993 жылы 14 қаңтардағы №2 санында жарық көрген мақалалар да сыншыл реализммен сабақтасып жатыр. «Тарих қатесі тағы қайталана ма?» атты мақала тіл тағдырына арналған. Бір айта кетерлігі, сол жылдары жарияланған мақаланың дені мемлекеттік тілдің жайын қозғайды. «Жалтақтаудың жөні жоқ» (Авторы Г.Мінтайқызы, «Ана тілі», №4, 28 қаңтар, 1993), «Бұрынғы тіл заңының заманы өтті» (авторы Ә.Қайдар, «Ана тілі», №7, 18 ақпан, 1993), «Көршіміздің көздегені не?» (авторы Қ.Қайсенов «Ана тілі», №6, 10 ақпан, 1994), «Қазақстан бодан болу үшін жаралған ба?» (авторы Н.Ақыш, «Ана тілі», №3, 18 қаңтар 1996), т.б. мақалалар сынға, мәселеге құрылған. Әсіресе, публицист Марат Қабанбайдың қалам тербеген тақырыптары оқырман көңіліне жол тауып, ықыласына бөленгені белгілі. Оның «Сауда жасай алмасаң, саудаң бітеді, халқым!», «Қараңғыда қара мысық ұстатпайды», «Алауыздық кімге керек және ол қайда апарады?» атты 1996 жылдары нөмер құрғатпай жазған зерттеу мақалаларының астарында сыншыл реализм бар.

Ал белгілі жазушы, публицистер Шерхан Мұртаза мен Камал Смайыловтың «Егемен Қазақстан» газетінде жазысқан әңгіме-хаттары тәуелсіздік жолына жаңа түскен еліміздің бүгінгі және ертеңгі тағдыр-талайын әр қырынан сөз еткен, күнделікті өміріміздегі өзекті мәселені оқырман алдына бар шындығымен шығара білген, өткірлігімен жұртшылық құлағын елеңдеткен айтулы оқиға болды. «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деп Абай атамыз айтпақшы, ағалар сөзін ұға білген құлақ жерде қалдырмауы күмәнсіз. Бұл 1998 жылы «Елім саған айтам, Елбасы сен де тыңда» атты деген кітап болып жарық көрген-ді.

Дана Мәулен
Бөлісу: